Главная » Файлы » Қазақстан » Қазақша ертегілер [ Добавить материал ]

Алтын Сақа - Қазақша ертегі
01.01.2014, 11:20

Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі аса бай саланың бірі – балалар ертегілері. Біз бұл арада «бай» деп оның тек санын ғана меңзеп отырған жоқпыз. Бәрінен де маңыздысы қазақ балалар ертегілері өзінің ұшқыр фантазиясымен де, қызықты оқиғасымен де, көркем поэтикасымен де жас жеткіншектердің жанын өзіне тез-ақ баурап алады. Тек баурап алумен немесе жай ғана қызықтырумен ғана шектелмей, жас баланы болашақта ержүрек батыр, қайтпас қайсар, ел қорғаны болуға баулиды. Сондай ертегілердің бірі – «Алтын сақа».

Бұл  ертегінің де бас қаһарманы, идеялық нысанасы – халықтың арман-мұраты. Мұнда да халықтың аңсары ертегінің басты арқауы. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала, жалғыз бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі – халық арманынан әр кезде туған  идеал кейіпкерлер. «Алтын сақадағы» бала сондай кейіпкер. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Бала жұртта қалып қойған (дұрысы әкесі әдейі қалдырған) алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір (бірде жалмауыз кемпір деп те айтылады) тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Бұл ертегіде де сайыста кейіпкер өз күшімен емес, керемет достарының (астындағы аты, түлкі, қарлығаш, иттері…) арқасында жеңуі – батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылықтарына жақындау.

Қазақ балалар ертегілерінің басты ерекшелігі есте жоқ ерте  заманда туып, ежелгі дәуір құбылыстарын сақтап келсе де, олардың бәрі біріншіден, халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, ғұрып-әдет бәрі де халықтың эстетикалық рухына сай түзіледі. Екіншіден, ертегілердің бәрі дерлік бас кейіпкерлерін қиын да күрделі, азапты да аянышты кешулерге сала отырып, балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баулиды. Мәселен «Алтын сақада» сол сақасын алуға барған баланың ерлігінің арқасында оның ата-анасы ғана емес, тұтас туған елі жалмауыз кемпірдің қорлық-зорлығынан азат болады.

Табиғаттың дүлей мінезі қалай толастамаса, өмірде әділетсіздік, жауыздық, қаскөйліктер де ешқашан ақырласпақ емес. Ондай пендеуи жаманшылықтың бәрін қазақ халқы ертегілерде жезтырнақ, дәу, жалмауыз кемпір, дию т.б. образдар арқылы бейнелей отырып, онымен өліспей-беріспей күрескен адамды түбінде жеңіске жеткізеді. Тіпті жеңе алмай бара жатқан күнде жан-жануарлардың өзі де аққа жақ болады. Яғни хайуан екеш хайуанның өзі  әділетсіздікке қарсы, жауыздыққа қас.

Д.Мәсімхан

Категория: Қазақша ертегілер | Добавил: admin
Просмотров: 2161 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar