Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы
20.03.2013, 16:09

Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы

Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы 1921 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында туылған. Орта мектепті тәмамдаған соң Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың желтоқсан айында институттың екінші курсынан өз еркімен 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанады. Сөйтіп танкіге қарсы қарулар тобының командирі бола жүріп, Ржев, Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатысқан. 1944 жылы үшінші рет ауыр жарақат алуына байланысты Қарулы күштер құрамынан босатылады.

Ұлы Отан соғысындағы қантөгістерде танытқан ерліктері үшін тоғыз жауынгерлік төсбелгілермен марапатталған. Солардың ішінде: екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі ордендерімен, Ресейдің «Великая Победа» орденімен, «Ерлігі үшін», «За отличие в охране госграницы СССР», «За победу над Германией», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерен еңбегі үшін» медальдары бар.

Алматыға оралған соң Түркістан-Сібір темір жолының Алматы бөлімшесінде басшы болып еңбек жолын бастаған. 1950 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Сауда министрлігінің Жоғарғы сауда мектебіне оқуға жіберіліп, 1953 жылы оны бітіргеннен кейін ҚазССР-нің Сауда министрлігінің Өндірістік тауарлар басқармасының бастығы болып қызметке тағайындалады. 1954 жылы КСРО-ның Бас универмагының Алматы орталық универмагының директорлығына жолданады. Осы 1954 жылы күзде Алматы қалалық партконференциясында Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, жоспарлау-қаражат және сауда органдарының бөлім меңгерушісі болып бекітіледі. 1959 жылы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1960 - 1962 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының ОК-де бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1962 жылы Қазақ ССР-нің Сауда министрі болып, ал, 1970 жылы – Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, онда 14 жыл қызмет атқарған. Бірнеше мәрте Қазақстан КП ОК-нің мүшесі және Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Алматы қалалық партия комитетінде қызметте жүріп, аудандық партия комитетінің хатшысы, ҚКП ОК-де бөлім меңгерушісі, Сауда министрі және ҚазССР МК төрағасының орынбасары болып қызметтерін атқара жүріп, тұрақты сауданы дамытумен айналысты.

Сұлтан Сүлейменұлының бастамасымен және оның тікелей қатысуымен Орталық универмагты қоса алғанда, Көктөбедегі «Ауыл» мейрамханасы, мәдениет және демалыс паркіндегі аралшадағы мейрамхана, 28 Гвардияшыл Панфиловшылар паркіндегі «Жұлдыз» мейрамханасы, Абылай хан даңғылы бойындағы «Алматы» үлкен мейрамханасы, сауда құрылғылары зауыты, «Самал», «Жайлау» мейрамханалары, «Тұлпар» автобөлшектер дүкені, «Маталар дүкені», ірі-ірі «Рахат», «Юбилейный» гастрономдары, «Балалар әлемі» әмбебап дүкені, «Океан» дүкені, Универсам, «Қазақстан» және «Ресей» дүкендері, бірқатар қоғамдық тамақтандыру нысандары, Қапшағай фарфор зауыты, Алматы мақта-қағаз комбинаты, кілем-тоқыма фабрикасы және Алматы қаласынан бөлек республиканың басқа аймақтарында да сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары салынған.

Одан басқа, Республиканың Қарулы күштеріне де демеу көрсетіп, Орталық Азия әскери округі құрылуына белсене қатысып қана қоймай, жауынгерлердің өмірі мен әскери дайындықтарына көңіл бөліп, округтің бөлімшелері мен құрамаларының жеке құрамдарын тәрбиелеуге де белсенді атсалысты.

Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып жүріп, Республиканың Азаматтық қорғанысын басқарып, тұрақты өткізіп отырған жаттығулары КСРО Азаматтық қорғаныс штабы тарапынан жоғары бағаға ие болып отырды.

Республика игілі жолындағы ерен еңбектері үшін «Октябрь революциясы» ордендерімен, «Жеңіс» орденімен, үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Халықтар достығы» орденімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, ҚазССР-і Жоғарғы Кеңесінің төрт құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, жауынгерлік ерліктері және ерен еңбектері үшін 28 медальдармен марапатталған.

Зейнеткерлік демалысында жүріп, 1985-1988 ж.ж. аралығында Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының орталық кеңесінің төрағасы болып еңбек етті. 1992 жылы оның бастамасымен «Халықаралық Қонаев қоры» құрылып, өзі осы қордың алғашқы президенті болып сайланды. Ол Алматы қаласының «Құрметті азаматы», Д.А.Қонаев атындағы қордың құрметті президенті, «Құрметті теміржолшы», «Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының құрметті мүшесі», «Д.А.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры» болып табылады және демалыстағы полковник шеніне ие.

2000 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан, 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының жауынгерлік жолы суреттелген, батырлардың аттары аталған, сол бригаданың жауынгерлері мен командирлерінің ерліктері туралы айтылған «Сотая Казахская» кітабы жарық көрді.

Тұрақты жұмыс істеп келе жатқан 100-ші жеке қазақ бригадасының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Республикалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі болып жүріп, бұрынғы жауынгерлер мен қаза болғандардың отбасыларына қайырымдылық танытып, көңіл бөліп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып келеді.

Жеңістің 60 және 65 жылдықтарына орай Мәскеуде өткен Жеңіс парадтарына қатысқан, 2010 жылы 9 мамырда Ресей президенті Д.Медьведевтен арнайы құттықтау қағаз алған. 2010 жылы желтоқсан айында «Жеңіс Поезды» делегациясының құрамында Ржев қаласында 100-ші және 101-ші қазақ атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешеннің ашылуына қатысып, музей ашып, Ржев түбінде қаза болған жауынгерлердің қаңқаларын жерлеуге қатысқан.

Жанұялы. Жұбайы Адельшина Нурания Гиреевна Солтүстік Қазақстан облысы Петропавловск қаласының тумасы. Ол, Алматы заң институтын бітіріп, жұмысқа Мемарбитражға жолданды және 1944 жылы 13 қазанда ҚазССР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен ҚазССР-і Халық комиссарлары кеңесі жанындағы мемлекеттік арбитрі болып тағайындалған. Бұл қаулыға сол кездері ҚазССР-і Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болған Д.Қонаев қол қойған. 1954 жылы Нурания Гиреевна ҚазССР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемарбитраждың Бас арбитрінің орынбасары болып тағайындалып, осы қызметтен 1982 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Нурания Гиреевна – ҚР Еңбек сіңірген заңгері. «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚазССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «КСРО Мемарбитражының органдарына 60 жыл» медалімен және алты түрлі мерекелік медальдармен, Мемарбитраждың грамоталарымен марапатталған.

Сұлтан Сүлейменұлы мен Нурания Гиреевна екеуі 67 жыл отасып, үш бала тәрбиелеп өсірген және алты немерелері мен он екі шөберелері өсіп келеді. Үш баласы да ғылым кандидаттары.

Үлкен ұлы Рустем Сұлтанұлы – техника ғылымдарының кандидаты, Алматы облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еткен және Мәскеу қаласындағы дипломатиялық академияға оқуға жолданған.

ҚазССР-нің Румыниядағы елшілігінде бірінші хатшы болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін елге оралып, Президент аппаратында және ҚР Министрлер кабинетінде сектор меңгерушісі, Интеграциялық комитет басқарушысының орынбасары болып еңбек етті. Соңғы жылдарда Еуразия экономикалық қауымдастығы жанындағы тұрақты өкілі, қазіргі уақытта ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып еңбек етеді.

Қызы Райхан Сұлтанқызы – Қазақ ҰУ тамамдаған. Аспирантураны бітіргеннен кейін Мәскеу қаласында диссертация қорғап, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алған. Соңғы уақыттарда АМУ-де методикалық кабинеттің жетекшісі.

Кіші ұлы Ринат Сұлтанұлы Қазақ ҰУ-нің заң факультетін оқып бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. КСРО МҚК (КГБ) Жоғарғы мектебінде кафедра бастығы болып қызмет атқарған. ҚР Қорғаныс өнеркәсібі комитетін басқарған. Қазіргі уақытта ЕО-да консалтингілік компанияның жетекшісі болып еңбек етеді.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы 75, 80, 85 және 90 жылдық мерейтойларымен құттықтай отырып, Сұлтан Сүлейменұлына «Сіз, ел экономикасын дамыту, оның әлеуметті саласын жетілдіру, халықтың өмір деңгейін көтеру үшін көп еңбек сіңірдіңіз. Республиканың мемлекеттік басқару органдарындағы көпжылдық мінсіз еңбегіңіздің арқасында, Сіз, кең қоғамымыздың орасан зор және лайықты құрметіне, көптеген мемлекеттік наградаларға ие болдыңыз. Қадірлі Сұлтан Сүлейсенұлы, бүгінгі мерей тойыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін» деген болатын.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin | Теги: Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы
Просмотров: 793 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar