Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
21.03.2013, 23:20 | |
Жаза — сот үкімі бойынша қылмыс жасады деп танылған азаматтарға қатысты әр елдің Қылмыстық заңдарында көрсетілген баптарға сәйкес қолданылатын мәжбүрлеу шарасы. Жазаның негізгі мақсаты әлеуметтік әділетті қалпына келтіру, заң бұзған адамдарды тәрбиелеп, қайта қатарға қосу, оларды алдағы уақытта жаңа қылмыс жасаудан сақтандыру болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша, жаза белгілеу кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қатер төндіру дәрежесі, айыпкердің жеке басы, оның мінез-құлқы, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Сондай-ақ, жазаның айыпты адамның түзелуіне және оның отбасы мен асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы да есепке алынады. Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негізгі жазалар қолданылады: айыппұл салу; белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру; қоғамдық жұмыстарға тарту; әскери қызмет бойынша шектеу; бас бостандығын шектеу; қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру. Негізгі жазадан басқа мынадай қосымша жазалар бар: арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік марапаттарынан айыру; мүлкін тәркілеу т.б. Бұрын қылмыс жасамаған азаматтарға жаза белгілеу кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескеріледі. Ол мән-жайларға мыналар жатады: байқаусыз жеңіл қылмыс жасау; айыпкердің кәмелетке толмауы; айыпкердің жас балалары болуы; зардап шегушіге тікелей медициналық және өзге де көмек көрсетуі; қылмыспен келтірілген шығынды толтыруға көмектесуі; ауыр мән-жайлардың тоғысуынан; қылмыс жасауға жәбірленушінің заңға қайшы, адамгершілікке жатпайтын қылығының түрткі болуы; шын ниетпен өкіну, айыбын мойындап келу; қылмысты ашуға, қылмысқа басқа да қатысушыларды әшкерелеуге, қылмыс жасау арқылы қымқырылған мүлікті іздеуге көмектесу, т.б. Сонымен бірге айыпкер үшін қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар да ескерілген.
Оған мыналар жатады: бірнеше қылмыс жасау; қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтіру; ұйымдасқан топтың құрамында қылмыс жасау; қылмыс жасағанда айрықша белсенді рөл атқару; жасы кәмелетке толмаған адамдарды қылмысқа тарту; аса қатыгездікпен жәбірленушіні қинап қылмыс жасау; қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар пайдаланып қылмыс жасау; адамның өзі қабылдаған антын немесе кәсіби антын бұза отырып қылмыс жасауы; өкімет өкілінің нысанды киімін немесе құжатын пайдаланып қылмыс жасау, т.б. Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін жағдайларды ескеріп, сот орындарының айыпкерді жазадан босатуы да мүмкін. Бірінші рет жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер өз айыбын мойындап, өз еркімен заң орнына келсе, қылмысты ашуға жәрдемдесіп, келтірген зиянды өтеуге көмектессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Сондай-ақ, жеңіл қылмыс жасағаннан кейін екі жыл, орташа ауыр қылмыс жасағаннан кейін бес жыл, ауыр қылмыс жасағаннан кейін он бес жыл өтсе, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты айыпкер жазадан босатылады. Айыпты азаматтарды ауруға шалдығуына, төтенше жағдайларға, айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтуіне байланысты, рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде жазадан босату жағдайлары да кездеседі. Егер айыптау үкімі заңды күшіне енген күнінен бастап есептегенде: әр түрлі себеппен ол үкімді жеңіл қылмысы үшін сотталғандар үш жыл; орташа ауыр қылмысы үшін сотталғандар алты жыл; ауыр қылмысы үшін сотталғандар он жыл, аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар он бес жыл мерзім ішінде өтемеген болса, қылмысы үшін сотталған адам жазаны өтеуден босатылады.
Жаза тағайындау кезінде қылмыстардың қайталануы, бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамға қауіптілік дәрежесі, алдыңғы жазаның тәрбиелік ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ, жаңадан жасалған қылмыстың сипаты ескеріледі. Егер айыпкер үкім шығарғаннан кейін, жазаны толық өтемей жатып жаңадан қылмыс жасаса, сот соңғы үкім бойынша тағайындаған жазаға алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде сот әрбір қылмыс үшін бөлек жаза тағайындап, түпкілікті жазаны тағайындалған жазалармен толық немесе ішінара біріктіру жолымен белгілейді. Ал әкімшілік жауапкершілікке тартылған немесе әкімшілік қадағалауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын жазалар әкімшілік шара деп аталады. | |
Просмотров: 1182 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |