Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Қытай философиясы РЕФЕРАТ
06.02.2014, 21:49

Қытай философиясы – қытай халқының дәстүрлі философиялық білімдер жүйесі. І. ф-ның пайда болу тарихы б.з.б. 1-мыңжылдықтан бастау алады. І. ф. діннен гөрі дәстүр аясында дамыды. Ежелгі Қытайда Чжау әулеті тұсында аспан (Тянь) жоғарғы бастама болып, аспан-жер қатынасы құндылық тұрғысынан қарастырылды. Осыдан келіп ел, мемлекет мағынасын білдіретін «Аспан асты» («Тянь ся») ұғымы қалыптасты. І. ф. екі мектеп (бағыт) түрінде пайда болды: даосизм (дао цзя) және конфуцийшілдік философиясы (жу цзя). Кейін басқа мектептер: легизм (фа цзя), моизм (мо цзя), атаулар мектебі (мин цзя), ньян мектебі (иньян цзя), т.б. қалыптасты. Жаңа дәуір басында Қытайға таралған Махаяна буддизмі даосизммен бірігіп, Қытайдағы философия мен діннің үшінші тармағы болған қытайлық буддизмді (чань-буддизм) құрады. Елдің әлеум.-мемл. құрылымының түбірлі өзгеруі нәтижесінде мемлекет басқаруға философтарды қатыстыру мен филос. академия құрудың өзі ертедегі Қытайда философияның мемл. сипатта болғанын көрсетеді. Өзінің филос. ұстанымдарын алғаш ұсынғандардың бірі Конфуций (б.з.б. 6 – 5 ғ.) негізін қалаған конфуцийшілдік ілімі Хань дәуірінде негізгі идеологияға, біртұтас жүйеге айналды. Буддизм мен даосизмнің қоғамдық рөлдерінің өсуі конфуцийшілдік ілімнің доктриналарын жаңа тұрғыдан қарастырып, оның рөлін арттыруға себеп болды. Конфуцийден кейін оның шәкірттері ұстазының этик., әлеум., онтол.-гносеол. түсініктерін дамытты. Бір-біріне қарама-қарсы ілімді Мэн-цзы мен Сюнь-цзы ұсынды. Мэн-цзының пікірінше, адамның табиғаты о бастан қайырымды; адамгершілік, ақылдылық, данышпандық, әділеттілік адамға дене мүшелері сияқты берілген. Сюнь-цзының ойынша, адам табиғатынан – зұлым, яғни адам туғаннан бастап пайда табуға, тән рақатына ғана талпынады, ал жақсы қасиеттер адам бойына оқудың, тәрбиенің арқасында ғана сіңеді. Мэн-цзы «адамгершілікпен басқару» («жэнь чжэн») теориясын жасаса, Сюнь-цзы басқарушыны тамырмен, халықты жапырақпен салыстырып, басшының мақсаты өз халқын бағынышта ұстауда деп есептеген. Конфуций ілімінің негіздерін, әсіресе әлеум. сатылаудың мызғымастығы жөніндегі теориясын қатал сынға алған Мо-цзы (б.з.б. 5 ғ.) болды. Ол дүниедегі бақытсыздық пен тәртіпсіздіктің бәрі адамдар арасында мейірімсіздіктен туады, «баршаның мейірбандылығы» принципі адамдарды теңдікке жеткізіп, қоғамда әділеттілік орнатады деп уағыздады. Мо-цзы басқыншылыққа, соғысқа қарсы шығып, дәстүрге айналған «Тәңір құдіретіне» сенуді жоққа шығарды, мемл. басқару орындарына адамның ата-тегіне қарамай, оның іскерлігіне, даналығына байланысты тағайындаған дұрыс деп санады. Ол қарапайым халықты ақсүйектермен теңестіруге тырысып, өкімет пен халықты бірлікке, ортақ мүддеге шақырды. Қытайда даосизм стихиялы материализм сипатында қалыптасты. Бұл ілім «Дао дэ цзин», «Чжуан-цзы» атты кітаптарда баяндалған. Даосизм бүкіл табиғатқа тән объективті жалпы заңдылық «дао» («жол») бар деп дәлелдейді. Даосизмнің негізін қалаушылар Дао-цзы және Чжан-цзы адамның іс-әрекетіне шек қоятын заңдар мен ережелерге (Конфуцийдің моральдық ережелері) қарсы шығады. Даосизм идеяларымен толықтырылған конфуцийшілдік б.з.б. 136 жылдан 1912 жылға дейін Қытайда ресми идеология болып, қытай халқының мәдени-рухани өмірінің өзегіне айналды.

Б.з.б. 1 ғ-да Қытайда буддизм діні таралып, төрт ғасыр аралығында толығымен енді. Бастапқыда буддизм қытайлық филос. дәстүрлердің қарсылығына кездесті. Буддизмді уағыздаушылар өздерінің қарсыластарымен пікірталас кезінде буддизм ұстанымдарын емес, қытайлық рухани дәстүрдің буддизмдік дәстүрлермен сәйкестігін сөз етті. Олар өз тұжырымдарының дұрыстығын дәлелдеу үшін Лао-цзы, Конфуций, Чжау-цзыға жүгінді. Яғни, І. ф-н буддизм тұрғысынан талдады. Буддизм даосизм философиясының табиғилық, әрекетсіздік, барлық заттардың теңдігі туралы идеяларын қабылдап, өз ілімін жетілдірді. Конфуцийшілдік пен даосизм буддизмге қарсы тұрғанымен, оның кейбір элементтерін бойына сіңірді. Даосизм буддизмнің салт-жоралары мен әдет-ғұрпын қабылдауының нәтижесінде соңынан балгерлік пен сәуегейліктің бір түріне айналып, филос. ағым ретінде мәнін жоғалтты (3 ғ.). Конфуцийшілдіктің буддизм философиясының идеалистік-рационалистік рухын бойына сіңіруі нәтижесінде неоконфуцийшілдік пайда болды (12 ғ.). Неоконфуцийшілдік ілімінің тууына Ван Тун, Хань Юй, Ли Ао идеялары себепкер болды. Бұл ілім алдына негізгі 2 міндетті қойды: конфуцийшілдік ілімді қалпына келтіру және буддизм мен даосизм көтерген мәселелерді нумеролог. методологияның көмегімен шешу. Бұл мәселені бірінші болып шешуге тырысқан Чжоу Дуньидің идеялары жүз жылдан соң Чжу Си шығарм-нда шешімін тапты. Чжу Си ілімі 20 ғ-дың басына дейін конфуцийшілдік ілімді түсіндірудің негізі болды. Кейін оның ізбасарлары дамытқан конфуцийшілдік ілімі жаңадан пайда болған мемлекет басқарудың бюрократ. түрінің ерекше құқықтарына теор. негіз болып, мемл. ресми идеологияға айналды. 17 – 18 ғ-лар философиясы Конфуций мен Мэн-цзының «киелі кітаптарына» түсіндірмелер жазумен шұғылданып, Чжу Си мен Чжан Цза немесе Ван Чуань-шань идеялары төңірегінде дамыды. 19 ғ-да Қытайда әлеум. реформа мен ағартушылықтың саяси идеологиясы пайда болды. Қытай реформаторлары (Кан Ю-вэй, Лян Ци-чао, Тань Си-тун) абс. монархияны конституц. монархиямен ауыстыруды талап етті. Олар мемлекет пен халық арасында жарасымды қатынасты орнату тұжырымдамасын ұсынды. Қоғамдық құрылысты рев. жолмен өзгертуге қарсы шығып, халықты конфуцийшілдік этика нормаларында тәрбиелеуді қуаттады. 20 ғ-да Қытайда саяси филос. мен әлеум. теориялар (ағылшын философы Г.Спенсердің позитивтік эволюционистік идеялары) кең өріс алды. ІХР-дың құрылуымен І. ф-нда бірден бір теор. негіз – марксизм ілімі, диалект. және тарихи материализм тарала бастады.

Әдеб.: Личность в традиционном Китае, 1992; Переломов Л., Конфуций: жизнь, учение, судьба, М., 1993; Антология китайской философии, М., 1994; Конфуций, Я верю в древность, М., 1995; Дао, Гармония мира, М., 2000; Философия китайского буддизма, СПб., 2001.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 1689 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar