Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Тағдыр
04.01.2014, 18:52

Кіріспе. «Атамыз Қонай батыр шалыс кісі болған екен», деп еске алады Дінмұхамед Ахметұлы естелігінде бабасы туралы. Димекеңнің ата-бабаларының «далалық тарихы» бойынша шежіре айтушылар Қонайдың шын мәнінде батыр болғанын дәлелдеп, көз жеткізе айтады. Ал, Димекең ата-бабаларына қатысты асыра сілтеп, мақтанып сөйлеуді ұнатпағандықтан төртінші атасы жөнінде «батыр шалыс кісі екен» деп қана қояды.

Қазір бір қауым елге айналған Қонаев­тар, яғни, Қонай әулеті жөнінде айтқанда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ескі нұсқаларының бірінде есімі еске түсетін Азынабай деген байдың болғанын білеміз. Азынабай бай атақты Зорбайдың (Ауызүсігеннің) жетінші ұрпағы. Атынан көрініп тұрғандай Зорбай шын мәнінде зор кісі, тұлға түр-түсі ерекше жаратылған дала қазағы еді. Қысты күні Талас, Бал­қаш, одан әрі Сарыарқа өңірінде жылқы тебіндетіп жүріп ауызын үсітіп алады. Содан ел ішінде «Ауызүсіген» атанады.

Бір жүйрік аттың дауына байланыс­ты туыстарынан көңілі қалған Зорбай Қаратау өңірі Таластан Балқаш маңына келеді. Міне, сол Зорбайдан тарайтын оның алтыншы ұрпағы – Қонайдың түп-тегі, зәу-зәтті тегін адам емес екені осыдан көрініп тұр. Айтпақшы, Зорбай шежіре бойынша Димекеңнің он екінші атасы.

Аттас батырлар. Қазақ рулары ара­сында Қонай аттас бірнеше батыр бар. Биыл еңбек және партия ардагері Дә­мен Үсенбекова «Айқын» газетіне өзі­нің тарақты Қонай батырдың ұрпағы еке­нін дәлелдеп, мақала жариялады. Қо­най батырға ұрпақтары Семейде, Маң­ғыс­тауда ескерткіш орнат­қан екен. Газетте кесене суреттері қоса жа­рия­лан­ды. Осыған қарағанда «Қонай» деген кісі тек Димекеңнің ғана атасы емес, тағы да біраз белгілі адамдардың түп-тегі­нің түп-тұқияны екені аңғарылады. Ал, Ди­мекеңнің бабасы Қонай тіпті басқа кісі.

Маңғыстау мен Семей арасында жортып, ағайын-туыстарымен көшіп-қонып жүрген, жоңғарлармен соғысқан рулық түп-тегі беймәлім (бірде адай, бірде ар­ғын, бірде найман) Қонайдың ерлігі тіпті ерекше.

Балқаш өңірінде дүниеге келіп, Шың­ғыстау аймағында жігіттік өмірі өткен, Жетісу жерінде дүние салған Азына­байұлы Қонай Бәйдібек бидің он төртінші ұрпағы. Ұлы жүз ысты-ойықтан тарайды. Ди­мекеңнің ата-тек шежіресінде осылай көр­сетіледі. Іле-Балқаш өңірінде «Қонай-Қанай қонысы» деген жер-су атауы бар. Аң­шы­лық кезінде Димекеңе «қызыл жол­ба­рыстың» қылаң беріп елестейтін жері осы маң. Қазақта жиі айтылатын аңыз бой­­ын­ша «қызыл жолбарыс» Қонайда да болған.

Димекеңнің әкесі мұсылманша сауатты, ата-тек шежіреге сұңғыла Меңдіахмет қарияның жазба шежіресінде Азынабайдан төрт ұл туады. Солардың бір Қонай. Іле-Балқаштан Азынабай үдере көшіп, Арқадағы Тобықтыға құда түсіп, ұлы Қонайды осы елдің қызына үйлендіреді. Қыз тобықты Мамай батырдың ілік-жұ­рағаты. Арқаға келіп тұрақтаған Азынабай Шыңғыстау өңірінде ажалы жетіп дүние салады. Ру басы ақсақал қайтыс болған соң оның ұлы Қонайға тықыр таянады. Түртпектеп қайын жұрты қысым көрсете берген соң Қонай Арқадан Жетісуға көшеді. Қайын жұртына қызы мен екі әйелін тастап, ұлдарын алып бауыр басқан елімен еріксіз қоштасады. Қонайдың екі ұлы Жұмабай мен Жетібай ол кезде ержетіп келе жатса керек. Жетісу жеріне келгенде Қонайдың үлкен ұлы Жетібай 25 қыршын жасында өмірден өтеді. Қасірет әке қабырғасын қатты қайыстырады. Сөйтіп жүргенде өзі де өмірден озады.

Арқадан Қонай, Қоғаш атты екі ағайынды жігіттің ел бастап келіп, Алатау бөктерін жайлап, Күрті-Іле өзендері арасында көшпенді тіршілік етуі – сол заманға тән салт еді.

Қонайдың халыққа белгілі ұрпақтары Меңдіахмет қария мен оның ұлдары Дінмұхамед және Асқар Қонаевтар. Әмина, Фазила, Роза, Нейла, Мамуина және Гауһар атты қыздардан тарайтын оның зәузаттары қазір түгел Алматыда тұрады. Бұлардың бәрі Қонайдың белбаласы Жұмабай қажыдан тарайды. Жұмабайдың екі ұлы Меңдіахмет пен Нұрмұхамет Алматыға белгілі, бірақ татар арасында өскен нағыз қазақтар еді. Өйткені, Меңдіахметті жігіт кезінде татарлар «қазақ» немесе «жиен қазақ» деп атайды екен. Себебі, шешелері «татар шалыс» Хадиша атты көрікті әйел болған. Меңдіахметтің інісі Нұрмұхамет Ленинградта оқып жүріп сонда қайтыс болады. Орысша оқыса да құжаттарына «Кунаев» деп жазғызбай «Қонаев» деп төлқұжат алғанына қарағанда, Нұрмұхамет ұлттық рухы ерекше, жаратылысы өзгеше жан болған сияқты. Әкесінің інісі Нұрмұхамет Дінмұхамедтің туған ағасына саналып, бала Димашқа қамқор, әрі сүйеу болған арда азамат еді.

Қонайдың інісі Қоғаш Алатау бөк­теріндегі Қарағайлы кентінде өмір сүр­ген. Ағасы Қонай өжет, батыр болса, Қоғаш шаруақор, қора-қора қой айдаған байлардың бірі болғанын оның ұрпағы Қуаныш әже күні бүгінге дейін айтып отырады. Байларды тәркілеу басталғанда (1928) Қоғаштың немерелері бір сөзге келмей малдарын өкіметке өткізеді.

Қонайдың кіндігінен тараған ұр­пақ­тары Жұмабай – Меңдіахмет – Асқар – Ел­дер, Диар болып, соңы Мұхтар мен Дінмұхамедке тіреледі. Асқар Қонаев немерелеріне қайынатасы Мұхтардың және ағасы Дінмұхамедтің аттарын қой­ған. Қонайдың әлі біз білмейтін шөбере, туажаттары қаншама...

Байырғы жұрт. Ежелгі атақонысы Бәйдібек-Ата жатқан Қаратау бөктерінен ата-бабалары үдере көшіп Талас өңіріне келіп, мұнда біраз мекендеп, одан соң Шу мен Балқаш маңына сырғып, содан Аягөз асқан Азынабай Шыңғыстаудағы тобықтыларды паналайды. Соңында Құнанбай елінен қайтадан жосып Жетісу жері – Алатауға көш басын тіреген Зорбай ұрпақтарының атақ-даңқы Қонай арқылы үйсін еліне машһұр болып, «дала тарихында» аңызға айналып, бүгінге жетеді. Зорбай зәузаты Қонай Алатау жайлау бөктерлерінің күншығыс жағын, ал інісі Қоғаш батыс жағын мекен етеді.

Димекең ұлы бабасы Қонай жөнінде айтады да, ал оның інісі Қоғаш туралы тіс жармайды. Өйткені, ағайынды кісілердің ұрпақтары заман зобалаңы мен қуғын-сүргінге байланысты етене жақын араласпаған. Димекең дүниеден өтеріне үш-төрт күн қалғанда Қоғаштың шөбересі Қуанышқа телефон соғып: «Қоғаштың көне жұртын бір көргім келеді» деп оның есіне салады. Бірақ бару бұйырмай өмірден өтеді.

Дүние салар тамыз (1993 ж.) айының ортасында қасына Кәрім қажыны ертіп, атасы Жұмабай Қонайұлы және оның зайыбы Хадиша Сағалбайқызы жатқан көне мұсылман қорымына келіп, өзі дұға оқиды. Қонай да осы қорымда жатқан болуы керек. Бірақ бұл дәлелдеуді қажет етеді.

Ата-бабаларының бұрынғы көш жолын жақсы білетін Димекең Бәй­ді­бек-Ата жатқан Қаратау өңіріне тоқ­са­ныншы жылдардың басында келеді. Ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрған, шежіре шерткен бір отырыста: «Біздің Зорбай атамыз өмір бойы көшіп өткен екен. Бұл ежелден қазаққа тән қасиет қой. Көшіп жүріп суықта екі ерінін үсітіп алып, Ауызүсіген атанған екен. Бұл кісінің түпатасы Бәйдібек қой» деп байырғы қонысты аралайды. Соңында баба басына келіп, өзі дұға оқып, ел жұртқа Алла-тағаладан жақсылық тілейді.

Бәйдібек би Жетісу өңіріндегі ежелгі көшпелілердің көсемі. Ел билеген кемеңгер, батыр. Оңтүстік Қазақстандағы үлкен аудан осы кісінің есімімен аталады. Шежіре бойынша Димекеңнің 17-ші атасы.

Қуғындалу. Қонай ұрпағы Меңдіахмет қария отызыншы жылдары атылып кете жаздайды. Өзі қоластында істеген Жетісудағы алпау­ыт Ысқақ байға қатысты іс қозғалғанда қылмыстық жауапқа тартылып, бір кездейсоқ оқиғаға байланыс­ты өлім жазасынан аман қалады. Қонай батырға жиен ұрпақ, қазір жасы тоқсанға таянған Едіге Айтжанұлы Түркебаев бұл оқиғаны жақсы біледі. Едіге Қонайдың төртінші ұрпағы, Жұмабайдың немересі Әмина әженің ұлы. Әкесі белгілі төңкерісші Айтжан Түркебаев Димекеңді (балдызы) өте жақсы көріп, Мәскеуге оқуға баруына ақыл-кеңес беріп, көмектеседі. Мекең (Меңдіахмет) күйеу баласы Айтжан отызыншы жылдары жұмбақ жағдайда қайтыс болғанда қатты қайғырып «қара өлең» жоқтау жырын жазады. «Суымның тұнығы, отымның жарығы едің шырағым, Қонай әулетіне ғайыптан келген ер едің» деп еңкілдеп, егіледі.

Ысқақ байға қатысты жазадан құ­тыл­ған соң Мекең Алматы облысы, Шелек ауданында «Заготскотта» шаруашылық жетекшісі болады. Кеңес өкіметін басында онша ұната қоймаса керек – сөгіс алып, қуғындалады. Басында Алматыда тұрған Мекең жер аударылып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылында еңбек етеді. Қонайдың немересі Меңдіахмет қария тұрған үйді осы жолдардың авторы 2011 жылы арнайы барып көрген-ді. Оң самайындағы үлкен меңге байланысты атын Меңдіахмет қойған. Қосарлы атын қысқартып кейде құрдастары Ахмет деп те атаған.

Қонайдың Жетібайдан кейінгі ұлы Жұмабай жас кезінен алғыр болып өсіп, ер жетеді. Оқу-білімге құмар ол дін ілімін алып, медресені үздік бітіреді. Қыста медреседе ұстаз, жазда ауылда молда Жұмекең шын мәнінде нағыз діндардың өзі еді. Қажылыққа айшылық жер жүріп екі рет барған.

Ұрпақтары ұлысқа айналған. Қо­най­дың ұрпақтары және олардың бас­қа ру-аталармен құда-жекжат болып, ілік-ағайын, туыс атанып, қауым елге айналуы – айрықша айтатын, ерекше тоқталатын нәрсе. Жарықтық Меңдіахмет Жұмабайұлы Қонаев оннан аса перзент сүйген, ұл-қызы үйге сыймаған үлкен шаңырақтың иесі еді.Бір-екі баласы жас кезінде шетінейді. Қалғаны есейіп, ер жетеді. Бәрін өзі тәрбиелеп, оқытады.

Ата-бабаларының тек қасиетіне байланысты қазіргі Қонаевтар өсіп-өнген бір қауым елді құрайды. Ата жағынан олар Бәйдібек – Қонайдың ұрпақтары болса, ана жағынан Қаңлы – Еңке батырдың зәу-зәліне саналады. Қонай ұлы Жұмабайдың келіні Зәуре (Мекеңнің жары) Еңке батырдың тікелей ұрпағы екенін жұрт біле бермейді. Қонай әулетінен шыққан, аты әлемге әйгілі болған Қонаев нағашы жұрты жағынан да Құдай артық жаратқан жан екеніне осы жерде тағы көзіміз жетеді. Құдай Қонайдың ұл ұрпағы Меңдіахметті Еңке батырдың тегі Зәуре қызға текке қоспаған екен. Міне, осы екеуінің неке­лесуінен әйгілі Дінмұхамед дүниеге келеді.

Қонайдың әкесі Азынабайдың тобық­тылармен құда болғанының шет жағасын жоғарыда айттық. Қазақ салтында текті жерден қыз алу – біздің ұлтқа тән ерекше қасиет.

«Құдаларымыз жақсы болса және көп болса» деп ұл-қыздары ержеткенде Мекең қатты армандайтын. Өзі намаз оқып, әйелі Зәуре ораза ұстайтын Мекеңнің тілегін Алла тағала қабыл алған. Мекең сансыз құдаларының арасында құйрық-бауыр жесіп, құдалық құрметтердің бәрін көріп, жекжаттық туыстық пен сый­ластықты бұлжытпай сақ­таған ақсақал еді. Қонай әулетіне қа­тысты құдалық шежі­ресін тарқатсақ ол былай жалғасады. «Қонаевтар – Әуе­зов­тер», «Қонаевтар – Түркебаевтар», «Қ­о­наевтар – Бәсеновтер», «Қонаевтар – Се­рікбаевтар», «Қонаевтар – Мұқа­жа­новтар», «Қонаевтар – Байма­хановтар» болып жалғаса беретін құда­лық-жек­жаттық ілік байланыстың шегі­не жету мүм­кін емес. Өсіп-өнген, әулие­лер жебеген, атақтары алысқа кеткен Қонай батыр әу­леті қазір бір қауым елге айналған.

«Үміт жұлдызы». Бес-алты жылғы ізденіс пен шежіре-деректің негізінде жазылып, 1984 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан Шона Смаханұлының «Үміт жұлдызы» кітабындағы басты кейіпкер Жанай. Өмірдегі Қонайдың атын жазушы осылай «Жанай» деп алған. Қонайдың әкесі Азынабай шығармада Қазынабай болып суреттеледі.

Көркем шығармадағы кейіпкерлердің азан шақырып қойған аттары өзгертіліп берілгендіктен, баяндауда шежіре шын­дығы бойынша олардың есімдерін өзгертпей айтуды жөн көрдік. Басында жазушы кейіпкерлердің о бастағы шын аттарын айтып, шындықты бұрмаламай шынайы жазуды жөн көрсе керек. Бұлай етсе кітаптың баспадан шығуы қиынға түсетінін біліп, кейіпкерлерінің аттарын өзгертіп, тұспалдап жазады әрі көркем суреттейді. Өйткені, Қонайдың ұрпағы Қонаев ол кезде партия қайраткері, лауазымы зор тұлға еді.

Кітаптағы Қонайға (Жанай) байланыс­ты алғашқы оқиға жеткіншектің бір көзсіз әрекетін көрсетеді. Қысты күні суат­та мұз ойып жатқанда Қонайдың қолын­дағы балтасы суға түсіп кетеді. Қонай суға сүңгіп, ойықтан балтаны алып шы­ғады. Аязды күні суға түсіп үсіп өле­мін деп ойламаған Қонай бойындағы тәуе­кел­ділік қасиет алдымен осылай қылаң береді. Бала Қонайға қатысты бұл оқиға ауылда аңызға айналады.

Қонай бала кезінде асық ойнайды. Қашанда асығы алшысынан түседі. Ұлдар деген еркекшора қызды жақсы көреді. Бірақ үйлене алмайды. Екеуінің махаббаты трагедиямен аяқталады. Ас-тойда көкпар тартқанда оған тең келетін жігіт табылмайды.

Асқан шабандоз әрі күйші Қонай сегіз қырлы, бір сырлы жігіт атанып, қашанда ел аузында жүреді. Қайратты жігіт қара жұ­мыс­тан қашпайды. Шөп шапқанда шал­ғышылар оған ілесе алмай қалады.

Қонай бойындағы серілік әрі саят­кер­лік қасиет қашанда ел-жұртты қай­ран қалдырып, риза етеді. Мергендігі өз ал­дына – бөкен, елікке шалма тастап, аңды «құрық-арқанмен» ұстайды. Оның бой­ындағы саяткерлік пен аңшылық Димекеңді елестетеді. Қонайдың ұрпағы Қо­наев атқан оғы мүлт кетпейтін сайып­қыран мерген болғаны белгілі. Қонайдың саяткерлік өмірі суреттелетін Іле-Балқаш өңірінде Димекеңнің де аңшылық құр­ғаны бұл өлке еліне ежелден аян, таныс. Таза ауа­да аң аулап далада, иісі бұр­қыраған шөп үстінде жатып, «ауыр» ойлардан арылып, демалу Димекең үшін айтары жоқ тынығу мен сергу болатын.

Димекеңе айрықша аңшылық қа­сиет бабасы Қонайдан дарығаны күмән келтірмейді. Димекеңнің «хоббиі» аңшы­лық мылтықтар мен оттықтар жинау еді. Мұражайында 50-60 мылтық және толып жатқан аңшылық пышақ, қанжар бар. Сондай-ақ, 400-ге жуық оттық (зажи­галка) самсап тұр. Желтоқсан оқиғасы кезінде ұрынарға қара таппағандар Димекеңнің саяткерлік сапарларын да сынады. Атып алған қабанның желкесін басып тұрған суретін орталық газеттерге жариялап, шовинистердің шатақ шығарғаны ел есінде. Қонай және оның ұрпағы Ди­мекең қазақ халқының саяткерлік салтында аңызға айналған кісілер екенін кейінгі ұрпақ біле бермейді.

Бөлтірік. Шөкеңнің (Шона) аталған кітабында Димекеңе туыс болып келетін Бөлтірік ақын жайында біраз айтылады. «От ауызды, орақ тілді» Бөлтірік Қонайды өте жақсы көреді. Ал, Қонай ақынды ерекше құрметтейді, оның жырларынан «халық даналығын» ұғады. Төре, сұлтандарды тәубесіне келтіретін Бөлтіріктің шын сөйлеп, тауып айтатын қасиетіне Қонай қашанда риза әрі тәнті болып, ақынды әкесіндей сыйлады. Ішінде Қонай бар бір топ кісі мәжіліс құрған әңгіме-жиында Бөлтірік көсіліп сөйлеп, суырып салып, ортаны қыздырады.

Бірде Қонай Бөлтіріктен: «Біз бұ­рын­ғы мекеніміз Қаратау-Талас жақтан мұнда неге көшіп келдік» деп сұрайды. Сонда ақын: «Бізді мұнда Жер-Құдай мен Су-Құдай айдап келді» деп табан астында жауап береді. Сөйтіп, арғы атасы Бәйдібек пен Домалақ ананың сүйегі жатқан Қаратау өңірі жайында айтып, «үдере көшу» қазаққа тән екенін түсіндіреді. Жазушы Қонайдың Бөлтірікке қойған сұрағы арқылы Зорбай-Азынабай көшінің не себептен тұрақтамағанын тұспалдайды. Қаратаудан көшіп, одан Жетісу өңіріне сырғып, Қонайдың әкесі Азынабайдың Арқаға баруы – бұл тарихи шындық және кейін аңызға айналған оқиға.

Шығармада Қонай тарихи тұлғалардың бірі, атақты ақын, Жетісудың «алтын діңгегі» Сүйінбаймен кездесіп, оның сөзін тыңдайды. Ауылға қонақ болып келген ақын Қоқан ханы Құдиярдың қазақ жеріне жасаған шапқыншылығын айтып, оған қарсы шайқасудың уақыт күтпейтін қажеттігін түсіндіріп, ел жігіттерін ел қор­ғауға шақырады. Қонай (Жонай) Сүйін­бай ақын өтінішін құп алып, жігіт жинап, жаумен соғысуға жиналады. Бұрын өжет, ержүрек Қонайдың енді ба­тыр­лық жорық жолы басталды. Бір ағасы жаумен бұрыннан соғысып, ұрыс-шай­қаста, қанмайданда жүреді.

Қонай Сұраншы батырдың қолына қосылу үшін біраз жігітті алып, елден шығып, межелі жерге жақындайды. Жол­да келе жатып, елді шауып, жұртты тона­ған, қыз-келіншекті зорлаған қоқан­дық­тардың дәл үстінен түседі. Сүйінбай ақын «Құдияр хан қағынып, қыз-қатын болды баққаны» деп текке айтпаған ғой. Қоқан әскерлері «қыз-ойнақ» жасап, олжаларын бөлісіп, шарап ішіп, тойлап жатқанда үстерінен түскен Қонай жасағы оларды тұтқындап, аяқ-қолдарын байлап, жазалайды. Қонай алғашқы ерлігін осылай көрсетіп, соңында Сұраншы қолына келіп қосылады. Кейін қатты соғыс болып, қанды шайқас жалғасқанда Қонай жаудың ноян-сарбазын құлатып, шын батырға тән қаһармандық ерлігін паш етеді. Сұраншы Қонайдың елін, ата-тегін толық біліп, Құдай айдап келген батырды барынша құрметтейді. Қазақ тарихында аттары «алтын әріппен» жазылған Бөлтірік, Сүйінбай және Сұраншы батырмен Қонайдың кездесіп, бірге жүруі өзінің де осылар сияқты әйгілі тұлға екенін дәлелдейді.

Кітапта, неге екені белгісіз, Қонайдың ұлы Жетібай батырдың бауыры ретінде суреттеледі. Шежіреде Қонайдың Жетібай және Жұмабай деген екі ұлы болғаны тайға таңба басқандай көрсетіледі. Димекең де естелігінде осылай жазады.

Қоқандармен шайқаста нағыз айқасты Жетібайдың жанқиярлық ерлігінен көреміз. Ол Шу, Таластағы қанды жорыққа қатысады. Жараланған бауыры Қонайдың жарасын таңып, қансыраған оның қатарға қосылуына септігі тиеді. Ұрыс, шайқас, жорықта Қонай мен Жетібай қатар ерлік көрсетеді.

Сұраншы – Сүйінбай. Сұраншы батыр жайында Сүйінбай ақын жыр толғаған. Димекең Сүйінбай жырларын жатқа айтатын еді. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов Сүйінбай ақын қарымы мен қасиетін ерекше бағалаған. Міне, сондықтан Димекең де Сүйінбайға табынып, бала кезінен жырын жаттап өседі. Оның өзі де, әкесі де Сүйінбайдың шәкірті Жамбылға арнайы келіп сәлем берген. Димекеңнің әкесі Меңдіахмет қарияның Ұзынағаш, Қаскелеңде сауда-ләпкелері (дүкен) жұмыс істеген. Бірде Қонайдың немересі Меңдіахмет Жамбылға келіп: «Жәке, бастық болуға баулып жүрген екі ұлым бар. Соның қайсысының бағы жанады» деп сәуегейлік қасиеті бар ақынға жүгінеді. Сонда Жәкең: «Анау ұзынтұра ұлыңнан күт. Сол зор бастық болады» деп батасын береді. Жәкеңнің «ұзынтұра» деп отырғаны бойы қарағайдай сорайған Димаш – Димекең болатын.

Қонай Жамбыл еліндегі Сарыбай бимен сыйлас әрі үзеңгілес дос болған.

Қонай Сұраншы қолына қосылып, жорық-шайқастарға қатысып, жүзбасы болған соң – ол енді шын батыр атанады.

Бабасы Қонай мен Сүйінбай ақынның достығын жақсы білетін Димекең Сүйекеңнің «Бөрілі менің байрағым» атты жырын басынан аяғына дейін жатқа айтатын. Мұны жазушы Шона Димекең аузынан талай естіген. Міне, сондықтан қаламгер Қонай ұрпағының ақынға деген сүйіспеншілігін сезіп, Сүйінбайға байланысты оның ой-бейнесін шынайы суреттейді.

Құнанбай қажыға бару. Қазақ әдебиетінде, оның ішінде сатира саласында ерекше қалам тербеген Шөкең (Шона) парасатты проза жанрын­­да меңгеріп, Қонай батыр жайында құнды кітап жазғанын жоғарыда айттық. Кітаптың о бастағы аты кейіпкердің шын атымен аталса керек. «Үміт жұлдызы» деп осылай қойылғаны түсініксіз. Шығарма жазушылар арасында әңгіме болып, біраз дау туғызған. Өйткені, белгілі жазушы сол жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған Б.Тілегенов бұл жайында естелік кітабында айтып кетеді.

Жазушы кітаптағы барлық оқиға, деректі Димекеңнің әкесі Меңдіахметтің әңгімесі бойынша «әрлейді».

Жүз елу бетке жуық «повесті» бі­тір­ген соң қолжазбаны Димекеңе әкеліп, көрсетіп, оқып шығып, пікір айтуын өтінеді. Ата-бабаларының тарихы мен шежіресін жетік білетін Димекең: «Кі­табының ішінде Құнанбай қажы туралы айтыла ма, егер айтылмаса, ол кісі кітабыңа кіретін болсын» деп Абайдың әкесі Құнанбайдың Қонайға жасаған жақсылықтары жөнінде біраз әңгімелейді.

Шығарманың соңында Шыңғыстау өңіріне ел-жұртымен түгел көшіп келген Азынабай ауылы жайында айтылып, оның ұлы Қонайдың ұры-барымташыларға байланысты Құнанбайға барғаны баян­далады. Өйткені, жергілікті қазақтар кірмелерге күн көрсетпейді. Қатыгез байлар жайлау, өріс үшін сынықты сылтау етіп Азынабайдың туыстарын соққыға жығады, жаралайды, мертіктіреді. Қонай ұрылар барымталап әкеткен жылқыларын Құнанбайдың төрелігі мен әділдігі арқылы қайтарып алады. Құнекең ұры, қарақшыларды жазалап, қиянат көрген Қонайды қорғайды.Соңында Қонай Құнекеңе мол сый-сияпат жасайды. Автор сол дәуірдің идеология­сына байланысты Құнанбайдың үстем тап өкілі екенін де реті келген тұста айтып кетеді. Шығармада Абайдың әкесі Құнанбай азан шақырып қойған атымен аталып, оның ел ішіндегі даңқы біраз суреттеледі.

Арқадағы атақты аға сұлтан Құ­нан­байға Қонайдың келіп жүгінуі және шаруасының бітуі шынайы бейнеленеді.

Құнанбай мен Қонай арасындағы қарым-қатынас және сол кездегі жау­гер­шілік заманға қатысты тағы бір оқиғаны айта кеткен артық болмас. Қонай бір ке­лі­сінде Қоқан ханына қарсы соғыста Арқа елінен көмек керектігін айта­ды. «Жетісуда Сұраншы, Сыпатай ба­тыр­лар бар ғой. Солар не істеп жүр?» – деп Қонайдың қол­қа салуын жөн көр­мейді. Қазақ қашанда ала ауыз, бастары қосылмайды дегендей сыңай танытады.

Кеңестік дәуір әдебиетінде көркем шығармада «махаббат мәселесі» міндетті түрде айтылуға тиіс болатын. Қонай белгілі байдың еркек-шора қызы Ұлдарды ұнатып, оған үйленуді армандайды. Бірақ қыз бір байдың баласына ұзатылады. Одан бақытты болмаған сұлу соңында Жанайды (Қонай) тауып, өжет еркек-шора онымен бірге жауға аттанып, Қоқан әскерлеріне қарсы шайқасады.

Қонайдың өмірі соңында трагедиямен аяқталады. Атажұртына оралғанда Ұлдардың бұрынғы күйеуі шұнақ Ежекей Қонайды аңдып жүріп қапыда өлтіреді. Сөйтіп, отбасы ойрандалады. Жетім қалған Қонайдың ұлы Жұмабайды бір жеңгесі бағып асырайды. Шығармада өмірде бар Жұмабай – Тұмабай болып, аты бірнеше жерде аталады. Жасынан зерек бала өздігінен ізденіп оқып, дін ілім алып, ержетеді. Соңында Жетісуға әйгілі Жұмабай қажы атанады. Немересі Димашқа о баста «Дінмұхамед» деп азан шақырып ат қойған осы кісі екен.

Қонай (Жанай) мен Ұлдар махаббаты автордың қиялынан туған оқиға сияқты. Ал, шындығында Қонай біреудің жесірін алып қашады. Димекең «атамыз бірнеше рет төсек жаңғыртқан екен» деп айтқанына қарағанда, соңғысы Қонайдың ажалына себепкер болса керек.

Түйіп айтқанда, көркем шығармада аттары өзгертілмей алынған Сүйінбай, Сұраншы және Бөлтірік, Құнанбайлармен кездескен Қонай да тарихтағы тұл­ға­лардың бірі.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

жазушы.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 951 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar