Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Тəрбие əдістері реферат
16.08.2013, 19:42

Тəрбие əдістері

 

Жоспары

1. Тəрбие əдістері мен тəсілдері жөнінде түсінік

2. Сана қалыптастыру əдістері

3. Іс-əрекет ұйымдастыру əдістері

4. Ынталандыру əдістері

5. Педагогикалық қолдау, оның мəні жəне ұйымдастыру жолдары

6. Тәрбие әдістерін таңдау

 

1. Тəрбие əдістері мен тəсілдері жөнінде түсінік.

Тəрбие əдістері –бұл тəрбие көздеген мақсатқа жетудің жолдары, тəсілдері. Мектеп тəжірибесіне орай əдістердің жəне бір анықтамасы – қажетті сапаларды қалыптастыру мақсатымен тəрбиеленушілердің санасына, еркіне, сезіміне жəне қылық-əрекетіне ықпал жасау тəсілдері.

Əдістер түрі сан-алуан да шексіз көп. Ал оның нақты көрінуі өз шəкірттерінің білімдік күш-қуаты мен жалпы мүмкіндіктерін жете танып, оларды өтілетін материал сипатына байланыстырып жəне басқа да көп оқу жағдаяттарын зерделі саралай білген педагог əрекетіне тəуелді. Қай тұлға, қанша тұлға араласса, əдіс формасы да сондай əрі сонша – бұл заңдылық. Əлбетте, əдістердің бəрі бірдей тиімді деп айту қиын. Ол үшін сол əдістің түзілу, қолдану жағдайларын білу қажет. Нақты мақсатқа байланысты дайындалған көп əдістердің ішінен біреуі ғана тиімді болуы мүмкін. Тəрбие тəжірибесі алдымен ежелден келе жатқан дəстүрлі əдістерге арқа сүйегенді тəуір көреді. Алайда, көптеген жағдайларда олардың да тиімсіз болып қалатыны бар, сондықтан да тəрбиеші əрдайым тəрбиенің нақты шарттарына сай келер көздеген мақсатқа үлкен үнем жəне мол табыспен , жылдам жеткізетін жаңа əдістерді іздестіруге мəжбүр. Тəрбие əдістерін құрастыру, таңдау жəне дұрыс қолдану – педагогикалық шеберлік шыңы.

Тəрбие тəсілі – жалпы əдіс бөлігі, нақты жақсаруға жеткізетін жеке əрекет. Көркемдеп айтатын болсақ, тəсіл- тəрбиешінің өз шəкірттерімен бірге мақсатқа тезірек жету үшін таптап өткен соқпағы. Егер осы тəсілмен басқа да тəрбиешілер пайдалана бастаса, тəсілдер уақыт озуымен даңғыл жолға - əдістерге айналады. Əдістер мен тəсілдер байланысының тығыз екені осыдан көрінеді.

Тəрбие құрал-жабдықтары. Тəрбие жеке ықпалдарды байқатса, құрал-жабдықтар тəсілдердің жиынтығынан құралады. Мысалы, еңбек –тəрбие құралы, ал көрсету, еңбекті бағалау, жұмыс қателігін білдіру –тəсілдер. Сөз (кең мағынада) – тəрбие жабдығы, ал ілікпе сөз, əзіл ескертпе, ескертпе теңеу – осы жабдық құрамындағы тəсіл. Бұл тұрғыдан кейде тəрбие əдісін көзделген мақсат үшін қолданылатын тəсілдер мен құрал-жабдықтар жүйесі деп те атайды.

Əдіс баламалары өте көп. Олар арасынан мақсаттар мен нақты жағдайларға сай келетіндерін таңдап алу үшін оларды қандай да бір ретке келтіріп, топтастыру, яғни классификациялау қажет. Əдістер классификациясы дегеніміз қандай да белгісі бойынша бір топқа келтірілген əдістер жүйесі. Осы классификацияға арқа сүйеп, педагог барша жүйені анық білуімен бірге оның қажеті мен өзіне тəн сипаттарын тереңірек түсінеді.

Тəрбие əдісі- көп өлшемді құбылыс, оның жүйелесуіне негіз болар белгілер сан-алуан. Солар арасында аса танымал болғандарын атап өтейік. Сипаты бойынша əдістер – сендіру, жаттықтыру, мадақтау жəне жазалау. Мұндағы «сипат» мəні – əдістің бағыт-бағдарын, қолдану аймағын, ерекшеліктерін жəне т.б. білдіреді.

 

2. Сана қалыптастыру əдістері

         Тəрбие процесінің жалпы құрылымынан байқағанымыздай, дұрыс ұйымдастырылған тəрбиенің бірінші сатысы- оқушылардың өздерінде қалыптасуы қажет əрекет-қылық нормалары мен ережелерін білу (түсіну). Ең алдымен қандай да сапаны туындатып, орнықтыру үшін, сол сапаның мəн-мағынасын жете түсініп алу міндетті. Адамның көзқарастарын, ұғымдарын, наным-сенімдерін кемелдендіруге бағытталған əдістер тұлға санасын қалыптастыру əдістері атамасын алған. Бұл топ əдістері екінші кезеңде іске қосылатын – сезім, көңіл-күй толғаныстарын қалыптастыруда аса қажет. Егер оқушы педагогикалық ықпалға бейтараптылық пен немқұрайлылық танытатын болса, тəрбие процесі шабандайды, мақсатқа жете алмайды. Егер оқушы қабылдаған идеясын өзін толғантқан жарқын бейнеге айналдыра алса ғана, оның бойында ізгі де жарқын сезімдер туады. Өткен жылдар оқулықтарында бұл əдістер тобы сендіру əдістері деп аталған, себебі олардың міндеті – тұрақты наным-сенімдер қалыптастыру болған. Оқушы əрекет-қылығына дем беретін оның білімі мен білігі емес, ең алдымен ол көзделген адами сапаның қоғамдық қажеттігі мен өзіне пайдалылығын танып, оны өз нанымы негізінде əрекет-қылыққа айналдыруы, ал бұл сана қалыптасуымен бірге жүретін психикалық құбылыс. Тəрбие мазмұнымен белгіленген іс-əрекетке бала белсенді араласуға дайын болған жағдайда ғана қолданылатын əдіс өз нəтижесін береді.

Наным-сенімге оқушыны əрқилы əдістермен жеткізу мүмкін. Өткен ғасыр басындағы мектептерде бұл үшін тағылым-тарихи өсиеттер, хадистер мен мысалдар кең қолданылған. Ал қорытынды шығару баланың өз еркіне берілді. Өкініштісі, бүгінде біз мұндай аса құнды əдістерді пайдаланудан мүлде қалғанбыз, олардың орнына тура, қарабайыр, ойға жетелемейтін уағыздау əдісіне көшкенбіз. Құрғақ уағыз айтып, шексіз бір жақсы көрсетпе-нұсқау беруден түскен өнім шамалы. Сондықтан, ұмыт болған əдістерді жаңғыртып, мұғалімдер өз сабақтарында ислам хадистерін, ақын-жыраулар тағылымдарын, шешен билердің ұлағатты кеңестерін, ғұлама Абайдың «Қара сөздерін» жəне т.б. тағылым-тəрбие көздерін молынша пайдалануда. Сондай-ақ əдептілік-имандылық тақырыбындағы əңгімелер, ұғындыру, түсіндіру, əдептілік сұхбаттары, насихаттау, сендіру, көрсетпе беру əдістері де өз қолданымын табуда. Сендірудің аса маңызды əдісі - өнеге-үлгі. Əдістердің əрқайсысы өз ерекшелігі мен қолданымына ие. Сырт көзге қарапайым көрінгенмен, бұл топ əдістерінің бəрі де жоғары педагогикалық бірлікті қажет етеді əрі жүйелі түрде басқа əдістермен бірге қолданылады.

Этикалық тақырыптағы əңгіме – инабаттық мазмұнға негізделген деректер мен оқиғалардың үлкен көңіл көтеріңкілігімен əсерлі баяндау əдісі. Сезімге ықпал ете отырып, əңгіме моральдық бағамдар мен əрекет-қылық нормаларының мəнін түсініп, ұғуға жəрдемдеседі. Ол адамгершілік ұғым, түсініктерінің мазмұнын ашып қоймастан, оқушылардың инабаттылық талаптарына сəйкес болымды тұлғалық əрекеттеріне деген ұнамды қатынас өрбітіп, мінез-құлықтың оңды өзгерісіне ықпал жасайды. əдептілік əңгімелері бірнеше қызмет жасайды: 1) білім көзі; 2) тұлғаның адамгершілік сапаларын басқалардың имандылық қасиеттерімен толықтырады; 3) тəрбиелік ұнамды үлгі-өнегені өрнек ретінде ұсынады.

Əдептілік əңгіме тиімділігі келесі шарттарға байланысты:

- əңгіме оқушылардың əлеуметтік тəжірибесіне сəйкес болу қажет. Ол – қысқа, түсінікті, балалар толғаныстарына орай;

- əңгіме көрнекілік əдісін бірге қолдану арқылы жүргізіледі (көркемөнер туындылары, көркем фотосуреттер, халық қолөнер бұйымдары), əңгіме мазмұнын қабылдауға əн-күй үлкен жəрдем береді.

- əдептілік əңгіме өткізу үшін қолайлы үй-жай, жағдай қажет.

Қоршаған жай-жағдайлардың əсемдігі мен ондағы дүние заттары, олардың адам көңіліне көтеріңкі əсері əңгіме тақырыбы мен мазмұнына сəйкес болуы қажет шарт. Педагогикалық құрал-жабдықтар қорында қай жағдайда да жарасымды əңгімелер молшылық (шеру алаулары төңірегі, автокөлікті саяхат барысында, кең дала төсінде не жайлы бөлмеде, үлкен қала алаңында немесе көктем бағында).

- əңгіменің əсері кəсіптік дайындыққа байланысты. Ебедейсіз, дөрекі тілді адамнан шешен əңгімеші шықпайды, ондайдан бала құлағы тынып, қашуға мəжбүр болады.

- əңгіме мазмұны тыңдаушыларды еліктіруі шарт. Одан алған əсер көп уақытқа дейін ұмытылмауы тиіс.

Ұғындыру – тəрбиеленушілерге эмоционал-сөздік ықпал жасау əдісі. Бұл əдістің қолданылуы сынып ұжымы мен əр баланың тұлғалық сапаларын танып, білуге көзделген. Бастауыш мектеп балаларына қарапайым тəсілдер мен құрал-шараларды пайдаланудың өзі жеткілікті. Кіші жастағы оқушы «Осылай істеу керек», «Осылай істеп жатыр» - деп жай ескерткеннің өзінде-ақ, педагог айтқанына ере салады. Ұғындыру əдісі, егер тəрбиеленуші қандай да талаптың мəніне жете алмай жатса, жаңа адамгершілік сапа жөніндегі ақпарды ой елегіне түсіріп, қабылдауға қиналса, яғни қалай болғанда да оның санасы мен сезіміне түрткі салу қажетінде қолданылады. Ал мектепте қоғамдағы жай, айқын да ақиқат ережелерді ежелеп түсіндіре ұқтырудан аулақ болған жөн, мысалы, партаны сызба, тұрпайы сөз айтпа, еденге түкірме жəне т.б. Бұл орайдағы ұғындыру емес, шектеу əдістерін қолданған дұрыс. Аталған əдіс негізінен: а) жаңа моральдық сапа мен əрекет-қылық формасын қалыптастыру əрі бекіту үшін; б) тəрбиеленушілердің қандай да болған қылыққа дұрыс көзқарас-қатынасын қалыптастыру ниетімен - қолданылады.

Қандай да ұғымның орнығуы, баланы оған сендіре білуге байланысты. Сенім кейде мұғалім сөзін сын-сарапқа сала алмаудан шалыс, қателікті болуы мүмкін. Сенімнің санаға еніп жатқанын адам сезе бермейді, осыдан ол ырықсыз сеп-түрткілер жетегінде қалып, тұтастай тұлғалық сапаларын өзгертуіне тура келеді. Педагог сендіру əдісін оқушыға нақты нұсқау-талапты қабылдату үшін, басқа тəрбие əдістерінің ықпал əсерін күшейту мақсатында қолданады.

Тəрбие тəжірибесінде ұғындыру мен сендіруге қоса үгіттеу əдісіне де жүгінуге тура келеді. Үгіттеу əрекеті тəрбиеші ұстанған қатынас формасына түгелдей тəуелді. Үгіттеу арқылы педагог тəрбиеленуші тұлғасында ұнамды қалыптарды жобалайды, жақсылық сезімін ұялатады, жоғары нəтижелерге жететініне сендіреді. Үгіттеуден болатын тиімділік тəрбиеші абыройына, оның жеке адамгершілік болмысына тəуелді, өз сөздері мен əрекеттерінің дұрыстығына кепіл бола алған жағдайда ғана оның үгіті мақсатына жетеді. Бала тəрбиесінде ұнамды үлгі-өнегеге арқа сүйеу, мадақ, өз қадірін сезіну, ар-намысты қолдан бермеу секілді алғы шарттарды пайдаланған педагог қай күрделі жағдайда да үгіт жұмысының өз нысанына жетіп, жемісті боларына толық сенуіне болады.

Үгіттеу арқылы кейде оқушыны өз қылығынан ұялу, өкіну сезіміне келтіруге болады. Педагог баланың мұндай сезімдерін оятып қана қоймастан, келеңсіз əрекеттерін түзетудің жолдарын да көрсетеді. Бұл жағдайларда орынсыз əрекеттің, оның салдарының мəнін дəлелді ашып берумен бірге тəрбиеленуші мінезіне ұнамды ықпал жасаушы тəрбие көздерін тауып, қолданады. Кейде орынсыз қылық білместіктің салдарынан болады. Мұндайда үгіт ұғындыру жəне сендірумен бірге қолданылып, оқушы өз қателерін мойындап, мінезін оң қалыпқа келтіргендей əсерде жүргізіледі.

Əдептілік сұхбаты - екі тарап өкілдері – тəрбиеші жəне тəрбиеленуші қатысуымен болатын жүйелі де бірізді білімдер талқысы. Сұхбаттың əңгімелеу мен көрсетпе беруден айырмашылығы - тəрбиеші өз сұхбаттасы – тəрбиеленушінің пікірін тыңдайды жəне онымен есептеседі, олармен болған өз қатынасын құқық теңдігі жəне қызметтестік принциптері негізінде түзетеді. Əдептілік сұхбаттарының негізгі арқауы адамгершілік, инабаттық-имандылық проблемалары. Сұхбат мақсаты – ізгілік ұғымдарын нығайту, тұрақтандыру бұл бағыттағы білімдерді қорытындылау жəне бекіту, адамилық көзқарастар мен сенімдер жүйесін қалыптастыру.

Əдептілік сұхбаттары тəрбиеленушілерді өздерін толғантқан барша сұрақтар бойынша дұрыс баға беріп, пікір жүргізуге жəрдем береді. Болған жағдай, оқиғалар мен əрқандай қылықтарды талқыға сала отырып, балалар олардың мəн-мағынасын жеңіл түсінуге мүмкіндік алады. Көп жағдайларда əдептілік сұхбаттарды да өткізуге нақты дерек, оқиға, балалардың қылығы себеп болады. Мұндай сөйлесулерді болған оқиғалардың «ізін суытпай» не сол оқиғаның кінəкəрі сəл өзіне келіп, «жүрегі орнына» түсіп, мəн-жайды аңғаратындай болған соң ұйымдастырған жөн.

Əдептілік сұхбаттарының тиімді болуы келесідей маңызды шарттарға тəуелді:

1. Сұхбаттың проблемді сипатта болғаны өте маңызды. Осыдан көзқарастар, идеялар, пікір сайыстары өрбиді. Тəрбиеші тосын, қалыпқа келмейтін сұрақтардың туындауына себепші болып, өз шəкірттерін оларға жауап іздеп, табуға баулиды.

2. Сұхбаттың жаттанды дайын не үлкендердің құлаққа салған жауаптары бойынша өтуіне жол бермеңіз. Балаларды не ойлағанын ашық айтуға тартыңыз, басқалар пікірін сыйлауға үйретіңіз, шыдаммен дəлелді тұжырымдар топшылауға жетелеңіз.

3. Сұхбатыңыз тəрбиеші көпіре сөйлеп, тəрбиеленушілер үндемей тыңдайтын дəрісбаянға айналып кетпесін. Сұхбат барысында ашық та анық айтылған пікір балаларды дұрыс қорытындыға келтіреді. Əңгіме-сұхбат нəтижелілігі екі адам ортасындағы көңіл табысудан, пейіл жылуынан шығады.

4. Сұхбат үшін таңдалған материал тəрбиеленушінің эмоционалдық кейіпіне сай болғаны жөн. Талқыланатын тақырып оқушыларға жете түсінімді болмай, олардан сөз-жарыс, пікір- талас белсенділігін күту не талап етуге болмайды. Шынайы тəжірибеге негізделген сұхбат қана өзінің болымды нəтижесін береді.

5. Сұхбат барысында барша көзқарастарды айқындап, салыстыра білу қажет. Ешкімнің де пікірін жоққа шығаруға болмайды – бұл əділдік шынайылылық, қатынас мəдениетінің ізгілікті белгілері.

6. Əдептілік сұхбатында дұрыс басшылық – мəні - тəрбиеленушілерге өз ынта, əрекетімен дұрыс шешім қабылдауға жəрдем беру. Бұл үшін тəрбиеші болған оқиғаларға тəрбиеленуші тұрғысынан көз салып, оның ойы мен сезімін түсінуге тырысуы қажет.

Сұхбат өзінен өзі бола қалады деу – қате пікір. Жоғары маманданған педагогтар əдептілік сұхбаттарын не болса соны сылтау қылып, өткізе салмайды, оған тыңғылықты дайындық көреді, шəкірттерін де байыппен дайындайды. Мектепте əдептілік сұхбаттары жалқылау (индуктив) не жалпылау (дедуктив) жолымен жүргізіледі: нақты деректер талқыланады, баға беріледі, соңынан жалпы қорытынды жасалады немесе алғашқыда үлкен проблема қойылып, кейін ол дара бөлшектеніп, шешіледі.

Жазықты балалармен сұхбаттасу үлкен кəсіби шеберлікті қажет етеді. Мұндай əңгімелесу кезінде екі ортада психологиялық кедергі, түсініспестік болмауы тиіс. Егер оқушы болған жағдайды дұрыс түсінбейтіні байқалса, оның намысына тимей, кемшілік-қателігін бетіне баспай, əрекет-қылығының шалыс екенін ұғындырып бағу қажет, көпшілік кезінде бұл сұхбат қысқа да нұсқа, байсалды, əжуа- сықақсыз өткені дұрыс. Өз тəрбиешісінің шынайы көңілін, жəрдем пиғылын сезінсе ғана, ол айтқан ақыл-кеңеске құлақ түреді, жазатайым болған келеңсіз ісін енді қайталамауға уəде береді, қайтып ондай əрекетке бармайды да. Оқушымен жекелеп сұхбаттасу тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы кейіп түсінігімен өтсе, оның толық нəтижеге жеткені.

Үлгі-өнеге - өте əсерлі тəрбие əдісі. Бұл əдіс негізінде жатқан заңдылық: көрумен қабылданған санада тез əрі жеңіл бекиді, себебі оны ойланып сөзбен таңбалап не таңбасын ауыстырып жатудың қажеті жоқ. Үлгі- бірінші, ал сөз – екінші сигналдық жүйе деңгейінде əсер етеді. Үлгі еліктеу үшін нақты өрнек беріп, сана, сезім, сенімді белсенді қалыптастырып, іс-əрекетке қозғау салады. «Уағыз жолы ұзақ, үлгі жолы қысқа» - деген байырғы Рим ғұламсы Сенека. Бала өміріндегі тұңғыш жанды өрнек - ата-ана, тəрбиеші, дос-жаран. Əдебиет, фильм кейіпкерлері, тарихи қайраткерлер, ұлы ғалымдар да үлкен тəрбиелік ықпал жасайды. Үлгінің психологиялық негізі – еліктеушілік. Осыған орай бала əлеуметтік жəне инабаттық тəжірибе жинақтайды. Мектеп жасындағы балалар өздері аса ұнатқан адамдарға еліктейді. Сондықтан, баланың адамгершілік дамуына қамқорлық жасауда оның өнегелі ортаға араласуына басты назар аудару қажет.

Өмір өнегесі ұдайы оңды болса, тіпті жақсы, бірақ олай бола бермейді, балаға əсер етуші кері өрнек аяқ астында. Оқушылар назарын өмір, адам келеңсіздіктеріне аударып бару, болымсыз қылықтар салдарын талдап, олардан қорытынды шығару –міндетті шарт. Мезетімен орынды пайдаланған ұнамды үлгі тəрбиеленушіні жаман қылықтан сақтандыруға жəрдем беретінін де ескерген жөн.

Тəрбие тəрбиешінің жеке басы үлгі-өнегесіне, оның қылық-əрекетіне, қамқорлығындағы балаларға қатынасына, дүниетанымына, іскерлігі мен абыройына тəуелді. Ұстаз үлгісінің оңды ықпалы оның сөзі мен ісінің жарасымдылығына, балалардың бəріне бірдей ақ пейілді қатынасына орай арта түседі. Бұл тəрбиешінің беделіне, ол бастаған істің жүйелілігі мен бірізділігіне де байланысты.

Сонымен, сана қалыптастыру əдістері тұлғаның ізгілену тəрбиесінде маңызды рөл атқарады. Мұндай əдістер түрі: əдептілік əңгімелері, түсіндіру, ұғындыру, əдептілік сұхбаттары, үгіттеу, сендіру, көрсетпе нұсқау, үлгі тəрбие əдістерінің тиімділігі олардың қалай қолданылуына, педагог таңдаған гуманистік бағытқа тəуелді.

 

3. Іс-əрекет ұйымдастыру əдістері

Тəрбие көзделген əрекет-қылық (поведение) типін қалыптастыруы міндетті. Тұлға тəрбиелілігі түсінік, ұғымнан көрінбейді, ол адамның нақты іс-əрекетімен бағаланады. Бұл тұрғыдан іс-əрекет ұйымдастыру мен қылық қалыптастыру тəрбие процесінің өзегі ретінде қарастырылады. Аталған топтағы əдістердің бəрі тəрбиеленушілердің практикалық іс-əрекетіне негізделген. Мұндай іс-əрекетті басқару үшін педагог оны құрамды бөліктерге – нақты істер жəне қылықтарға жіктейді.

Қажетті тұлға сапаларын қалыптастырудың жалпыланған əдісі – жаттықтыру. Балада қалыптасатын қылық, əрекеттің қай-қайсысы да жаттығып, дағдыланудан. Балаға басқалардың қалай жазатынын əңгімелеп, жазуға, атақты күйші өнерін көрсетіп, домбыра тартуға үйрету мүмкін емес. Тəрбиеленушіні мақсатты бағытталған белсенді əрекетке ынталандырмай, жоспарланған мінез бітісін де орнықтыруға болмайды. Жаттықтыру мəні – талап етілген əрекеттерді көп мəрте қайталаумен автоматты орындалу дəрежесіне жеткізу. Жаттығулар нəтижесі – тұлғаның бекіген сапалары: əдеттер мен дағдылар.

Жаттықтыру істерінің тиімділігін келесі шарттар анықтайды: 1) жаттығулар жүйесі; 2) олар мазмұны; 3) түсініктілігі мен жеңілдігі; 4) көлемі;

5) қайталау жиілігі; 6) бақылау мен түзету; 7) тəрбиеленушілердің тұлғалық сапалары; 8) жаттығулардың орындалу мерзімі мен орны; 9) жеке-дара, топтық, ұжымдық жаттығулар формасы; 10) жаттығу сеп-түрткілері мен оған деген ынта себептері. Жаттығулар жиілігі, көлемі жəне жетіскен нəтижелер арасында тікелей тəуелділік бар: жаттығу неғұрлым көп орындалса, олар жəрдемімен қалыптасушы сапалар дамуы да соғұрлым жоғары келеді. Бұл тəуелділік тұлғалық ерекшеліктерімен реттеліп барады. Бірдей тең деңгейлі сапаны қалыптастыру үшін əр оқушының орындайтын жаттығуларының саны əрқилы: бір бала көзделген сапаға аз санды жаттығудан жететін болса, екінші біреуінде ондаған, жүздеген жаттығу əрекеті қажет. Сапа неғұрлым күрделі келсе, оған байланысты əдеттерді қалыптастырып, тұрақтандыру үшін соғұрлым көп жаттығу орындап, көп мəрте қайталау керек.

Жаттығулар жүйесін жоспарлауда тəрбиеші ең алдымен өз тəрбиеленушілеріне қандай дағдылар мен əдеттерді қалыптастыруы қажет болатынын ойластырып алғаны жөн. Жаттығулардың көзделген қылық-əрекетке сəйкес болуы (адекватность) – əдісінен баланың өмірлік қажетті, мəнді жəне пайдалы дағдылары мен əдеттері қалыптасады. Сондықтан жаттығулар қалай болса, солай ойдан шығарылмай, өмірден алынуы тиіс. Бірінші кезекте жалпы адамзаттық ізгілі сапалар тұрғызушы жаттығулар пайдаланылады.

Тұрақты дағдылар мен əдеттер қалыптастыру үшін жаттығуларды мүмкін болғанша ерте жастан қолданған дұрыс. Жас организм қай əсерді де тез қабылдайды. Əдеттенген адам өз сезімін басқара біледі, құмарлықтарына тоқтау береді, өз ниеттерін басқалар мүдделерімен салыстырып, бағалай алады. ұстамдылық, өзіндік бақылау, ұқыптылық, тəртіптілік, қатынас мəдениеті – бəрі де тұрақтанған əдеттер негізінде туындайтын ізгілі адам сапалары.

Жаттықтыру əдістерінің тиімділігіне себепші маңызды шарттардың бірі- біртұтас жаттығулар жүйесінің біртіндеп күрделеніп баруы. Кіші сынып оқушыларында мінез-құлық мəдениетін қалыптастыруда келесідей шамалап түзілген ілгерілі жаттығулар жоспарын ұсынуға болады.

Гуманистік тəрбиеде де қатаң əдістер қолданылады. Бірақ əңгіме оны қалай пайдалануда. Осындай шешімді əдеттердің бірі – талап. Тəрбие барысындағы талап тəрбиеленуші əрекетінің ынталылығын көтеруге не оны тежеуге қажет талаптар тікелей не жанамалы болып келеді. Тікелей талап – анық, дəл, нақты. Жанамалы талапта əрекетке келтіретін талаптың (кеңес, өтініш, сенім, қолдау, құлақ-қағыс жəне т.б.) өзі емес, ал сол талаптан туындайтын психологиялық жағдаяттар: толғаныс, күйзеліс, мүдде, ұмтылыс. Жанама талаптар арасында аса көп қолданылатындары:

Кеңес-талап. Бала санасына ықпал жасаумен педагог қойған талаптың қажеттігін, пайдасын түсіндіреді. Мұндайда кеңестің қабылдануы не қабылданбауы педагог беделіне, оның оқушымен қатынасына тəуелді.

Ойын талап. Əрқандай талаптарды қою үшін тəжірибелі мұғалім баланың ойынға құштарлығын пайдаланады. Бала ойынды қызығушылықпен орындай жүріп, өзі байқамай талаптарды да қабылдайды. Бұл талап əдісінің өте ізгілікті жəне тиімді формасы, бірақ оны қолдануда аса жоғары педагогикалық шеберлік қажет.

Сенім талап. Мұндай əдіс, əдетте, сыйластық жайлаған ортада іске асады.

Өтініш талап. Педагог пен тəрбиеленуші арасында достық, жолдастық қарым-қатынас болған жағдайда өз тиімділігін береді.

Үйретіп көндіру – көзделген сапаны жылдам əрі жоғары деңгейде қалыптастыру үшін қолданылады. Кейде бала мұндай талапты ауырсынады, өжеттікпен қарсы шығады. Солай болса да, көндіру баланың өзі үшін қажет. Гуманистік педагогика адам құқына қарсы қатаң əдістерді қолданудан аулақ, дегенмен орынды жерінде бұл əдісті жұмсарта, басқа əдістермен, əсіресе ойынмен бірлестіре пайдаланғанды жөн санайды. Үйретіп көндіру жəне оны ойынмен бірлестіру бала табиғатына сай келеді.

Үйретіп көндіру тəрбие процесінің барша кезеңдерінде де тиімді, бірақ бала дамуының алғашқы сатысында əбден қажет. Бұл əдісті пайдалану шарттары:

1. Тəрбие шарттарын екі тараптың да анық, дұрыс түсінуі. Егер тəрбиеші алдына қойған көндіру мақсатының мəнін, пайдасын жете пайымдамаса, онда əдіс баланы түгелдей бағындырумен орындалады. Баланың өзі нені қажетсінетінін түбегейлі түсінген жағдайда ғана əдіс өз нəтижесін береді.

2. Қандай да талапқа көндіруде, айтар ойыңызды сөзбен анық, түсінімді өрнектеңіз, ерекше пікіріңізді «олай бол да, солай бол» деп қайырмаңыз. Дұрысы «Көршіңе сəлем берсең – ол да жылы сəлемдеседі», «Салақтың болашағы жоқ, тырнағы өскен, құлағы кір – адам шоршытады» сияқты насихат жолымен ұғындырған жөн.

3. Əрбір уақыт аралығына қонымды, оқушы мүмкіндігіне сай əрекет жоспарлаңыз. Асығыстық мақсатты жақындатпайды, керісінше, алыстатады. Алғашында дəл орындауға, кейін тез орындауға үйретіңіз.

4. Қалай орындалуын, одан болар нəтижені көрсете біліңіз. Салақтық пен тазалықты, ұқыптылық пен салғырттықты нақты мысалмен көрсете түсіндіріп, бала жанын қозғаңыз, өз тəрбиесіздігінен ұялып, оқушыны өзінің келеңсіз əрекетінен жеркенуге мəжбүр етіңіз.

5. Көндірудің бірізді – параллель схемасын қолданыңыз. Егер тұлға сапаларын біртіндеп, кезегімен тəрбиелейтін болсаңыз – уақыт жеткізе алмаймыз. Барша сапаларды параллель де қалыптастырып болмайды. Сондықтан, қай сапалар өзара табиғи байланысты болатынын анықтап, оларды бірқатар тəрбиелеңіз, екіншіде қай сапа қандай қасиетке негіз боларын біліп алып, оларды бірінен соң екіншісін қалыптастырыңыз.

6. Көндіру тілектестік пен мүдделілікке негізделген, бірақ бірқалыпты қатаң, үздіксіз бақылау бар жерде нəтижесін береді. Бақылау оқушының өзіндік бақылауына ұласуы қажет.

7. Көндірудің педагогикалық тиімді нəтижесі ойынмен бірге келеді. Бала белгілі қағидаларды ойын барысында еш зорлықсыз-ақ, өз қалауымен орындайды. Көндіру үшін баланы ойынға тартудың себептері: 1) қажетті іс-əрекет мақсаты оқушылар үшін тартымсыз болса; 2) мақсатқа жету жолы іс логикасына орай баланы жалықтыратын, қолайсыз болса.

Тапсырыстар беру – балаларды ұнамды қылық-əрекеттерге жетелеудің тиімді жолы. Тапсырыстар түрі əрқилы: сырқат жолдасынан хабар алып, оның оқуына жəрдемдесу; қамқорлыққа алынған балабақшаға ойыншықтар дайындау; сынып бөлмесін мейрамға безендіру жəне т.б. Қажетті сапаларды дамыту үшін де тапсырмалар қолданылады, мысалы, нақтылығы мен ұқыптылығы кем балаларға – дəл əрі орынды жасау əрекеті, шыдамсыздарға – байсалдылық талап ететін жұмыстарды тапсырып тəрбиелеуге болады. Тапсырыстың орындалуын ежелеп, түсіндіріп жатудың қажеті жоқ.

Тəрбиелік жағдайлар – арнайы жасалған шарттарға орай тəрбиеленуші іс-əрекеті мен мінез-қылығын қалыптастыру əдісі. Тəрбиелік жағдайлар (ситуация) тиімділігін көтерудің екі жолын еске ұстаған жөн:

- жағдай жалған, жасанды болмай, нақты өмірде кездесетін қарама-қарсылықтары мен қүрделіліктерден құралуы тиіс. Тəрбиеші əдейі жағдай туындатушы шарттарды түзеді, ал ситуациялар табиғи қалпында өтуі тиіс. Мектеп өмірі мұндай ситуацияларға бай: «Оқушы – мұғалім», «Оқушы – жол тəртібінің сақшысы», «Оқушы – ертеңгі серуен басшысы» жəне т.б. тосын жағдайлар. Мұғалім ескертпесін күткен тəрбиеленуші оған алдын ала дайындалады, ал əрекет тосын болса, көп жағдайда бала мұғалім айтқанына көнеді. Оқушының тосын қылығына мұғалім кеңпейілділік, қайырымдылық танытуы лазым. Бірақ бұл жағдайдағы басты шарт: бала мұғалім əрекетін дұрыс түсініп, оны əлсіздік, сенімсіздік демей, жоғары адамгершілік тұрғысынан қабылдауы тиіс. Қай жағдайда да мұғалімнің ситуация дамуына тікелей араласпағаны жөн.

Аталған əдіс басқа тəрбие əдістерінің баршасымен тығыз байланысты.

Тұлға мінез-қылығын қалыптастыру əдістері тəрбиеде өте қажет. Олардың бəрі тəрбие процесінің өзегін құрайды. Атап айтсақ, бұл əдістер: жаттықтыру, талап, көндіру, тəрбиелік жағдайлар (ситуациялар).

 

4. Ынталандыру əдістері

Тəрбиеленушіні белгілі іс-əрекетті орындатуға талаптандыру ниетімен қолданылатын əдістер тобында ынталандырудың орны өз алдына. Бұл əдістің ежелден-ақ мадақтау мен жазалау түрі белгілі. XX ғасыр педагогикасы жəне бір өте əсерлі ынталандыру əдісі – жарыстыру əдісін алға тартып отыр. Кейінгі он жылдықта дəстүрлі ықпал əдістеріне қосымша субъектив-прагматикалық əдістің тиімділігі жариялануда. Ғылыми зерттеулер мен практика нақтылағандай, бүгінгі жастардың ерекшелігі - өмірге болған прагматикалық (пайдакүнемдік) қатынасы. Осыдан қазіргі заман оқушысы өзіне, өз жолдастарына тəрбие маған не береді, неге, қай уақытта ол қажет, одан түсер пайда қандай жəне қаншалықты деген сұрақтарды үстемелеп қоятын болды. Осы секілді пайдакүнемдік – прагматикалық бағытты ескере отырып, кейбір шет ел педагогикалық жүйелері тəрбие процесін тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы коммерциялық қатынас сипатында бағалайды. Ал мұндай қатынас өзегі – пайда. Əдіс əлі қалыптасып, ресми қабылданған емес, бірақ тұрмыста тəрбиеші мен тəрбиеленушілер арасында түзілетін келісім-шарттар жүйесімен біртіндеп тұрақтануда.

Мадақтау – тəрбиеленушілер əрекетіне ұнамды баға беру. Мадақтау ықпалы оқушының ұнамды көңіл-күй сезімін көтеруге негізделген. Осыдан да мадақтау балада өзіне деген сенім орнықтырып, жұмысқа деген жағымды көңіл қатынасын оятады, жауапкершілік арттырады. Мадақтау түрліше орындалуы мүмкін. Олар арасында тəрбие процесінде жиі қолданылатындары – қолдау, қуаттау, алғыс жариялау, құрметті құқықтар беру, мақтау қағаздары мен сыйлықтар беру жəне т.б.

Қарапайымды бола тұра, мадақтау өте жауапкерлі де іс. Мадақ шектен тыс əсіреге айналып кетпей, орынсыз кем де болмауы керек. Санамен сарапталмаған əсіре мадақ баланы бұзады. Осыдан мадақтаудың психологиялық қырлары мен оның салдарын ескерген жөн:

1. Мадақ-марапат сырттай көзге түсіп, əйгілену ниетімен емес, мақтаушы мұғалім мен марапатталушы оқушының, яғни екі тараптың бірдей жан дүниелік қалауы мен қабылдауынан болуы шарт.

2. Мадақтау арқылы тəрбиеленушіні басқа балаларға қарсы қойып алмауды да ойластырған жөн. Сондықтан тек табысқа жеткен оқушыны ғана мақтап шектелместен, шын ықыласымен еңбектенген, өз ісіне адалдық танытатындардың бəріне де жылы лебіз, мадақ сөзді аянбаған жөн.

3. Мадақ қолдана отырып, кім, не үшін, қаншалықты сыйға тұрарлық екенін сараптауды ұмытпаңыз. Əсіре мадақ астамшылдыққа апарады.

4. Əрқандай мадақ жеке тұлғалық ерекшеліктерді ескерумен беріледі. Өзіне сенімі жоқ, үлгерімі төмен оқушыны қолдап-қуаттау қажет. Қандай да ұнамды сапасын танып, педагог сол арқылы балада сенім оятады, ұмтылыс пен дербестік, кедергілерден сескенбеу қасиетін баулиды. Өзіне тəрбиеші, төңірегіндегі адамдар сенімін артқан бала, өз кемшіліктерін де «жүгендеп», оңды жолға түсе бастайды.

5. Бүгінгі мектеп тəрбиесіндегі басты міндеттерден жазбау. Мадақтау мəселесін шешуде өз шəкірттеріңізбен пікір алысуды да жадтан шығармаңыз.

Жарыс, бəсеке. Көп бала топтала қалса, сол бойда өзара бедел таластыра бастайды. Балалар табиғатына аса тəн құбылыс – бəсекелестік. Төңірегіндегілер арасында өз беделін танытып, оны бекіту – əр адамның тума қажеті. Ал бұл қажеттілікті іске асыру басқалармен жарысуды керек етеді. Жарыс нəтижесі баланың ұжымдағы беделін ұзақ уақытқа айқындап, бекітеді.

Жарыс əдісімен баланың бəсекелестікке деген табиғи қажеттігін жеке тұлғаға жəне жалпы қоғамға сай қасиеттерді баулитын тəрбие арнасына бұруға болады. Өзара жарыса жүріп, оқушылар қоғамдық қылық тəжірибелерін тез игеріп, тəн-дене, адамгершілік, эстетикалық сапаларын дамытады. Жарыс əсіресе үлгерімі төмен оқушылар үшін аса қажет: өз нəтижелерін жолдастарының жетістіктерімен салыстыра отырып, өз білімдері мен ептіліктерін көтеруге болған қозғау күш алады, оқуы мен өзіндік тəрбиесіне ден қоя бастайды. Жарыс ұйымдастыру – оңай іс емес: балалар психологиясын жете тану қажет, біртұтас маңызды шарттар мен талаптарды ұстану əрі орындау керек. Жарыс тиімділігі оның ұйымдастырылуында. Бұл үшін жарыстың мақсаттары мен міндеттері айқындалады, бағдарлама түзіледі, баға өлшемдері белгіленеді, жарыстыру шарт - жағдайлары жасалады, қорытынды шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Жарыс өзіне сай күрделілігімен əрі қызықты өткізілуі тиіс. Сонымен бірге жарыс ережелері соңғы нəтижелерді бағалап, салыстыруға келетіндей нақты болғаны жөн. қорытындылау мен жеңімпаздарды анықтау жариялы болып, бағалау өлшемдері қарапайым, баршаға түсінімді болғаны дұрыс. Жарыс бағдары мен мазмұны айқын болуы тиіс. Бүгінгі таңда мектеп тəжірибесінде сынып, мектептің озық оқушысы, пəн білгірі атақтарын алу жарыстары өткізілуде.

Гуманистік педагогика жазалауды да жоққа шығармайды, бірақ оның шегін, сипатын, орындалу жолдарын өзгертуді талап етеді.

Жазалау –келеңсіз қылықтарды шектеп, тежеу үшін, басқалар алдында, өз тұрғысынан айыбын мойындау сезімін ояту мақсатында қолданылатын педагогикалық ықпал əдісі. Басқа тəрбие əдістері секілді жазалау да қылық-əрекеттердің сырттай себептерінің тұлғалық ішкі ықылас-ниеттерге ауысуына негізделген. Мектеп тəжірибесінде жазалаудың келесідей түрлері қолданылуда; 1) қосымша міндеттер таңу; 2) кей құқықтардан айыру не шектеу; 3) моральдық сөгіс, не айып тағу. Тəрбие барысында жазалаудың келесі формалары қабылданған: жақтырмау, ескерту, сөгіс жариялау, алдын ала сақтандыру, айыпқа сай талап қою.

Жазалау əдісінің тиімділігін анықтаушы шарттар төмендегідей:

1. Оқушы «пір» тұтқан абыройлы адам тарапынан болған жаза əсерлі келеді. Келеңсіз қылығы тек тəрбиеші емес, дос, жолдастарының да жақтырмауына, ескертуіне ұшыраса, айып сезімі күштілеу болады. Сондықтан тəрбиеші ұжымдық пікірге көбірек жүгінгені жөн.

2. Бүкіл сыныпқа жаза қолдануға болмайды.

3. Жаза шешімі қабылданса, ол орындалуы шарт.

4. Жаза тиімділігі оның оқушыға түсінімді болып, оны əділ деп қабылдауынан. Өтелген жаза қайтып еске алынбайды, оқушымен қалыпты қатынас жалғасын табады.

5. Жазала, бірақ оқушының намысына тиюші болма. Тəрбиеші жазаны өз жек көргендігінен емес, педагогикалық қажеттіктен қолданады. «Келеңсіз қылық - жаза» формуласы мүлтіксіз орындалуы шарт.

6. Жазалау мəселесін шешуде негізінен келеңсіз қылықтарды, болымсыз мінез бітістері мен əдістерді шектеу, тежеуге бағытталған тəрбие əрекеттері тізбегін біртіндеп қолданып, басты, мəні нақты, ұнамды сапаларды орнықтыруға қаратылған іс-əрекеттерге өту қажет.

7. Жазалау əдісін қолдануға негіз- дау-дамайлы жағдай (ситуация). Бірақ көрінген орынсыз қылық пен ережеден ауытқу жанжал туындатпайды, сондықтан, парықсыз жаза қолдана беруге болмайды. Жазалау мəселесінде жалпы, барша жағдайға жаза тағайындау мүмкін емес, əрқандай тəртіп бұзу өзінің дара сипатына ие: оны істеген кім, қандай жағдайда болды, себептері не – осы жəйттерді ескерумен жаза жеңіл не өте қатал болуы ықтимал.

8. Жазалау - өте ауыр да əсерлі əдіс. Жаза таңдаудағы педагог қателігін түзету өте қиын. Сондықтан, жүз берген жағдай жөнінде толық та анық түсінім болмағанша, асығыстықпен жаза қолдануға болмайды. Кері жағдайда жаза өз əділдігі мен пайдасын жоғалтады.

9. Педагогикалық процестегі жаза – кек алу құралы емес. Балада жазаның оның өз пайдасы үшін қолданылып жатқанына сенім тудырыңыз. əрқандай жаза əр баланың жеке ерекшеліктеріне орай қолданылғаны дұрыс.

10. Жазаның жеке балаға,оны даралығына сай қолдануы – əділдіктен ауытқу емес. Бұл өте маңызды проблема. Егер педагог оқушының жеке тұлғалық ерекшеліктеріне мəн беретін болса, жаза да, мадақтау да жікке келеді, ал, егер ол тек келеңсіз қылықтың өзіне мəн беріп, қай тəрбиеленуші тарапынан болғанына назар аудармаса, жаза түрлері жіктелінбей қолданылып, тұлғалық бағыт заңдылығына қайшы келеді. Мұғалім өз педагогикалық позициясын балаларға түсіндіруі шарт, сонда ғана шəкірттер жаза əділдігін мойындайды.

11. Əрқандай жаза педагогикалық əдептілікті, жас кезеңдері психологиясын, сонымен бірге тек жазамен істі оңғаруға болмайтынын түсінген жөн. Осыдан да жаза басқа тəрбие əдістерімен бірлікті қолданылады.

Субъектив – прагматикалық əдіс негізі – тəрбиесіздік пен білімсіздіктің, тəртіп пен қоғамдық талаптарды өрескел бұзудың пайдасыз екенін түсінуде. Қоғамдық жəне экономикалық қатынастар баланы ерте жастан қатаң конкуренттік тайталасқа қосып, өмірге тыңғылықты дайындық көруге мəжбүрлейді. Осыдан да нарықтық экономикаға ертерек көшіп, дамыған елдердегі мектептік білім мен тəрбие қарапайым тұрмыс-тіршілік қажетіне (утилитарное) бағытталып, басты мақсат – шəкірттерді оқу орнын бітірген соң жұмыс табу, тіршілік қамын жасауға тəрбиелейді. Біздің өткен кеңестік дəуірдегі тəрбиеміз, керісінше, оқушыға бəрін білдірді, бірақ субъектив – прагматикалық тəрбиені буржуазиялық деп жоққа шығарғандықтан, мектеп түлегі білгенін тұрмыста қолдана алмай, жеке де, қоғамдық та пайдаға жарата алмады.

Педагогтар қоғамдық-экономикалық тарығуларды тəрбие мақсатында қолданады. Алдымен олар жоғары сапалы мектеп тəрбиесінің əр адамның нарықтық əлеміндегі орны жəне жағдайымен байланысты болатынын баса түсіндіреді, тəрбиесі төмен, білімі кем адамдардың болашақта беделді қызметтен, жоғары жалақыдан жұрдай болатынын, жұмыссыздар қатарында қалуы мүмкін екндігін нақты мысалдармен көрсетеді. Осыған байланысты тəрбие қатаң жеке тұлғалық бағытта жүргізіледі, себебі əр тəрбиеленуші мектеп бітіруде ұнамды пікір, бағамен еленіп, жұмысқа орналасу мен оқуға түсу үшін негіз қалайды. Бұлай болмағанда, жұмыс орындары мен мекеме басшылары оны қызметке алмайды. Егер педагог академиялық табыс, яғни педагогикалық процестегі жетістік əр оқушының қабілетіне байланысты болатынын əрі ол табысты қолға түсіру бала даралығына орай екенін жете түсінсе, оның қолынан болымсыз түлек шықпайтынына кəміл сенуге болады.

Субъектив – прагматикалық əдістің нақты іске асыру жолдары төмендегідей:

- тараптар міндеттері анық көрсетіліп, тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасында жасалған келісім-шарт (контракт);

- тəрбиешілер жəне ата-аналар ортасында келісіммен түзілген жеке өзіндік жетілу бағдарламасы (өзіндік тəрбие мазмұны);

- жеке қызығушылықты арттыру үшін оқушылар қалаулары бойынша түзілген төлемді оқу-тəрбие топтары;

- құқық бұзуға бейімді балалармен тəрбие – сақтандыру жұмыстарын алып баруға арналған «тəрбиешілік топтары»;

- ең соңғы техникалық құралдар жəне электронды – есептеу машиналары жəрдемімен тəрбиеленушілердің мінез-құлығын, əлеуметтік дамуын үздіксіз бақылауға алу, яғни мониторинг жүргізу;

- техникалық құралдармен жинақталған сандық жəне сапалық көрсеткіштер нəтижесі негізінде тəрбиеленушінің жеке-дара даму бағытын анықтап, тұлғаның қажетті қасиет-сапаларын алдын ала жоспарланған арнада тəрбиелеудің «сценариін» түзу;

- ұдайы өткізіліп тұратын ойын, жарыс, курстарға байланысты əрбір оқушының тəрбиелік, əлеуметтік кемел, азаматтық дəрежесін анықтау үшін ұйымдастырылатыны тест-байқаулар;

- тəртіп бұзушыларды жазалау мақсатында қолданылатын айыппұл төлету, құқықтары мен еркіндігінен айыру, əлеуметтік-қоғамдық басымдықтарын (привилегии) алып тастау жəне т.б. секілді шараларды пайдалану.

Бұл əдіс, əзірше еліміз мектептерінде кең өріс ала алмай отыр. Дегенмен, тұрмысымызға қарқындай еніп жатқан əлеуметтік жəне экономикалық өзгерістер уақыт оздырмай, тəрбие процесінің маңызды шарттарының бірі ретінде субъектив-прагматикалық əдістің алғы шепке шығуы – заңды күтілетін құбылыс.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 1117 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar