Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Соғыс және сағыныш (эссе)
04.01.2014, 19:41

Біздің қазақ халқы сол Ұлы Отан соғысы жылдарында қай жерде мерт болғанын білмей, із-түзсіз жоғалт­қан аға-бауырларын әлі күнге дейін сағына іздейді. Сағынышпен еске алып отырады. Соғыс сызы әлдеқашан естен шыға бастаса да, кеудедегі сартап сағы­ныш, о шіркін, әлі де үзілер емес.

* * *

Ілгеріде… Қызылордадағы жастар ұйымының бөлім басшысы қызметін ат­қарып жүрген шағымызда туған інім­дей боп соңымнан ерген бір бауырым – нұсқаушы Ниятолла (өзі осылай атаған­ды ұнататын) Раманқұлов маған әлі сия­сы кеппеген бір өлеңін асыға-алқына оқығаны бар. Өзім әлдебір қарбалас жұмыс жайымен сапырылысып жатсам, ол да жағадан алып:

– Тыңдашы, ғажап жыр! – дейді. – Өткір өлең… Ызғарлы өлең…

– Е, қойшы! Осы күні өлең тыңдап отыратын уақыт па екен, – деймін оның алқынған көңілің баса сөйлеп. Ниятолла сонда да қайтар емес. Ақыры оқыды. Тыңдамасыма қоймады.

Сондағы саңқылдап оқыған ұзақ өлеңінің бір шумағы ғана есімде сақта­лып қалыпты. Жыр соғыс туралы болатын.

Дәміндей ерменнің,

Бойға ащы тарады.

Соғысты көргеннің

Бәрі де жаралы… деп түйіндеп еді. Осы жолдар, неге екені белгісіз, әлі күн­ге дейін есімнен шықпай, соғыс туралы сөз болса, үнемі тілімнің ұшына орала беретіні бар.

Таяуда Сыр елінен Астанаға мені іздеп келген Амангелді аға Әбзәлиев хабарласты. Бұл кісі кешегі Ұлы Отан соғысында майданнан оралмаған ақын-жауынгер Әбзәли Егізбаевтың ұлы. Әке­сі соғысқа аттанғанда небәрі 4-5 жасар бала екен, әке бейнесін де еміс-еміс елестетеді.

– Сені іздеу себебім, – дейді ағам. – Мына әкемнің артында қалған жәдігер жырлар топтастырылған кітапты бере кетейін деп едім. Бар жұмысым осы.

Сосын Әбзәли Егізбаевтың бір том­дық өлеңдер жинағын алдыма қойды. «Сырдария кітапханасы» сериясымен басылыпты. «Фолиант» баспасы арқы­лы әсем безендіріліп, көркем етіп шы­ға­рылыпты. Кітапты қолыма алып, ақы­рын сипалап көрдім. Бұл жай өлеңдер жинағы емес, қанды майданға қатысып, жанбай – жоғалмай оралған өршіл жырлар ғой, деймін дауысым дірілдеп.

– Тек майдан жырлары емес, мұнда 1937-жылдардағы жазықсыз жапа шеккен жандардың мұң-наласы да көркем кестеленіп көрініс тапқан, – деді Аман­гелді аға. – Әкем соғысқа аттанғанға дейін де бірқатар өлеңдер жазыпты. Біз соны іздеп жүріп тауып алдық.

Содан соң маған тағы бір кітапты ұсынды. «Біз сенің өміріңнің жалғасы­мыз» деп аталады екен.

– Бұл, – деді аға, – артында қалған ұрпақтарының ұзақ жылғы сағыныш сезімі, ыстық ықыласы, һәм жүрекжарды сөздері жазылған жинақ. Бұны да оқып шығарсың.

– Өзіңіз жаздыңыз ба?

– Өзім жазған дүниелер де бар, ағам Нағмеддиннің әке туралы толғанысы бар, басқалардың естелік-мақалалары да молынан берілген. Ең бастысы, бұл кі­тапта әкемнің өшпес рухы атой салып айқайлап тұр.

* * *

1941-45-жылдардағы қанқұйлы со­ғыс кезінде опат болған әкелер мен апалар ұрпағы, айтатыны жоқ, осы күні жаны жабырқау тартып, әрдайым-ақ кер­­мек сезімді бастан кешеді. Олар өткен өмірлерін сөз еткенде қолқасы қы­­сып, кеуделерінен суық ызғар соғады.

Амангелді Әбзәлиев аға екеуміз аз ғана уақыт тілдескен сәтте байқа­ға­ным – азаматтың асыл жүрегі жаралы. Жасы жетпістен асса да, әке туралы толғана сөз бастаса, еріксіз дауысы ді­рілдеп, жанары жасаурайды.

Әбзәли Егізбаев Сыр бойындағы Қармақшы елді мекенінде 1907 жылы дүниеге келген екен. 1930-жылдардан бастап бірнеше жыл комсомол, кеңес жұмыстарында әртүрлі деңгейдегі қыз­меттерде болады. Ал 1933 жылы бір­жо­ла ұстаздық жұмысқа ауысады да, 1937 жылы орта мектептің директоры қызметіне тағайындалады. Дәл сол қыз­метте жүрген шағында оған «халық жауы» деген жала жабысты. Аяғында істі болып, жер ауып кете барады. Тағылған қылмысы – «мектеп жөндеу жұмыс­тарын қасақана ұзартқан», «ауданға мектепте оқитын бала санын азайтып көрсеткен», тағы сол секілді майда-шүйде нәрселерді тізіп-тізіп көрсеткен.

Осылайша, жазықсыз жапа шеккен асыл азамат біраз жыл азап көріп, әзер дегенде ақталып, елге оралған бетте соғыс өрті тұтанып жүре береді. Сосын шұғыл түрде әскерге шақырылып, со­ғыс даласына аттанады.

Том, Воронеж, тағы басқа да бір­неше қалаларда жаумен болған қиян-кескі ұрыстарға талай рет кіріп шығып, бәрінен де аман қалып, шыбын жанын олжа көрген жауынгер жігіт 1945 жылы елге қайтуға дәмеленіп, буынып-түйініп отырғанда, Шығыс майданына, Жапония жеріне баруға бұйрық түседі.

Міне, осы Қиыр Шығыста болған күндерінде Әбзәли Егізбаевқа оқыстан оқ тиіп, қаза болса керек. Жеңістің жалауы желбірегелі тұрған кезде есіл ер қапыда көз жұмады.

Жүрегі жырға толы азаматтың фә­ниден аттанардан аз ғана бұрын жазған бір жырында мынадай жолдар бар:

Халық үшін белді буып аттанамыз,

Қолға алып қару-жарақ, сапталамыз.

Кеудеден кеткенше жан, жұмғанша көз,

Қайрат қып, ел борышын

атқарамыз…

Рас, есіл ер соңғы демі біткенше еліне, Отанына адал болды, сол үшін қасық қанын да аяған жоқ.

* * *

– Әкем небәрі отыз сегіз жас өмір кешті, бірақ, сол қысқа уақыттың өзінде көп нәрсеге үлгеріпті, – дер еді Аман­гелді аға. – Ал біз болсақ…

Ол кісі аз-кем үнсіз қалды да, содан соң қайтадан сөзді жалғады.

– Мен әкемнің сүйегі жатқан жерді іздеп, сонау алыстағы Қиыр Шығыс елдеріне сапар шегіп қайттым, – деді аға. – Қасымда екі-үш кісі болды. Сол сапарда мен неге екенін қайдам, үнемі кермек ой үстінде болдым. Әкеңді із­деу, анығырақ айтқанда, оның баяғыда жер қойнына берілген мәйітін іздеуден өткен ауыр сапар болмайды екен…

– Жерленген жерін таба алды­ңыздар ма?

– Әрине, таптық. Оған ең әуелі тіке­лей қолдап, қол ұшын берген сол кездегі Қытайдағы елші, ұлтжанды азамат Қ. Сұлтанов болды. Сол кісі әке­міздің сүйегі Манчжурияда жатқанын айтты. Әке­міздің мәйіті Манчжурия қаласындағы қалалық паркте, бауырластар зиратынан орын алыпты. Іздеп барып, бейіт алдында бас иіп, құран оқыдық.

Амангелді аға осыны айта отырып, толқулы сезімді бастан кешеді. Дауысы да дірілдеп бара жатты…

Мен ойланып қалдым.

«Бұл соғыс ызғары қай заманда тыныс тауып, біржола тыншуы мүмкін! Қашан адамдардың жүрегі қан жылауын доғарады екен, ә! Бұл не деген ұзақ қайғы… ».

Ойыма әнебір жылдары анам айтқан соңғы әңгімелер еріксіз орала берді.

* * *

Бекзада Жұматкеліні 2010 жылы жаз айында бақидан фәниге озды. Қыс бастала қатты ауырды да, алаңсыз төсек тартты. Үнемі балалары мен қыздарын іздей беріпті, іздей беріпті. Хабар бізге де жеткен еді, бірақ қызмет жағ­да­йымен дереу жиналып жетіп баруға мүмкіндік болмады.

Көктем шыға аз уақытқа демалыс алып, ауылға келдім. Анам қатты жүдеп қалыпты. Жанында әлденеше күн болып, әңгімесін тыңдадым.

– Балам, – деді анам, – сен білесің бе! Мен әкемнен 3-4 жасымда айырылдым. Ол кісінің адами бейнесін де біл­меймін. Көз алдыма, қанша тырыссам да, елес­тете алмаймын. Сосын оңашада үнсіз жылап аламын.

– Оны білем ғой. Талай рет айт­қансыз.

– Әрі қарай тыңда, – деді анам. – Ал  енді Нұрбек деген ағам Шым­кент­тегі Қапланбек зооветеринарлық техникумын үздік оқып, аяқтаған соң, ауылда ұстаз болды. Бала оқытты. Бар­лық пән­ге жетік болатын.

– Оны да айтқансыз. Нұрбек аз уа­қыт ішінде мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары, тіпті, бірер ай директорлықты да өзі атқарды дегенсіз.

– Бірақ, сол жұмыста көп отырған жоқ.

– Иә, Нұрбек ағатайыңыз аяқ астынан соғысқа аттанды.

– Рас, соғысқа өз еркімен сұранды. Аудандық әскери комиссариатқа барып өтініш білдіріпті. Оны біз кейінірек білдік…

– Неге олай етті екен, ә?

– Ағам маған бір жолы «менің бар­лық құрдастарым мен қатарлас­тарым май­данға аттанды, елді фашистерден қорғап, ерлік көрсетуде, ал мен елде тығылып жатырмын» деп сыр айтты. Мен оны жұбатып «сіз жас бүлдір­шіндерге білім беріп жүрсіз ғой» дедім. Ағам менің сөзіме мән берген жоқ. «Шамасы, мен де өз еркіммен соғысқа кететін шығармын» деп күбірлегенін өз құлағыммен естігенмін.

– Отансүйгіштік деген осы болар!

– Әй, қайдам! – деп анам қамыға түсті. – Ол мұғалім ғой, сол шаруаны абы­роймен атқарып жүре берсе, жұр­тына көп жақсылық жасамас па еді. Соғысқа аттанып кетті де, жап-жас кезінде қыршынынан қиылды. Жалындап тұрған жас өмір орта жолда үзілді де қалды…

* * *

Гвардия аға сержанты Нұрбек Шаханов Сыр бойындағы Жаңақорған ауданынан әскерге алынып, 4-5 ай Алма­тыдағы мергендер әзірлейтін арнаулы курста ерекше дайындықтан өтіпті. Содан соң арнайы жасақталған әскери топпен қан майданға аттанады.

Жауынгердің неміс фашистерімен бетпе-бет айқасқа түсуі Украинаның Донецк қаласындағы Голая Долина селосы болды. Мұнда ол 88-атқыштар дивизиясы құрамында еді. Шайқастың алғашқы күндері-ақ өте мергендігімен өзгелерден ерекшеленіп, әлденеше рет алғыс алыпты. Аз уақыт ішінде взвод командирі болып бекітіліпті. Қаншама әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындай алыпты. Мерген жігіттің ақырғы демі 1943 жылы 22 шілдеде соғыс даласында үзілді. Мәйіті сол селода мәңгі мекенін тапты.

Анамның айтуынша, Нұрбек те ептеп өлең шығарады екен, ақындығы ауылда жүрген кезде-ақ белгілі болыпты. Екі-үш ауыз өлеңді аяқ астынан шы­ғара салады екен.

Соғыс даласынан жазған бір хатында:

Аман-сау жатырмысың қарындасым,

Кеудеңнен қуанышың арылмасын!

Сәлем айт Зәуре атты анамызға,

Тілектес бола жүр деп балаңызға!.. – деп Бекзадаға жыр арнайды.

– Ағамнан келген сағынышқа оран­ған үшбұрышты хаттарды күні кешеге дейін сақтап жүруші ем, – дейді анам. – Әкеңе тұрмысқа шыққан соң бәрін де жоғалттым. Қайда қалғанын білмеймін.

Сол Нұрбек Шаханов тағы бір хатында былайша өлеңдетіпті:

Ыстық қой кім-кімге де Отан деген,

«Жаурасаң, мына менен от ал» дер ем!

Қорғаймыз жан Отанды жау

біткеннен,

Сүйіңдер бұл Отанды мендік

деммен!..

Арқамды Отаныма тіреп тұрып,

Жайратам жау біткенді білек түріп!..

О, ана, бір өзіңе табынамын,

Ақ сүтіңмен келген маған жүректілік!..

* * *

Көптен төсек тартып жатқан анам Бекзада Жұматкеліні енді басын көтер­ді. Сосын бізге – төрт ұлына қарап:

– Әй, осы менің бақиға аттанар кү­нім де алыс қалмады білем, – деді. – Енді сендерге айтар бір өтінішім бар.

– Айтыңыз, апа! – дестік жамырай сөйлеп.

– Көзім тіріде сол соғыста мерт болған Нұрбек марқұмға ас беруім керек. Ертең ана дүниеге барғанда әке-шешеме не бетімді айтамын! Нұрбек ағатайыма не деймін.

– Не істеуіміз керек? – деді Дәуітбек ағам.

– Ас берейік. Құран оқытайық. Киім таратайық.

– Е, жарайды, – деді Елтай ағам. – Ол қиын шаруа емес екен. Қолда мал бар. Көкөніс те шешілген…

Апам аз-кем жөтеліп алып:

– Сендер бастасаңдар, мұндағы ағайын-туыс та қарап қалмас, – деді. – Төркін жағым да арқаланып келіп жетер. Бәрі де Нұрбек марқұмның аруағы алдында бас иеді ғой.

Сәуір айының соңғы мамыражай күндерінің бірінде Сыр бойындағы Қы­раш ауылында соғыстан қайтпай қалған жауынгер азаматқа арналып ас берілді. Құран бағышталды. Естеліктер айтылды.

Мінбеге көтерілген үздік мектеп оқушысы да Нұрбек атасының жастарға арнап жазған жырын мәнерлетті:

Соғыс деген айдаһар ғой ақырған,

Арбап бізді апанына шақырған!

Сендер аман болыңдаршы, жас ұрпақ,

Ойнаңдаршы, күліңдерші асыр сап!

Өзім жетпей, сөзім жетсе еліме,

Аманатым – үлкен-кіші, бәріне!…

Оның кіршіксіз таза дауысы бүкіл ауылды аралап бара жатты… Өлеңнен Нұрбектің өршіл рухы сезіліп тұрды…

Осы шаруаны өзі бақылаған анам риза болып:

– Айналайын, енді өле берсем де болады, – деді. – Әйтпесе, кеудемде бір сағыныш үзілмеуші еді. Аңсап жүруші едім сол ағатайымды… Тірі болып, сексен жас жасағанда не істей алдым деп… Апам сөзінің аяғында кемсеңдеп кетті.

* * *

Амангелді аға әңгіме айтып отыр.

– Мен Манчжурияға барған сол сапардан бос қайтқаным жоқ, әкем қайтыс болған жерден топырақ ала келдім, – деді. – Дорбадағы топырақты өзі туған жерге әкеліп қойдық. Бұл – әкемнің туған еліне қайта оралуы ғой…

Соғыс аяқталғалы бері қаншама уақыт өтіп барады. Бүгінгі жас ұрпақ ол соғысты, тіпті қанша ұғындырсаң да түсіне бермеуі мүмкін. Ал, соғыстан қайтпай қалған ерлердің ұрпағы болса, әлі де мұңаюлы. Әлі де жүректері жаралы.

– Әкем бір өлеңінде былай деп жазыпты, – деді Амангелді аға. – Тыңдап көрші.

Бәйшешек гүл-гүл жайнаған,

Бағында бұлбұл сайраған,

Сайран салып ойнаған,

Туған жер бізді сағынтты!

Пүліштей егіз түрленген,

Ырғала өсіп гүлденген,

Әлемге әсем нұр берген,

Туған жер бізді сағынтты!..

Ол өлеңнің соңғы жағын түгел оқи алмады. Тағы да қамыға, дауысы діріл­деп, тоқтап қалды.

Мен ол кісінің көңілін аулап, әңгіме бағытын басқаға бұрдым.

– Ұмытпасам, сіздің әкеңіз жайлы қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәу­ленов өте әсерлі әңгіме айтыпты. Ал, Әбу Сәрсенбаев «Әбзәлидің толарсақ­тап қан кешіп, бораған оқ пен оттың ортасында жүріп, осынша өлең жазға­нына таңырқайсың» деп жазыпты ғой.

– Ол рас, – деді Әбекең. – Әкемнің 80 жылдық тойында осындай жылы-жылы пікірлер айтылғанын өз құлағым­мен естігенмін.

– Әбзәли Егізбаев Жазушылар ода­ғындағы майдангер-қаламгерлер ара­сында есімі жазылған кісі!

– Иә, ол да бар, – деді Амангелді аға.

Кішкене тоқтады да, содан соң:

– Таяуда әкемнің кітабын Елбасымыз Н.Назарбаевқа арнайы жолдаған едім, ол кісіден алғыс сезімге оранған жауап хат алып қуандым, – деді.

* * *

Ол кісі шығып кеткен соң, оңаша ойланып отырып қалдым. Көз алдымда   Сыр елінен майданға асығыс аттанып кетіп, қайтып туған жеріне аман-есен жете алмаған қос боздақ! Таңғаларлығы – екеуі де бір жылдары ұстаздық жұмыс атқарып, жас бүлдіршіндерге ілім-білім үйретіпті. Екеуі де мектеп басшысы болыпты. Екеуі де білімді, білікті азамат екендігін аз уақытта бүкіл елге дәлелдеп үлгеріпті.

Ал ең таңғаларлығы – екеуі де ақын. Екеуінің де көкірек сарайы сайрап тұр. Көмекейін ашса, ар жағынан жыр төгіледі.

«Әттең» дейсіз осындайда. «Сол бір қанқұйлы соғыс болмаса, Әбзәли мен Нұрбек қазақ поэзиясында жарық жұлдыз болып жарқ етіп көрініп, ұлт әдебиетін тағы да бір биікке көтеріп тас­тар ма еді».

Міне, ХХI ғасырда біз кешегі соғыс тақырыбын осылайша сағынышқа орап, тек қана аңсау сезімімен баян етіп отырмыз. Өйткені, ол күндердің елесі бүгін жүрек сыздатар ауыр ойларға жетелеп қана қоймайды, сонымен бірге, көңіл толқытар кермек сағынышты да молынан кеудеге құя түседі.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 1175 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar