Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Сегіз қала сыры
06.01.2014, 12:19

Грек тарихшысы Арриянның (б.д. 87-145ж.ж.) «Александр жорығы» атты шығармасы Ескендір Зұлхарнайын туралы жазылған көптеген шығармалардың ішіндегі ең сенімді еңбек. Себебі бұл еңбек көзкөргендердің – Лагтың ұлы Птоломейдің және Аристо­булдың ұлы Аристобулдың әңгімелері мен Александрдың Шығысқа әскери жорығы туралы олардың хроникалык жаз­баларының деректеріне сүйеніп жазылған. Енді осы Арриянның «Александр жорығынан» алынған мына бір мә­ліметтерді қарастырып көрейік. Онда былай делінген: «Ал оның өзі Танай өзенінің бойында қала тұрғызып, оған өзінің есімін тақпақ болады. Оның ойынша, бұл жер келешекте өсетін қала тұрғызғанға қолайлы еді, себебі скифтердің, өзеннің арғы бетінде тұратын варварлардың шабуылына тойтарыс бере алатын елдің қалқаны болу мүмкіндігі бар еді.
Қаланың үлкен болатынына қоныс ау­дарушылардың көптігі және оның ата­ғының шығуы себепкер болатын еді. Осы уақытта өзенге жақын тұратын варварлар қалалардағы македон гарнизондарын талқандап, басып алды, ал қалалардың бекінісін одан да күшейте түсті. Бұл көтеріліске көптеген соғдалықтар да қатысты. Бұдан хабардар болған Александр өз қарамағындағылардың әрқайсысына өзі көрсеткен сандағы сатылар жасауға бұйрық берді де, өзі лагерьге жақын жердегі Газа аталатын қалаға жүріп кетті.
Бұл жерден ол бірден екінші көршілес қалаға барып, оны да тура солай сол күні-ақ басып алды, жеңілгендердің тағдыры да, алдыңғылардың тағдырын қайталады. Александр келесі күні үшінші қалаға барып, бірден бірінші шабуылдан кейін ол қаланы да басып алды.
Екі күннің ішінде осылай бес қаланы алып, қала тұрғындарын құлдыққа салып, Александр ең үлкен қала Кирдің қаласына бағыт алды. Қала Кирдің салдыруы бойынша биік қабырғамен қоршалған еді және онда көптеген соғысқұмар варварлар жиналған болатын, сондықтан да македондықтарға бірден қаланы алу оңайға соқпады. Александр қабырғаға машиналарды жақындатып, осы жерден қабырғаны бұзып, қалаға кірмек болды. Дегенмен, ол қала арқылы ағып жатқан өзенді көрді және ол өзеннің қыстық жаңбырлардан суы мол болатын, бірақ енді ол мүлдем құрғап қалған еді. Қала қабырғасы оның арнасын толығымен жауып тұрмаған, сондықтан әскерлер ол арқылы қалаға еңбектеп кіре алатын еді. Александр өзімен оққағарларын, қалқаншыларын, садақшыларын алып, варварлар бар көңілдерін машинаға бөліп, сол жерді қорғап жатқанда, ол ешкімге көрінбей, аз адамдарымен өзен арнасы арқылы қалаға кіріп, оны басып алды. Жиырма күннің ішінде қабырғамен қоршап, онда эллиялық жалдамашыларды, онда тұрғысы келген көрші варварларды және соғысқа жарамай қалған македондықтарды тұруға жіберді».
Енді осы берілген мәліметтерді ой елегінен өткізіп көрсек. Мұнда айтылған жеті қала да, Ескендір салдырған сегізінші қала да Танайс өзенінің жағалауында салынған. «Гректер Танайс өзені деп Дон өзенін атайды» дейді ғалымдар. Бұл сегіз қала бір-біріне өте жақын орналасқан. Олай дейтін себебім, Александрдің жаяу әскері ауыр қару-жарақтарын, найзаларын, ауыр мыс қалқан, ауыр тас ататын машиналар мен садақтарын және қала қорғандарына өрмелеу үшін дайындаған ұзын сатыларын сүйретіп бір күнде екі қалаға жетіп, ұрыспен бағындырған және жазалаған. Екінші бір дәлел, өртенген қалалардың түтіні көрші қалаларға көрініп тұрған. Бұл қалалар бір-біріне өте жақын болғандықтан ғана Александр екі күнде бес қаланы бағындырып үлгерген.
Бұл қалалар тізбегі көшпенділердің шабуылынан қорғану үшін қытайлар салған Ұлы Қытай қорғаны, Рим-византиялықтар салған Феодосия қорғаны сияқты қорған шебін құрайтын сияқты. Себебі парсылар да, гректер де азиялық сақтардан, скиф, массагеттерден қатты сескенетін. Себебі бірде-бір Алдынғы Азия мемлекеті азиялық скифтерді ашық соғыста жеңіп көрген емес. Азиялық скифтердің қандай қауіпті жауынгер екенін Александр бұған дейін талай рет естіген де, көрген де болатын. Б.д.д. 331 жылы Гавгамель қыстағы қасындағы соғыста Александрдың 60-ақ мың әскері Дарийдің бірнеше есе көп әскеріне қарсы соғысқан еді.
Рим тарихшысы Квинт Курций Руф (I ғ) «Александр Македонский тарихы» атты еңбегінде Гавгамеладағы соғысқа Дарийдің 200 орақты күймесі, 200 мың жаяу әскер және 45 мың атты әскерінің қатысқанын жазады.
Әрине, бұл оқиғалар туралы тарихи деректер аз емес. Ол деректерден белгілі болғанындай, Сырдария өзенінің жағасы­на салынған 8 қалада бекініс қалалардың болғандығы.
Бұл бекініс қалалар Ұлы Даладан Орта Азияға өтуге ең қолайлы тұсқа салынған болатын. Бұл қалалардың біреуін парсы патшалығының негізін қалаған Кир патша салдырса, соңғысын б.д.д 329 жылдың жазында Ескендір Зұлқарнайын салдырды. Ал қалған 6 қаланың қашан салынғаны және оларды кімнің салғаны белгісіз.
Кир патша басынан айырылып, Дарий екі рет жорыққа шығып, екеуінде де масқара болып жеңіліп қайтқаннан соң, жауынгер сақтарды бағындырудан күдерін үзген парсылар салдырған болу керек. Енді осы сегіз қала Сырдарияның қай жерінде салынды деген сұрақ туатыны орынды. Сегіз қала да бір-біріне өте жақын және Сырдарияның сол жақ, Қызылқұм жақ бетіне салынғаны даусыз. Енді басты мәселе олардың нақты орны қай жерде? Бұған дейін ғалымдар Шеткі Александрия деп ертеректе Ванкат, кеңес жылдарында Ленинабат, қазір Ходжент деп аталатын қаланы атап келді. Ал Кирдің салған қаласы Кира-Кирополь деп қазіргі Ұра төбені атайды. Ал Газа дегеніміз орта ғасырларда Газак, қазіргі Нау дейді. Бұл теңестірулердің қандай дерекке сүйеніп алынғаны бізге белгісіз. Біздің білетініміз – бұл қалалардың бәрі де Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Екіншіден, Кирополь қаласы Кирдің Сырдарияға өткел салып өтіп Томириспен соғысар тұсына салынған. Үшіншіден, осы өткелден кейіннен Дарий да өткен. Одан ары Бетпақдалаға тап болған. Шеткі Александрия тұсынан Александр әскерін салмен өткізіп сақтармен соғысқан. Төртіншіден, бұл сегіз қала да бір-біріне жақын орналасқан және бәрі қосылып парсы империясын, кейінгі Ескендір Зұлқарнайын империясын жауынгер сақтардың шабуылынан қорғайтын қорғаныс жүйесін құраған.
Вавилоннан шыққан тарихшы, парсының Ахаменидтер патшалары өз халқының тарихын арнайы жаздыртқан Берос деген ғұлама «Кир патша Даас (Талас) даласында өз ажалын тапты деп жазыпты.
Жазушы Тұрсын Жұртбаев «Тұмар» атты еңбегінде: «Кир патша б.д.д. 530/529 жылы Сырдарияның жағасына ат басын тіреді. Бұл қазіргі Қызылқұмның жие­гі, Түркістан мен Отырардың маңы болуы мүмкін. Келісім бойынша Тұмар ханым Сырдың бойынан 3 күндік жерге Түркістан­ның тұсынан Арқа мен Қаратауға қарай шегінген. Екі жақтан жарты миллонға дейін әскер қатысқан сұрапыл соғыс Талас даласында өтті» деп қорытынды жасайды.
Ал Отырар үшін ең маңыздысы Сыр­дың оң жағы да, сол жағы да Қаңлы мемлекетіне қарайтын. Отырар бұрынғыдай шекаралық аймақ емес, елдің ортасында қалып, бейбіт, қамсыз өмірдің рахатын көрді. Қытай жібегінің саудасының өркендеуі, арлы-бері өтетін сауда керуендерін бұынғыдан да көбейтіп, батысында үнді, мысыр, рум елдеріне дейін жететін болды. Бұл бейбіт тірлік, шұбырған керуендер, осы жібек жолының күре тамырында орналасқан Отырар аймағына қыруар табыс әкелді. Әрі-бері өтетін түрлі ұлт өкілдерінің көбеюі ғылым-білімнің өркендеуіне жағдай жасады. Отырар өлкесіндегі көптеген шағын қалашықтар Сырдың оң жағына бір орталыққа жинақтала бастады. Осылардың бас қаласында үлкен кітапхана жинақталды. Қаланың жақсы табысы бұл кітапханада көптеген ғалымдардың жұмыс істеп, ғылым-білім, өнердің өркендеуіне мүмкіндік берді. Кітап саудасы да жақсы табыс беретінін білген саудагерлер жүрген жерлерінен кітап сатып алып, Отырарға жеткізіп жатты.
Бұл кезеңде Сыр өзенінің оң жағында да, сол жағында да бірнеше шағын қала­лар қатар өмір сүрді.
Олардың ішінде Весидж, кейінгі Фараб, Кедер, Көкмардан, Кангу Тарбан, т.б. қалалары беріге дейін өмір сүрді. Олардың кейбіреулері, мысалы, Сырдария өткеліне жақын орналасқан Кедер, Кангу Тарбан, Көкмардан сияқты қалалар күннен-күнге өркендеп жатса, ал кейбіреулері түрлі жағдайларға байланысты жағдайы төмендеп, халқы басқа қалаларға кетіп жатты. Кейбір қалалар бір-біріне қосылып, бірігіп жатса, ал кейбіреулері елсіз қалып, бара-бара қалалар саны азайып, есесіне ірілене берді. Бәрінің орталығы Тұрарбанд- Кангутарбан-Отырар қаласы болды.


Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 892 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar