Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
06.03.2013, 17:35 | |
Қазақ елі өз жерінің қазына-байлығымен ғана емес, әлемді аузына қаратқан атақты талант иелерімен де белгілі. Елді өзінің өзгеше өнерімен оятқан жасампаз күйші Құрманғазы Сағырбайұлы болды. Ол ХІХ ғасырдың басында, Батыс Қазақстан өңірінде, Орал облысы, Жанғали ауданының Жиделі елді мекенінде, кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Құрманғазыны күй өнеріне баулыған және оның ұстазы болған Ұзақ күйші еді. Құрманғазы жастайынан домбыра шертіп, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Күйшінің шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, өрлеуіне Бөкей ордасының Байжұма, Баламайсан, Байбақты, Соқыр Есжан сынды атақты күйшілері үлкен ықпал еткен. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды. Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер - халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден қашқан", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді. Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым-бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген. Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар. Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолындағы күрескер сазгердің рухы ешқашан түспеген. Ол Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде де отырған. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген. "Алатау" және "Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген. 1880 жылы Астрахань түбіндегі Сақма елді мекеніне қоныс аударады. Қауым арасында ерекше құрметке бөленген Құрманғазы Д. Нұрпейісова, Е. Есжанов, М. Сүлейменов сынды мирасқорларын жинайды. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері Құрманғазыны ұстаз тұтқан. "Байжұма", "Бозқоңыр" туындылары да Сағырбайұлының асқан өнерпаз күйші екенін білдіреді. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. "Итог" атты күйінде күйші ауыр да азапты өмір жолының қорытындысын айқын бейнелейді. Сазгер шығармашылығында әуендік жанрдың лирика, халық тарихын баяндау, адамның табиғаттан, қоршаған ортадан алған әсері сияқты арналары айрықша орын алады. Құрманғазының күйлері қазақ халқы шығармашылығында аса маңызды тарихи орын алады. Ол өз туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес қосты. Құрманғазы күйлері Қазақстан сазгерлерінің шығармашылығынан кең орын алды. Республика сазгерлері күйшінің күйлерін, үлкенді-кішілі шығармаларында пайдаланды. Би де қойылды, спектакльдер де, кинофильмдер де, хор музыкасы болып та пайдаланды. Ә. Тәжібаев хорға арналған "Көбік шашқан", "Қайран шешем" күйлеріне сөз жазса, композиторлар Е. Брусиловский, А. Зильбер, Ғ. Жұбанова, Л. Хамиди, М. Қойшыбаевтар өздерінің симфониялары мен операларында күйшінің шығармаларын кеңінен пайдаланды. Көптеген оқу орындарының, музыкалық ұжымдардың, аудандардың, көшелердің аттары Құрманғазы есімімен аталады. | |
Просмотров: 8733 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |