Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Құрбан айт - ұлттық мереке реферат
21.01.2014, 16:03

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ

 

 Құрбандық шалу

Құрбан – араб тілінде "жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал "ұдһия” деп аталады.

Құрбандық шалу мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан Құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда "Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” ("Зарият” сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені, "Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес”, "Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың”, "Мұсыл­мандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады” деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұрт­шылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

 

Құрбандық шалудың үкімі

Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп.

 

Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей:

Алла тағаланың Құран Кәрімде: "Намаз оқы және құрбан шал” ("Кәусар” сүресі, 3-аят), – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) "Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Неге десеңіз, хадисте айтылған "сүннет” – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Cондай-ақ құрбандық шалуға байланысты мынандай аяттарды келтіруге болады: "Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!” ("Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).

 

Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:

1. Мұсылман болуы; 2. Ақылды және балиғат жасына толуы; 3.Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; 4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. (М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, "Нұр-Мүбәрәк” баспасы, Алматы, 2008, 397-б.)

 

Құрбандық шалудың қысқаша тарихы және айт ретінде бекітілуі

Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады ("Маида” сүресі, 27-аят). Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жал­ғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуіріне дейін келіп жетті.

 

Ибраһим мен баласы Исмаилдың құрбандық оқиғасы

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Алла тағалаға жалбарынған-ды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болмасы бар ма?!

Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді.

Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жет­кізген Ибраһим пайғамбар оны орындауға бекемденді. Не де болса нар тәуекел! Алланың берген жаны Аллаға аманат.

Баласына мейірлене көз тастады. Көңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз ор­ындалуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы болып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күрмеле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. "Балам, түсімде Алланың әмірімен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыз­дайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?” – дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жүзіне тесіле қараған күйі: "Әкетай, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет”, – деді қасқая.

Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Алланың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау. Алланың өзі аян білдірді:

"Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!” Иә, Алла тағала сынағаны болмаса Исмаилды құрбандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Алла тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Алла тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жалғыз тұяғы, асылдың сынығы, құлдығы Исмаил үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құрбан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қатты жақсы көретін. Ал Аллаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда басым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Алла жолында, Алланың үкімін орындауда басқа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сынақтардың ең ауыры еді. Бірақ ең мағыналысы да. ("Құрбан айт” кітапшасы, Алматы, 2007)

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (с.ғ.с.) жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық түріне айналды.

Мекке кезеңінде түскен "Кәусар” сүресінде "Расында біз саған Кәусарды бердік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкіршілік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал” ("Кәусар” сүресі, 1-2-аяттар ) деген бұйрық бар. Осы бойынша дұха (сәске) намазын (Күн найза бойы көтеріліп, тас төбеге жеткенге дейінгі кезеңде оқылатын нәпіл намаз) оқу және құрбан шалу әуелі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жеке өзіне парыз етілген болатын. ("Зейлай, Набур-райә”, 4/206)

Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жатқан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күн­дері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, жергілікті халықтың бұ­рыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол мерекелердің мәнін білуге құмартты. Олар бұрынғы жәһилия кезінен бері осы күндері де мере­келеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алла тағала осы екі мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: құрбан айт пен ораза айты”, – деп ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екі күн екендігін ұқтырды.

Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сүйікті ұлы құрбандықтан аман қалғанда қуанып, осы күні мерекелеп, өзіне түсірілген қошқарды құрбандыққа шалғандығын жо­ғарыда атап өттік. Ал адамзаттың ардақтысы Мұхаммедке (с.ғ.с.) еркек кіндіктінің орнына "Кәусар” (араб тілінде "көп, мол” дегенді біілдіреді) берілгендігі әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігі аят арқылы білдірілген. Яғни, Ибраһим пайғамбарға өзінен тарайтын екі ұрпақ берілсе (Ысқақ пен Исмаил), Алла Елшісіне (с.ғ.с.) иман жолы арқылы шынайы ұрпағы, яғни үмбеті сый ретінде берілді. Кәусардың мағынасы "үмбеттің көптігі” дегенге саятындықтан, бұл жоғарыда айтылған сөзге нақты дәлел бола алады. Ұрпағын жалғастыратын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз ұлдары шетінеп кете бергенімен, миллиардтаған үмбетінің өзі оған шынайы ұрпақ болды. (М. Хуб, Хер йөнииле құрбан, Измир, 2006, 32-33-б).

 

Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері

а) Алла тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылы­ғына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да – Алла тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысы­ның ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пай­ғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: "Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл риза­шылығымен шалыңдар”. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадистерінде Алла ри­зашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: "Сахабалар Расулімізге (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады”.

Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбары­мыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: "Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің”.

Шындығында, Алла тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: "Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді”.

ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Алла тағаланың әміріне мойынұсынып, бауыр еті баласы Исмаилды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш ету арқылы, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне бер­ген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Алла тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қы­лықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

г) Дүние жүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол сойыл­ған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Әр күні кіжінумен өткен көңілі сы­нық кедейге мұсылмандық жанашырлық танытып, қол ұшын беру қандай ғанибет! Алла тағала ақыретте бәріміздің жүзімізді жарқын қылып, көңілімізді шаттандырсын! Әмин! ("Құрбан айт” кітапшасы, Алматы, 2007).

 

Құрбандық шалу – берекетке себеп

Алла тағала былай дейді: "Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!” ("Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).

Байқасақ, аятта құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең ма­ңызды жәйт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғиба­датқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген рызығы болғандықтан етін сол отбасы мүшелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күн­делікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Сон­дықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. "Пақырды тойдырыңдар” деген бұйрық байларға берілмесін деген мағына­ны білдірмейді. Өйткені, сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен ту­ыстарына да беретін. Осы тұрғыдан қарағанда, құрбандық шалатын айт күндері ша­лынған миллиондаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсы­лықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) Жаратушыны естен шығармай, бұл мереке кең көлемде атап өтілуі тиіс.

Бұрынғы кезге қарағанда, біз бүгінгі күні діни құндылықтарымызды насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрімізді жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шара­ларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек мұқтажбыз. Оның төмендегідей өзіндік себептері де жоқ емес:

*Жеке адам тұрғысынан ғана емес, отбасылық, әлеуметтік, экономикалық, тіпті бұл дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан құрбандық шалу ислам дініндегі міндет екенін мұсылмандардың сана-сезіміне мықтап орнықтыру;

* Алла тағалаға ең ұнамды ғибадат болғандықтан уәжіп ретінде бір ғана құрбандық союмен шектелмей, нәпіл құрбандықтар қоса шалып, осы ізгі істің өрісін кеңейту, сауабын арттыра түсу;

*Еліміздің ертеңі үшін иманды да салауаты ұрпақтың өсіп жетілуі жолында сапалы шәкірт тәрбиелейтін ілім ордаларына, діни сауат ашу мақсатында қызмет ат­қаратын білім ошақтарына қолдау білдіруге шақыру;

* Құрбандық шалудың мұсылмандық міндет екенінен бейхабар жандарға ұқтыру;

*Мүмкіндігі жоқ кісілердің атынан да Пайғамбарымыз секілді құрбандық шалып сүннетті орындау;

 

*Құрбандыққа шалынған малдардың еттерін тарату арқылы бүкіл адамзаттың жү­регінде асыл дініміз исламға деген жылылық сезімін ояту;

*Алла тағалаға керегі құрбандықтың еті не қаны емес, құлының ниеті екенін жақсы білу.

Жоқ-жітіктің атынан құрбан шалу –сүннет

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағ­дайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған.

Бұл жайлы Жабир (р.а.) былай дейді:

"Хазірет пайғамбармен бірге мешітте едім. Құтпасын бітіріп мінберден түсті. Сосын құрбандық қошқарды өз қолымен бауыздады. Бауыздап жатқанда: "Бисмиллаһи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан”, – деді”.

Жабир (р.а.) арқылы жеткен тағы бір хадисте өзінің және үмбетінен жағдайы кел­мейтін жандардың атынан Пайғамбарымыздың екі құрбандық шалғандығы да айтылады.

Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн. (М.Хуб, Хер йөнииле құрбан, 114-116-б).

 

Айт күнгі тазалық

Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.а.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды”, – деді.

Осы кезде бір кісі: – Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?”, – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.):

"Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырын­ғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең”, – деді.

 

Әйел кісі құрбандық шала ала ма?

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел эко­номикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол се­бепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен (Шариғатта байлық болып саналатын мөлшер. Ол мөлшер жоғарыда берілді) асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.

 

Құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктері

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені, мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: "Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет”. ("Хаж” сүресі, 37-аят).

 

Құрбандық шалудың жөн-жобасы

Мұсылман – Алла тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: "Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан”, деп айтылады ("Хаж” сүресі, 32-аят). Сондықтан да Алла тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.

Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм):

"...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын” – деген мына бір хадисінің астары терең.

Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны – мұстахап (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.

Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттерге де назар аударған жөн:

Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу

Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару

Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу

Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқығаны абзал:

"Жүзімді мені керітартпа діндерден алыстатып, көктерді және жерді жаратқан әлемдердің раббысына бағыттадым” ("Әнғам” сүресі, 79-аят).

"Былай де: "Менің намазым да, түрлі ғибадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін” ("Әнғам” сүресі, 162-163-аяттар).

Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе "Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!” деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен "Аллаһу акбар!” және "Лә иләһа иллаллаһ” деп айтылады.

Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Мал­дың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен "Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда "Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).

Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.

Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

 

Құрбандық шалудың уақыты

Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уа­қытта бауыздалғаны жөн.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.

Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша:

"Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): "Біздің бұл күнде алғашқы жасай­тын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай іс­тесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес”. Басқа бір хадисте: "Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын”, – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

 

 Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: "Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. ("Хаж” сүресі, 22-28-аяттар) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: "Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”.

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: "Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. "Қасап ақысын біз өзіміз береміз”, – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына бе­руге болады. (Ислам ғылымхалы, 401-402-б).

 

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

 

Марқұм болған кісінің атынан құрбан шалуға бола ма?

Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Осыған дәлел ретінде Әбу Дәуд өзінің "Сунән” атты еңбегінде "Қайтыс болған кісінің аты­нан құрбандық шалу” деген бөлімінде мына хадисті келтіреді:

"Әзіреті Әли (р.а.) біреуін өзі үшін, екіншісін Пайғамбарымызға атап екі құрбандық шалатын. Мұның себебін сұрағандарға ол: "Алланың Елшісі кеудемде жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық шалуымды өсиет етіп кетті”, – деп жауап берген екен”.

Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек; егер қайтыс болған кісі өз аты­нан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады.

Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ-жітікке таратуға да өз отбасыңызға да қалдыруға болады.

 

Ақиқа құрбаны

Нәресте дүниеге келгенде шүкіршілік ретінде шалынатын құрбан "ақиқа” деп аталады. "Ақиқа” сөзі – араб тілінде жаңа туған сәбидің шашының атауын білдіреді. Ақиқа құрбандығын шалу – нәпіл ғибадат. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хүсейін туғанда қошқар шалған. Сондай-ақ үмбетіне ұл не қыз туғанда құрбандық шалу керектігін білдірген.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ісі діни талап емес, ондағы мақсат – нәрестенің дүниеге келу қуанышын басқалармен бөлісу, адамдар арасындағы бауырластық қатынастарды нығайту.

Ақиқа құрбанын нәресте дүниеге келген жетінші күні шалу – мұстахап (ұнамды іс). Дәл осы күні нәрестеге ат қою, шашын алып, шашының салмағындай алтын не кү­міс садақа таратуға кеңес берілген. Дегенмен, ақиқа құрбанын нәресте туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі аралықта шалуға да болады.

Құрбандыққа жарайтын малдарды ақиқа құрбаны ретінде шалуға болады. Шалынған құрбандық етін қаласа отбасы мүшелері өздері жейді, қаласа дос-жаран, жоқ-жітікке садақа ретінде де таратуға болады.

 

Нәзір құрбаны

"Нәзір” – адамның көптен көңілін күпті еткен бір ісі орындалғанда я болмаса былай да бір ақсарбас шалам дегендегі атаған малы. Ол – Аллаға берген уәдесін орындауға жатады. Мысалға, ауырып жатқан адам осы ауруымнан айықсам, бір қойды құрбандыққа шаламын деп ниет етсе, ауруынан айыққан жағдайда, бір қой шалуы – уәжіп.

Нәзір құрбанына шалынған малдың етінен, шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне тіпті ата-әжелеріне жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедейлерге таратылуы тиіс. Шалынған құрбанның бір бөлшегі аталмыш адамдар тарапынан желінген жағдайда сол желінген бөлшектің құнын кедейлерге тарату керек. (Ислам ғылымхалы, 403-б).

 

Құрбан айт намазы

Айт – араб тілінде "мейрам” деген мағынаны білдіреді. Айт намазын оқудың уәжіптігі Құран мен сүннетте айтылған. Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) екі айт намазын оқығаны жайлы хабар "тәуатүр” (бұлтартпас, анық) жолмен бізге жеткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы оқыған айт намазы – һижраның екінші жылындағы Рамазан айт намазы.

Бұл жайлы ибн Аббас: "Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкір, Омарлармен бірге Рамазан айт намаздарына қатыстым. Барлығы да айт намазын хұтпадан бұрын оқыды” деген. Басқа бір хабарда ибн Аббас: "Алла Елшісі (с.ғ.с.) айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды”, – деп риуаят еткен.

Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп. Бірақ айт намаздарында хұтпа намаздан соң оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет. Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Ол бесін намазы кіргенге дейін жалғасады.

Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам "Екі рәкат Құрбан айт намазына ниет еттім” деп ниет етеді. Жамағат "Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға” деп ниет етеді. "Аллаһу акбар” деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай "Субханака Аллаһумма” дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар” деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам "Ә’узу” мен "Бисмиллаһты” құпиялай, одан кейін "Фатиха” мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай "Аллаһу әкбар” деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйыйды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жа­риялай – "Фатиха”, содан кейін қосымша сүре оқиды.

Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай "Аллаһу әкбар” деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, "әт-тахият”, "салауат”, "рәббәнә” дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосым­ша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп.

Хұтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі хұтпа оқиды. Айт хұтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер, бұл жерде де – мәкрүһ. Айт хұтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ.

Имам бірінші рәкатта айт тәкбірлерін ұмытып, "Фатиханы” оқып жатқанда есіне түссе, дереу тәкбірлерді алып, "Фатиханы” қайта оқиды. Бірақ "Фатиха” мен Құранды оқығаннан кейін есіне түссе, тек қана тәкбірлерді алады. Қайта оқудың қажеті жоқ. (М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, 178-179- б.)

 

Құрбан айттың алғашқы күні

Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: "Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні” – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): "Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады”,– десе, тағы бірде: "Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла тағаланы құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықен құрбандарыңды шалыңдар”,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.

 

Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз

Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін осы кітапшада көрсетіген тиісті адамдарға таратады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, "Айт құтты болсын” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

 

 

Авторы: Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.

Категория: Барлық реферат | Добавил: MasterSun | Теги: Құрбан айт - ұлттық мереке реферат
Просмотров: 920 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar