Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Мың бір бояу іздеген реферат
29.01.2014, 21:30

Мың бір бояу іздеген

 

 Осы бір аққұба өңді, өткір жанарлы, орта бойлы жанға жүздескен сайын әр адам өзіне бір шапағат алатындай сезімде болады. Бұл адам жеті өнерді тел емген, сан-салалы шығармашылықтың шыңына өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен, айшығымен шыққан суреткер. "Ғаламат сурет салам” деп, мың бір бояуды ғұмыр бойы іздеумен келе жатқан Шота ағамыз!

 

Әр заманда данагөй қазақтың өз нарқоспақ мықтылары болған.

 

Екінші мыңжылдықтың түу басында "Шығыстың Аристотелі” атанған энциклопедист ғалым Әл-Фараби, ортағасырлық алғашқы тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулати, ХІХ ғасырда Абай, Ыбырай, Шоқан, ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин ірі тұлғалық болмыс-бітімімен көрінсе, халқымыздың тарих қойнауынан тамыр тартқан әдебиет, мәдениет пен өнер биігін Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов бастап, біртуар композиторлар Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, сәулетшілер Төлеу Бәсенов, Малбағар Меңдіқұлов сын­ды зиялылар шырқау көкке көтерді.

 

Осы сындарлы санатта өзінің лайықты орнын алатын ірі тұлғаның бірі –сәулет өнерінің саңылағы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов.

 

Шота Уәлиханов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік, тәуелсіз "Тарлан” сыйлықтарының лауреаты, Шығыс елдері сәулет өнерінің халықаралық академиясының академигі, профессор, Сәулетшілер, КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

 

1956 жылы Мәскеудің архитектуралық институтын бітірген Шота Уәлиханов бүгінде білімді де, білікті, дарабоз сәулетші. Ол – Қазақстанның тұңғыш сәулетшілері Бәсенов, Меңдіқұловтардың ізін басып, тез түлеп өскен бірегей буынның өкілі.

 

Сәулет өнерінде оның жеке және авторлармен бірлесіп сомдаған көрнекті еңбектері көп-ақ. Соның ішіндегі ең бірегейлері – Ж.Мәлібеков екеуі жасаған Елтаңба, Алматы қаласының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі, Семейдегі "Ажалдан да құдіретті” Атом сынағы құрбандары монументі, Космонавти­каға арналған монумент, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші, Д.Қонаев мүсіні, Қазақстан Компартиясы ОК ғимараты (қазіргі Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты), "Қазақжержобалаубасинституты” ғимараты, "Қазақазаматтықауыл­құрылыс” ғимараты, Алматыдағы 25 мың орындық Орталық стадион, әмбебап дүкен, Астанадағы Кенесары Қасымов ескерткіші, Алматыдағы Тоқаш Бокин ескерткіші, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов ескерткіші, Алматыдағы Әліби Жангелдин ескерткіші, Көкшетаудағы Т.Бигельдинов ескерткіші, "Еуразия” монументі, "1932 жылғы ашаршылық құрбандары” монументі, "Отан-Ана” монументі, Аңырақай шайқасының панорамалық залы, халықтар достығы монументі, ХХ ғасыр және екінші мыңжылдық адамына арналған монумент және басқалар.

 

Шота Ыдырысұлы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың қолы қойылған куәлікте осылай жазылған. Елтаңбада тәуелсіздік рәміздері - шапақ шашқан күн, бірлік бейнесі – шаңырақ, дала пырағы – қанатты қос арғымақ аса жоғары пафоспен бейнеленген.

 

 Еш адамның ойында жоқ кезде, Тәуелсіздік монументін орнату жайлы алғаш айтқан адам тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, – деп әр кезде сүйсіне еске алады Шөкең, — 1993 жылы Мемлекет басшысы Египетке ресми сапармен барғанда, делегация құрамында мен де болған едім. Луксор қаласындағы зәулім ғимараттың қарсы бетіндегі асқақтап тұрған биік тас-діңгекті (обелиск) көріп, Президентіміз маған:

 

— Шөке, осындай бір елдік ескерткішті Тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде Алматыда салмаймыз ба?! Ойланыңызшы, - деген еді. Іле еліміз Тәуелсіздігінің бесігі – Алма­тыда өз қолтаңбаммен еңселі ескерткіш – Тәуелсіздік монументі де тұрғызылды.

 

"Мың өліп, мың тірілген” қазақ ғұмыры хақында ғасырлар тереңінен сыр шертетін осынау монумент туралы таяуда Қазақстан Журналистика академиясының "Алтын самұрық” сыйлығын алған белгілі жазушы Герольд Бельгер былай деп ой түйген еді: "Бұл сүйір дулығалы сымбатты алтын батыр, бағынып, керілген қанатты барыс үстіндегі тік бойлы жас жауынгер... өршіл де өжет, бейбіт те ержүрек рухы Ұлы Дала үстінде қашанда оның әртүрлі халықтарының және әртүрлі тілді тайпаларының жүрегін тербетіп, жан-дүниесін сілкінтіп, шарқ ұрып ұшып келе жатқандай.”

 

Сынтастың түбінде, тұғырда нышандық бейнелерден тұратын мүсіндер тобы орналасқан, олар: ақыл-ой иесі – Абыз, Жер-Ана және тайға мінген – ұл мен қыз. Бұлар дүниенің төрт бұрышын бейнелеп тұрғандай. Қазақ шартарапты "дүниенің төрт бұрышы” дейді, ол түгел болса, жақсылық және береке табады. "Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деуі де содан.

 

Монументтің артқы жағында жартылай шеңберленіп он рельефтік-мүсіндік қабырғалар орналасқан. Ол еліміздің даңқты тарихын бейнелейді. Мұнда он саны (қабырғалардың саны) бекер таңдалмаған. Пифагордың қағидасы бойынша, бұл барлық арифметикалық және геометриялық пропорцияларды сәйкестендіреді және бір мезгілде жадының күші мен қуатын бейнелейді.

 

Расында да осынау Тәуелсіздік монументін "сәулеттік поэзия”, "таспен жазылған симфония” десе де жарасады.

 

Шөкеңмен бірқатар туындыларды бірлесіп орындаған тұстарымыз да бар. Соның ішінде төмендегі үш туындыға тоқтала кетсек, артық болмас.

 

Қостанай қаласында бірлесіп тұрғызған Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынов ескерткішін (бірлескен жобамызға қатысқандардың бірі - мүсінші Төлеген Досмағамбетов) – ұлт ұстазына жасалған бір тағзым деген орынды.

 

Атом сынағының құрбандарына арналған "Ажалдан да құдіретті” монументін 2001 жылы Семей қаласының "Полковничий” аралындағы саябаққа тұрғыздық. Мону­менттің биіктігі 25 метр, ені 10 метр, қалыңдығы 2 метр. Еңселі ескерткіштің орта тұсында ойылып, атом бомбасының "саңырауқұлағы”, азалы жарылыстан сәбиін қорғаған Ана бейнесі (ақ мәрмәрдан орнатылған) композиция көрініс тапқан.

 

Және бірі – Астана қаласындағы Кенесары ханға орнатылған еңселі ескерткіш десем, мен ескерткіштің техникалық бөлігін инженер ретінде орындаған едім.

 

Кенесеры ханның ескерткіші Астанадағы Есіл өзені жағалаулығын көріктендіріп тұр. Салт аттының биіктігі алты метр. Мүсінші Н.Далбаев сомдаған ханның тұлғасы да еңселі. Оң қолын бүйіріне таянған, сол қолымен тізгінді берік ұстап тұр. Ескерткіштің бес метрлік тұғыртасы ықшам, өзен жағалауымен тамаша үйлесіп, үндеседі.

 

Шөкеңнің әрбір сәулеттік туындысына, пафостық әуен, абыздық философия тән. Шөкең кейде өткен өмір жолына бір сәт көз шола қарағанында, өзінің жанына қымбат осы бір сарғайған хатты – Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың) әкесі Ыдырыстың атына жазған тәбәрік жауапхатын аялай алға тартады...

 

"Қадырлы Ыдырыс ағай!

Хатыңызды алғаныма біраз уақыт болғанмен, жауабын кешігіп қайтарып отырмын. Кешіріңіз!

Сізді менің көрмегеніме 27 жыл өтті ғой деймін — 1921 жылы көргем, содан бері жолыққан жоқпын. Бірақ кескін-кейпіңіз көз алдымда. Әрине, сіз одан өзгерген боларсыз...

Сізге кешігіп хат жазуыма да осы сұраудың жауабын іздеу себеп болды. Сіз хатыңызда "Алматы жаққа барсам, баламды оқытсам” депсіз. Мұнда келетін болсаңыз, сізге қызмет керек қой, ол, — мин.прос.пен байланысты. Ол мәселені шешу үшін Сембаев керек болды, ол кісі күздей үйде тұрмай, командировкадан жуырда келді. Сөйлесіп ем, сізді сырттан біледі екен: "қарт кісі үйренген орнынан қозғалғаны қиын ғой” деп, бұдан орын берем демейді, ал, бала туралы айтатыны: "Алматыда оқытқысы келсе, биыл кешікті, ендігі жылы осындағы №18 қазақ мектебінің интернатына алдырайық” дейді. Қайсысын мақұлдайсыз — өзіңіз шешесіз де.

Шоқан туралы: халыққа адал атқарған еңбек өлмек емес қой...

Шоқанды көбірек зерттеп жүрген адамның бірі менмін. Бірақ, ол туралы әлі үлкен еңбек жаза алған жоқпын. Жазылған біраз мақалаларымды, Москвада орыс тілінде "Нить ариадны” атты пьесамды, Шоқанның зор образына лайықты киім демеймін. Бірақ, олармен тынып отырған мен жоқ. Ойым — үлкен романда. Оған біраз материалдарым бар да, бірақ жеткіліксіз. Жеткізу үшін: 1) Шоқанның туып өскен жерлерін аралауым керек, 2) Омбы архивында біраз отыруым керек, 3) Қашқарияға барып қайтуым керек. Осы үшеуінің алғашқы екеуіне өткен жаз аттанам ба деп ем, қол тимеді. Ойым сізді де көру, кеңесу еді. Енді тіршілік болса, алдағы жазға жиналам...

...Осында алдыртуды да ойлаймын. Академияға бұл жөнінде сөйлесіп те жүрмін. Нәтижесін хабарландырармын.

Жалпы, хатпенен хабарласып тұрайық, ағай!

Інілік сәлеммен – Сәбит (Мұқанов)

30-Х-1948-ж. Алматы”

 

Шөкең (Шота) халқымыздың маңдайына біткен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды аяулы ағаларының соңынан еріп, олардың алақандарының жылуын сезінген ұрпақтың өкілі. Біз бұған жоғарыдағы Сәбеңнің хатынан көз жеткіземіз.

 

Шөкең бір естелігінде: "Мен Мәскеуде оқи жүріп, сәулет өнері жайындағы көне жәдігер кітаптарды алып оқуға қол жеткіздім, астананың мәдени өмірін тамашаладым, театрларда, көркем галереяларда болдым. Мен КСРО-дағы бірден бір мамандандырылған жоғары оқу орнында жан-жақты классикалық архитектуралық білім алдым...”, – деп жазады. "...Шалғай түкпірден келген ауыл баласының қала балаларымен бірге оқуы оңайға түскен жоқ. Оларды қуып жету үшін көп шұғылдануыма, күн режимін қатаң сақтауыма тура келді. Мен тек стипендияма күн көруші едім, маған көмек, қол ұшын беретін ешкім болмады. Ал "үштік” бағасы білімнің жолын біржола кесіп, мені стипендиядан қол үздіретін еді.

 

Алексеевск студенттер қалашығынан институтқа бір сағат бойы жүріп жететін едім. Уақытты бос кетірмес үшін Шекспирдің драмаларынан, Пушкиннен жыр жолдарын ауызша жаттап жүрдім. Бірде Гамлетке де "айналып” кете барушы едім...”

 

Қанатты қиялдың, буырқанған ойлардың иесі Шөкең өзінің жүрек толқынысына дамылды бір сәт жыр өлкесінен тауып, бойын жеңілдетеді. Тіпті абыз Шөкеңнің бет-бейнесін, бүкіл болмыс-бітімін бір ғана осы шуақты жырларынан ғана тап басып тануға болатындай.

 

Жаны ақпа ақын Шөкең әзірлеген "Жүрегім боп соғады Жердің өзі” атты жинағына енген "Беташар” атты өлеңінде өзінің жырдағы қолтаңбасы туралы:

 

Өлеңім менің қырық құрау,

Қалыпқа сия бермейді...

"Ғаламат сурет салам” – деп,

Мың бір бояу іздейді..., –  деп толғайды.

 

Ал енді бір өлеңінде мақсаткерлік, азаматтық парыз, биік мақсат жөнінде:

 

Шота болып оянсам,

Шоқан боп күнім батады...

 

 ...Жаратқан жасап керегін,

Жоқтан барды туғызды.

Қазақтың алып жүрегін,

Кеудеме менің сыйғызды.

 

 Адалдық – менің құраным,

Ақынмын әрі батырмын.

Ұрпаққа қалар мұраның

Іргесін қалап жатырмын! – деп, биік оптимистік рухта өзінің ізгі асыл мұраты жайында ақтарыла жырлайды.

 

Шөкең – әрі драматург, оның "Шоқанның анты”, "Ақнұр”, "Тағдыр” атты пьесалары театрларымыздың репертуарынан көп жыл түспей келеді. Шөкең әзіл-қалжыңды өз орнымен айта да, өз атына айтылған қалжыңды тыңдай да біледі.

 

... Бір жолы Шотаға құрдастарының бірі:

— Шөке, Сәкен серіні (Жүнісов) көкшетаулықтар "Көкшенің сұлтаны” деп жариялапты, сізді қашан сайлайды? — депті.

Сонда Шота оған:

— Сен білмейді екенсің, мен туғаннан сұлтанмын! – деген ғой...

 

Өмірде әр адам баласының орны мен парық-пайымы белгілі бір сындарлы сәтте, өткелді тұста өзін қандай дәрежеде танытуынан да көрінеді емес пе.

 

Жаңа ХХІ ғасыр табалдырығында – 2000 жылы – Шөкеңнің азаматтық бастамасы­мен тарихи жадымызды қалпына келтіріп, отандық және адамзаттық рухани байлыққа негізделген ұлттық сана-сезімімізді қалыптастыру үшін және әрі қарай дамыту мақсатымен халықаралық Абылай хан қоры, Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы және "Алтын адам” қоры бірлесіп, Қазақстанның тарихы негізінде "Ғасыр саңылағы”, "Мыңжылдық саңылағы” атты қоғамдық акциялар өткізді.

 

Осы "Мыңжылдық саңылағы” және "Ғасыр саңылағы” акциясы ұлттық қоғамдық кеңес төрағасы Шота-Аман Уәлиханов өз қолымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа аса ірі мемлекеттік, қоғамдық еңбегі, Қазақстанның дамуындағы қажырлы іс-қимылы және республика халықтары арасындағы татулықты сақтап, халықаралық қарым-қатынасты кең түрде дамытқаны үшін "Ғасыр саңылағы” медалін тапсыру рәсімін жасады.

 

Медальдің маңдайша бетінен — ару Алматыдағы Тәуелсіздік монументіндегі аңызға айналған сақ жауынгері – Алтын Адамның бейнесі жарқырап көрінеді. Бұл марапат – еліміздің тұңғыш Елбасына жасалған орынды сый екендігі сөзсіз.

 

Әр кезде жаңалықтың жаршысы, шабытты, шалқар өнердің иесі Шөкең әлемнің әр шартарабынан келетін сәулетшілермен қашанда етене араласады. Оны төрткүл д­үниенің төрт бұрышындағы әріптестері түгел дерлік таниды десем, артық айтпас та едім. Қазақ сәулет өнерінің жампоз өкілі Шота-Аман Уәлихан әлемге есімі әйгілі, ХХ ғасырдың ұлы сәулетшісі Кензо Тангемен, болгардың көрнекті сәулетшісі Методий Писарскоймен хат алысып, ой бөлісіп тұрады. Кезінде орыстың дүние жүзіне белгілі сәулетшілері М.Орлов, М.Посохиндермен де етене араласқан еді.

 

Шота ағамыздың талантының осындай "табаны тасқа тимеген” Тайбурылша тасқындап, өсу, өрлеу жолына түсуі еңбекқор жанның бабын таба білетін Зина жеңгейдің ақыл-парасаты мол аяулы жан екендігін де айтып тұрғандай.

 

Шөкеңнің сәулет өнеріндегі орны, көз жіберер көкжиегі әркезде де кең, болмыс-бітімі де айрықша бөлек. Біз де: "Әрқашанда осылай қанатыңыз талмай, дархан шабыттың дауылпазы бола беріңіз”, – демекпіз.

 

 

Авторы: Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, Халықаралық сәулет өнері академиясының (Мәскеу) академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Категория: Барлық реферат | Добавил: adilbek | Теги: Мың бір бояу іздеген реферат
Просмотров: 1282 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar