Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
Моңғол империясы
10.04.2013, 16:47 | |
Тамақтануы Моңғол империясының заманында тамақ екі түрге бөлінген: «ақ» және «қызыл» болып. «Ақ» дегеніміз сүттен жасалған тағамдарды білдіреді, ақпен жаз кездері тамақтанатын. Жазда моңғолдардың ең көп ішіп-жейтін сүтті тағамы қымыз, яғни биенің ашыған сүті болатын. Ол қазір де моңғолдардың сүйіп ішетін сусыны. Жалпы моңғолдар сүттің өзін ішпеген, одан ірімшік немесе айран сияқты тағамдарды дайындайтын болған. «Қызыл» дегеніміз етті білдіреді, оны көбінесе қыстың кезінде көбірек жейтін. Етті дайындағанда оны көбінесе пісіріп, сарымсақ не пияз салып беретін. Моңғолдардың мал сою дәстүрі де ерекше болатын. Алдымен мал арқасына жатқызылатын. Сосын тамағынан төмен қарай кесіп, көкірегін ашып, қолқа тамырын кесетін. Малды бұлай союының себебі осы арқылы малдың қаны ысырап болмайтын — ішек-қарынның бәрін алып болғаннан кейін қанды жинап, оны шұжық дайындауға пайдаланатын. Моңғолдар тамақ үшін саятшылықпен де айналысқан. Олардың аулаған аңдарына қоян, бұғы, қабан, тіпті тиін мен суыр да жатқан. Қыстыгүні моңғолдар мұзды ойып, балық та аулаған. Моңғолдар жаздыгүні мал соймайтын, өлген малдың етін сақтап қалуға тырысатын. Ол үшін олар малдың етін жұқа етіп кесіп, күнге қақтап кептіретін. Қыстыгүні көбінесе қой сойылатын, ерекше рәсімдер өткізетін кезде жылқы да сойылатын болған. Үлкен жиналыс не той болған кездерде ет жеудің ерекше дәстүрлері болған. Ет майда етіп туралып желінген. Қай қонаққа етті алдыменен тарту керектігін үй иесінің өзі шешуге тиіс болған. Қонақтардың дәрежесі, лауазымы, т.б. бойынша оларға еттің әртүрлі бөліктері тартылып отырған. Жиналғандардың қайсысының жолы үлкен екенін білуге тиісті арнайы «баурчи» деген қызметші де болған. Мас қылатын ішімдіктер де ішілетін. Ең жиі тарағаны — қытайлардың күріштен дайындалған арағы мен Түркістанның жүзім шарабы болған. Жүзім шарабын алғаш рет 1204 жылы Шыңғыс хан татып көріп, оны ұнатпаған деседі. Жиналыстар мен тойлардың кезінде мас болу жиі кездесетін. Қызып алған жиналғандар соң ән салып, би билейтін. Түркістан мен Таяу Шығыс арқылы моңғолдар қамыр кеспемен де танысты. Кардамон сияқты дәмдеуіштер, нұт, тасбеде, бедебас секілді тағамдар да солар арқылы келді. Қаржы жүйесі Марко Полоның Моңғолияға жасаған сапарының кезінде оған қатты әсер еткені оның қаржы жүйесінің қалай жұмыс атқарғаны болды. Оған ең қатты әсер еткені бүкіл империяның ортақ пұлы ретінде қолданылған күміс ақша емес, не кейбір жерлерде әлі де жергілікті пұлдың қолданыста болғаны да емес, оның ең қатты таңырқатқаны империяның кейбір жерлерінде қолданыста қағаз ақшаның болғаны. Марко Поло үшін қағаз ақша деген дүниенің бір тылсым ғажаптарының бірі болды. Бірақ қағаз ақша империяда барлық жерде қолданылмайтын. Қытайдың күміс құймасы бүкіл империяда төлем ретінде қабылданып, оның батыс бөлігінде жергілікті теңгелер қолданылатын. Қағаз ақша Қытайда оны моңғолдар жаулап алғаннан бұрын болған. Қытайлықтар баспа өнерін жақсы меңгерген болатын, сондықтан оларға банкноттарды басып шығару онша қиын болған жоқ. Қағаз ақша Қытайда 960 жылы Суң династиясының кезінде мыс теңгелерді алмастыру үшін енгізіле бастаған болатын. Моңғолдар Қытайды жаулап алған соң 1227 жылы өздерінің қағаз ақшаларын шығара бастады. Моңғолдардың қағаз ақшаны енгізуге деген осы талпынысы баянды болмады, себебі бүкіл Қытай бойынша қағаз ақша біртекті болмады, әрі бір-екі жылдан кейін олардың жарамдылық мерзімі де бітті. 1260 жылы Құбылай хан бүкіл Қытай бойынша жүретін және жарамдылық мерзімі шексіз қағаз ақша шығара бастады. Қағаз ақша күміс пен алтынмен толығымен қамтамасыз етілді және салықты да онымен төлеуге болатын. Басында қағаз ақшаның жүруі онша кең болмады, бірақ оңтүстік Қытай мен Жапониямен соғыстар қағаз ақшаның таралымын 14 есе көтеріп жіберді. Оңтүстік Қытайдағы Суң патшалығы жеңілгенде олардың қағаз ақшасы айналымнан шығарылып, қолда бар ақшаны 50:1 қатынасы бойынша жаңа ақшаға айырбастап алуға болатын. Бұндай ақша басқа жерлерде беймәлім болғандықтан, шетелдіктер оның мәнісін түсіне алмады, кейбіреулерге ол сиқыршылықтың бір түрі болып көрінді. 1272 жылдан кейін қағаз ақша құнсыздана бастағанына қарамастан ол 1345 жылға дейін төлем құралы болып қала берді. 1345 жыл шамасында басталған төңкерістер, экономикалық дағдарыс және қаржылық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі жұртшылықтың қағаз ақшаға деген сенімін жойып жіберді. Қағаз ақшаны қабылдау халық үшін оңай болған жоқ, себебі ол басынан бастап шетелдік бір ұғым болатын, оның үстіне ол алтын не күміс емес, жай бір жапырақ қағаз ғана. Сол үшін үкімет тіпті қағаз ақшаны қабылдаудан бас тартқандарға өлім жазасын енгізуге тиіс болды. Қағаз ақшаны қолдан жасау үшін де өлім жазасы енгізілді. Моңғол империясындағы мал шаруашылығы Бес түліктің ішіндегі моңғолдар үшін ең маңыздысы жылқы, одан басқа ірі қара, түйе, қой және ешкілер де маңызды болды. Олардың барлығының сүті тамақ, жүні мен терісі киім мен пана болды. Басқа мәдениеттерде ұсқынсыз болып көрінсе де, моңғолдың малы сол жақтың суық ауа-райы мен тамақ пен судың жетіспеушілігіне өте жақсы бейімделген жануарлар болатын. Қазіргі кезде де олар өмір сүретін қатал аймақта басқа жақтың малы шыдай алмайды. | |
Просмотров: 1711 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |