Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Мәриям мұңы
04.01.2014, 18:51

Қостанайдың облыстық газетінде табан аудармай жиырма екі жыл көз майын тауысып, қалам сорып, ащы терге малшынып қызмет еткен жалынды күндерім есіме түссе жүрек тұсым кәдімгідей ып-ыссы боп, сағыныш сезім тұла бойды шарпып кетеді. Бал арасынша ләззаттана жинаған рухани игілік, жылдар өте келе көзі бітелудің орнына, тұма бұлақтай асаулана бұлқынып, көкірек көмбесінен молынан қарпуға ынтықтыра тартады екен...

Иә, сондай қазыналы қам­ба­дан сәті түсіп, ақтарылған мына бір суыртпақ сыр, бәлі, ұзақ жылдар тербеліп, иі қа­нып, күні жеткендей боп, күм­бір­лей құйылған еді. Әттең, бірақ тұтастай құмарлы қызық емес екен, жүректе беріштене түс­кен қайғы-мұңның қатпарлы қырғышының қылпа жүзіндегі шер-налалы, шерменде запыраны іспетті-ау, сірә!..

...Сонымен, Қостанайдағы шығармашылық күндердің жылыстанып жатқан беймаза шағы – өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының орта шені болатын.

Ақ дастарқан басында Мә­риям Хакімжановамен қатар отырамыз деп кім ойлаған? Сәті солай болыпты. Көрші-дос, белгілі дәрігер Есентемір Әб­ді­кәрімовтің шаңырағындағы уызы меймілдеген осы жүздесу сәті «мен– тарих тегеріші» де­гендей, сырт-сырт етіп, бай­қау­сыз сырғып жатыр еді.

Үлкен ақыннан не сұрай қоя­сыз, жөппелдемеде. Сөзге қосы­луға да жүрексініп, таға­лан­баған аттай тайғанақтай бересің. Есен-саулықты кірме есіктің жақтауындағы сәкіде шаршаңқы, болдырыңқырап отырған Мәриям ападан сұрап-біліскенбіз. Қанша дегенмен, сексен сеңгірі селкілдетпей қоймайды екен-ау. Әлде жүрек тұсы, әлде толысқан дененің икемге көнбей, ауыртпалық салуы ма екен, бір шуыл, демікпе алқыныс, жиі керілген кеуде сырылы естіліп қалады. Бақсақ, әлгінде жеңіл көліктен түскенін ауырлап қалғаны байқалады әзіз жанның. «Өлең шаршатып, салдырағаны ма?» деген күдік серпілді. Сөйтсек, Өлеңді бұл кісі сүйреп жүрмепті, Өлең апамызды жетелеп келе жатқандай екен... Дәтке қуат! Мәриям апа өлеңінің құдіретін білеміз ғой. Оның өлең-моторы әлеуетті күшке ие. «Өзім өлмей отты өлеңім өлмейді», деп шабытымен анттасқан ол өлеңімен өрге өрлеп келеді.

Қадірлі мейманымызды жоғарғы қабатқа бастап көтерілдік. Апай әр баспалдақты қиналып аттайды. Бір, екі, үш... тоқтап, сәл тыныс алады. Ентігін басады. Толық балтырының тамыры білеуленіп, кейбір тұсы шорланып, жарылардай боп көкбұжырланып тырсиып тұр. Сыздап, шыдатпайтындай. «Солқылдатып, әкетіп барады-ау!» дейді де ернін қымқыра тіс­телеп, қайыра аттайды. Бір, екі, үш... Алдағы Есентемір апайдың оң қолынан тас қып ұс­тап алған. Бір жағы соған тар­тылып, екінші жағы сол қо­лымен басқыштың ернеу ағашын сырғыта, сығымдай сау­малап әр қадамын санап, зорлана ұмтылады. Мен болсам, апайдың ауырлау денесінің салмағын сәл-пәл қалай жеңіл­детем деп, біресе алға лақша секіріп, баспалдақты мегзеген­дей боламын да, енді бірде соңында қалыңқырап, қай жерінен ұстап, демерімді білмей сасқалақтап, амалсыз ернеу ағашты мытып қысқан сол қолының білегінен көтере, итермелеймін. Мұныма қолай­сызданып «шырағым, өзім-өзім», дейді апай әлсіздеу үн­мен. Міне, қалтасынан қол ора­ма­лын алып, жіпсіген маң­дайына сырғытты. «Уһ, қанша қалды?» Қарасұрлау жүзінен мон­шақтап білінген терін ала­қа­нымен сыдырып тастаған Есен­темір дым демейді. Шара­сыз­данып, танауының желбезегі қусырылып, көзі аларыңқырап кеткен. Апай келесі басқышқа ұмсына беріп еді, Есентемір троспен тартқандай етіп, оң қолынан тағы жебеңкірей жылжыды. Бұл жолы мен әлсіреген апай аяғы тайып, шалқалай құлап кетпесін дегендей сақ­тықпен иығымды қырындай қалқалап, артынан ілбіп келемін. Есентемір «барсың ба, ей!» деп қояды. Жауабым – жай ғана жөткіріну. «Қостанай горисполкомы қазақтарға не бірінші, не жоғарғы қабатты береді», дейді Есентемір әл­де­кімге шағымданғандай болып. «Апайдың сенің үйіңе қонаққа шақырылғанын білмеген ғой, әйтпесе, осы қаланың құрметті азаматы ретінде лифт орната қояр еді-ау», деп әзілдеген болам. Бұл сөзім апайдың құлағына жақты білем, жылжымай, қалт тұрып қалды. Шынында да лифт күтіп тұрғандай жайланып, ағыл-тегіл терін орамалымен сорғыштады. «Апа, енді келіп қалдық!» деді үй иесі әлденеге үрейленіп. Нәті, апасы енді аяғын тіпті баспай қоя ма деп, зәре-құты қашқандай еді. Апай да елгезек кісі ғой, соңғы күшін кейінге сақтаған екен, ышқынысын білдірмесе де төргі басқышқа ентікпей, сәл сергектеу көтерілген сықылды. Бөлесі Есентемірді аяғанынан да болар, «ал, жетіп жығылдық па, соған да тәубе», деп дым болмағандай серпіле сөйледі. Есікті айқара ашып тұрған Есентемірдің жұбайы Наушаны қапсыра құшақтап, маңдайынан бірнеше қайтара сүйді... Ой­хой, Есентемір екеуміз жеңі­лей­іп, қуанышымызды көз қиығы­мызбен шарпыса білдіріп, шаттанып бір кеттік десейші...

Апамыз шәйді құмарланып, сүйсініп ішті. Шөлін басқасын, әңгімеге де жазыла көсілді. Ара­кідік, маған қарата: «Тілші бала, түйсігіңде жүрсін», деп алады да өткен-кеткенін, әсіре­се бала кезгі, есейгендегі көр­ген қорлығын, пұшайман хал-зәбірін, жан қайғысын, жүре­гін кемірген тағдыр тәлкегін суыртпақтап қояды. Жазық маң­дайына көлденең түскен әжім сызықтары қасын кере сөйлегенде алма-кезек жиырылып-жазылып, «менде тұн­ған сыр жатыр» дегендей, біл­мек­ке әуестікті еселейді. Ынты­зар етеді. Ақ селеудей шашы тікесінен қақ жары­ла жатқызылған. Қайратты шаш­тан тарақ ізі де анық көрі­неді. Қою қасы боялып-сүргі­лен­бесе де кең маңдайдың қос ноқа­тындай сұлулығын үсте­ме­ле­ген. Қысқалау кірпігі мен аялы жанары шебер үйле­сім­мен ақылдылық нышанын аңғартқандай. Ойлы да тұ­нық көзқарасынан өзгеше мейі­рім­ділік меймілдеп, өмірге іңкәрлік тамшылап тұрған­дай еді. Түзу, тегісімен түскен мұр­нының етекті танауы сәнімен оймақталып, бет-ажарының келістілігін келбеттеп тұр.То­лық, топ-томпақ бүрме ерні өзгенің көңілін ынтықтыра сыздататындай әсем сызбаланып, доғалша иегімен астасып, одан әрі бұғақтала түскен. Мойнына түйінсіз бос тастаған ақ шәлісі толық омырауын бүркемелей босаң көлегейлегенімен, баяғы тал-шыбық мүсіннің толықсыған шағын елестететіндей ме. Не керек, сексеннің дәл үстіне шыққан апамыз сынын беріп, сырын алғызбағандай, сергек қалпымен қуантып тастады. Манағы баспалдақ машақатынан құтылғанына өн бойы жайнап, жадыраңқы күйге түсіп, балбырап барады екен. Күткенім, ақын мінезінің алқаусыз, бағынусыз, желпініс, ағынды, асаулы сәті еді. Бекер дәмеленбеппін. Мә­риям апай өз-өзінен қозға­лақ­тап, құюлы шәйіне де қара­май, қол сөмкесінен абдырап бір­деме іздей бастады. Іліккен қағазын алып шыққанша тағат­сызданып, қоңыр үнді уілімен шайқалақтанып қалады.

– Мен қазір Торғай жақтан қайтар жолда туған өлеңімнің осы Есентемір бөлемнің үйінде тұсауын кесіп тастасам қалай қа­райсыздар?– деді де ақ қағаздың бүктемесін жазып, қалың шынылы көзәйнегін мұрнына қондырды. – Дауыс ырғағы тіпті өзгешеленіп кетті. – «Қасиетті қара шаңырақ Торғайым, Са­ғы­нып келіп, саяңда сенің тол­ғайын. Егізіңнің сыңарымын ежелден, Сексенімді өз қой­ның­да тойлайын...».

Алғашқы шумақ тарқатыл­ды. Біз үнсізбіз. Дем беріп қош­тап, ақын арқасын қоздыра тү­суге дағдыланбаған басымыз сөз сиқырынан шыға алмай, мүлги түсіппіз.Торғайымыз еске тү­сіп торығып, тұмшаланып қа­лып­пыз. Апайда басқа есеп жоқ еді. Өзін-өзі қамшылап, ағындап барады. «Ата-бабам мекенде­ген Торғайым, Өткеніңді, өс­ке­ніңді ойлаймын. Талдап қарап, тарихыңды зерттесем, Елдігіңе, ерлігіңе тоймаймын».

Бізді өлең тыңдап отыр-ау, осылар деп көз қырына да алмаған Мәриям апай суың­қырап қалған шәйін бір ұрттап, оқуын әрі жалғастырды: «Талай ұлың өткен кешіп өткелді, Талай ауыр күнді бастан өткерді. Ұлы-қызың бостандықтың жолында, Қиындықты, қуғынды да көп көрді». Осы тұсына не­дәуір кідіріп, жанары жасаурады ма, орамал ұшын көзіне жүгіртті... Иә, ақын жүрегіне сызат түскендей. Қуанып отырып қайғыра салатын жұмбақ жанның терең күрсінісіне қа­быр­ғамыз қайысып, қамыққаннан басқаға, дәрменсіз едік.

Үлкен асты апай кешеуіл­детуді өтініп, диванға жайғасып отырды да үнсіздік жайлаған аз мезетте мызғып алғандай бол­ды. Тыңайып шыға келіп, қуақылана жымиды да «қабаған кәрілік осылай жан-жағыңнан тартқылайды», деп маңайын күлдіртіп алды. Мұнысы, ке­неу­лі әңгіменің беташары– жай­лылық, ұзын арқау, кең тұсаулы сабатты кезеңіндей болып, бөлмеде еркіндік ахуал орнатуға себін тигізгендей еді. Апайдың ерекше көңілділігінен жайдарман көп әңгіме дәметкендей едік, бірақ бәрі басқаша реңк­пен сұстылау өрбіді. Оған апай кі­нә­лі емес еді, сол бір сұрқия заман­ның зар-наласы еді, налытқан...

... Иә, қаршадай қыз Мәриям тез есейді. Оқи жүріп, өмір атты дастанның өрмегін үздіксіз тоқыды. Ақындық таланты да ерте ояныпты. Жыр жазу, оқыр­мандарына кітап сыйлау, «бөрі арығын білдірместің» кебімен қоғамдық іргелі жұмыстардың басы-қасында жүру, Мәскеу қаласында өт­кен КСРО Жазушылар ода­ғы 1-съезіне қатысып, М.Горь­кий­дің қолынан мүшелік билет алу секілді ұлы мұратын ұш­таған қынулы жылдар, сәті­мен жалғаса берер ме еді, әттең, сұрқия 1937 жылдың қынабынан қан тамшылаған қылыш суырылмағанда. Ері Серғали Бермұхамедов «халық жауы» атанып қамауға алынбаса... Қайратты ана бәріне көніп бақты. Он сегіз жыл жүрегін мұздатқан қайғы батпанын серпи жүріп таңғаларлық ақындығына бас игізді. Қа­зақ поэзия көгінің жарық жұл­ды­зындай болып қалған «Мән­шүк» поэмасын туғызды. Сөй­тіп, жолдасы Серғалидің нақақ­тан атылып кеткені заңмен анықталып, толықтай ақталған 1955 жылға дейін де белсенді өмірлік ұстанымын бәсеңсітпей, небәрі 23 жасында қыршын кеткен, өзінен үш жас қана қал­қыңқы, жалынды ақын Шол­пан апасының тағдырлы жал­ғасындай болып, жыр әлемінде жарқыл қақты.

Осынша қыспақты жыл­дар­дың қатулығы апайдың қаба­ғын жібітпестей етіп құр­сау­лап тастаса да, бөлек бітімді бекзат жаратылыс кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен қайғы мен қуанышты қатар өріп, әңгіме тізгінін қосақтап, жіберіп-тартып отырады екен. Апайдың сондай бір алақұйын көңілі сабасына түсе бастағанын аңғарып:

– Апай, осы сіз, Шолпан апаңызды көрдіңіз бе?– деп қыстырыла кеттік.

– Көре алмадым! – деді апай «әттең-айының» шеті түріліп қалғанына оқыс күйінгендей боп. – Бірақ қанаттасып, «Әйел тең­дігі» журналына өлең шы­ғарып тұратын едік. Біз одан көп үйрендік қой. Шіркін, ол уақыттағы сыйластықты айтсайшы. Бір өлеңі арқылы ақынмен немесе ұлт мүддесіне орай тауып айтқан бір ақылман сөзі үшін бейтаныс зиялымен сырттай туыстасып, рухтас боп кететінбіз. Қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды болған Нәзипа Құлжанованы да солай арқа тұтқанбыз. Міржақыптың зайыбы Ғайнижамалдың ақылын талай есіттік. Ал Гүлнәр Ду­ла­това сіңліміз қазақ қыздары­ның бойына алаш идеясын сіңі­руден жалықпайтын күрес­кер жан екенін әрдайым мақтан етемін, былайғыларға да уағыздап келемін. Ондай тұл­ғалар сирексіп қалды ғой қазір. Бірақ, шүкір. Өнеге демекші, Шолпанға қатысты білгенімді айтайын. Оның жазғандары шашырап қалар ма еді. Көзі жұмылған соң бір жыл өткесін, кейін қоғам қайраткері боп танылған Сара Есова оның өлеңдерін жиыстырып, кітап етіп шығарды. Ұлт үшін де, Шолпан Иманбаева үшін де қажет қадам еді бұл... Кезінде Шолпан апам туралы: «Қазақтың қалаулысы ақын Шолпан, Өмірден өлең болды алған қолқаң. Сайрадың бостандықтың бұлбұлы боп, Болса да қара түнек өскен ортаң»,– деп жырлағанмын.

Ішкі ой шерленіп туласа, толқын сапырған ақ көбіктей бетке қалқып шығады екен. Апай жүзі күреңітіп, есіне түс­кен әлденені бұғалықтай алмай әлектенген сыңайлы. Нендей ой кемірді екен?.. Бізге тылсым қалды. Дегенмен, уақыттың қай жұмбақты да шешпей қой­­май­­тынына көз жеткен. Алға жүгіртіп айтсақ... былай. М.Ха­кім­жанованың халқы сүйіп оқитын қаншама туындылар жазғанына ел куә. Өзі 60 жасқа толғанда солардың басын құрап, үш том етпекке үміттенген-тін. Дәнеңе өнбеді. Араға 20 жыл салып, 80-ге жеткенде бел­сенді бір баспагерге барып: «Шырағым, менің ғұмыр бойы жазғанымның таңдаулы де­гендері 3 томнан аспайды, артымда тұтастау күйінде қал­сын!» деп өтініпті. Құлаққа қыс­ты­рылмапты. Сөйтіп Қазақстанның халық жазушысы, «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, Қостанай, Арқалық, Форт-Шев­ченко қалаларының құрметті азаматы атанған абзал ана, қазақ поэзиясы қыз-келіншектерінің абызы көзінің тірісінде том­дық­тарын шығара алмай арманда кеткен еді. Апайдың өз аузымен айтылмай қалған мұң-зарының бір түйткілі осы болса керек-ті.

Әрине, әділдік жеңбей қой­май­ды екен. Ақынның туға­нына 100 жыл толуына орай, әй­теуір, мейірім-ықылас таны­ту­шылар табылып, 2006 жылы шығармаларының 2 кіта­бы «Ана тілі» баспасынан, соңғысы «Жазушыдан» жа­рық көріп, осылайша, өзі діт­те­ген тұтас 3 томдығы өсие­тін­дей боп оқырмандар қолына тигені көңілге медет. Мұ­ның біріншісіне – өлеңдері, екін­ші­сіне – өлеңдері мен поэмалары және жазбалары, үшіншісіне – естеліктері мен мақалалары енгізілген. Әттең, әттең... Үш «балапанының» басынан сипай алмай кеткені өкінішті-ақ.

Жер қозғалмаса, қозғал­май­тындай салмақты Мәриям апаның жүрегіне нендей сал­мақ түскенін кейін аңға­рып жат­қандаймыз ғой... Жыр-Ана­сымен соңғы рет қош­та­су­ын­да талантты сіңлі­сі Фариза Оң­ғар­сынова: «Қыз­дар­дың кө­шін бастаған, Орын­сыз асып-таспаған, Өсек-аяң сөз айт­пай, Қабағымен жас­қа­ған, Тек­ті­лердің көзі едің, Шын асылдың өзі едің»,– деп на­ғыз дегдарлық бағасын бере күңі­ре­ніпті.

...Сонымен, ас ішіліп болып, Есентемір апайды қонақ үйге жеткізіп салудың қамына кі­ріс­кенде, ол кісі тосындау қи­мыл­мен бізге ошарыла бұрылды:

– Сендер, Ыбырай Алтын­сарин бабаларыңның басына жиі барып, зиярат етіп тұрың­даршы!– деді де ішінен күміл­жіп тынды.

– Барып жүрміз! Апа!– деді Есен­темір нық сөйлеп. – Қа­ла­ның кең алқымынан жанай ағатын Тобыл өзенінің жаға­сы­нан онша алыс емес жерде мәң­гілік тыныстап жатыр ғой, жа­рықтық бабамыз.

– Дұрыс! Дұ-р-ыс! Кеше өзім барып, дұға оқып қайтқам. Есімде ғой бәрі, есімде, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем Балғожа мен Қанқожа билердің он екі құлақты тамы­ның қасында жатқан Ыбырай атамның да темір тормен қор­шал­ған бейітін көрсетіп, жадың­да жүрсін дегендей, нығыр­лап көздеп, түсіндірген еді. Жасыратын не бар, сол ескі қо­рым Қостанай қаласының шеткі тұсында қалғанын ішім сезеді. Үстінен банк ғимараты түсті деп естіп едім... – Мәриям апай ауыр күрсінді де сөзін жалғады. – Құдайға күнәһар болар жайым жоқ, бірақ көңілден секемшіл сезік кетпей қояды. Қазіргі ескерткіші тұрған жерге сүйегін қазып апарып қойды ма, әлде... Қойса, жақсы!.. Бұл жағы өзіммен көрге бірге кетер ащы мұңым ғой, айналайындарым-ай!.. Ескертіп қояйын, енді бұған бола дүрлігудің өзі ерсі...

Ащы мұң!.. Апайдың жү­зіне аянышпен қарадық. Ол мүсіркеуді ұнатпайтындай кейіппен өңіне жылы жымиыс жүгіртіп, тұруға ыңғайлана бас­тап еді.

Мәриям апай төменге бір­шама жеңіл, сергек түсті. Есен­темір екеуміз бұл жолы алғы бас­палдақтарды қосарлана ат­тап, жауырынымызды апай­ға икемдей қалқалап, қауіп­сіздік шарасын аса мұқият сақ­та­ғандай боп «келдік, апа, келдік» деумен жерге табан тіредік-ау, әйтеуір... Бағана жо­ғары қабатқа көтерілуіміз ғарышқа самғағандай жан терімізді шығарса, енді төменге – құлдилап кеп жайлы қонған ғарышкерлердей боп, мәре-сәре күй кештік. Мәриям апа­ның «Қазы- қарта мен сары қы­мыздың қуаты-ай!» деп, сың­ғырлай күлгені жадымызды әлі күнге қоңыраулатып жіберетіні бар.

...Содан қайтіп апай Қос­та­най жаққа ат ізін салмады. Әйтсе де күллі қазақ оқырмандарының жүрегін жалынды жырымен арайландырған қайран апамызды аңсарлы жүректер ешқашан ұмытпайтынын көріп-біліп, сезіп жүргеніміз дәтке қуат.

Кейін де апамыз жайлы талай әңгімелерге құлақ түріп жү­ріппіз. Сонда қазақ әйел ақындар көшін 70 жылдай бастаған мейірімді жүректің мұң-шерге бөк­кен лүпілін сезетіндей едік. Ешнәрсеге бейжай қара­ма­ған ғой, жарықтық. Ғабит Мүсі­реповтің басы 4-5 жыл төңірегінде қарайтылмағанда, қаншама жерге дабыл ұрып, қалалық биліктің шаңын қаққан да осы кісі болатын. Сол классик жазушының үй-мұражайының қалыптасуына да мұрындық болғандай екен. Осының бәрі ойлы адамға мұң емес деп кө­ріңізші.

Қазақтың небір боздақ­та­ры­мен аралас-құралас жүрген Мә­риям апай көркемдігі аса жоғары естеліктер жазып қалдырған. Бейімбеттен бастап құнды пі­кірлер айта білген шежіре-жү­рек, әңгімешіл, әмбебап білім­дар, көрген-білгені мол, жады мықты біртуар екен. Оның арнау өлеңдерінен тарих бедерін тануға болады. Жоқтау жырларында да ауыз әдебиетінің түпсіз қайнарының үрдістері көзге ұрып, дәстүрлік жалғастықтың иірімдері шымырлата үйіреді. Ел арыстарының бақыты мен күйзелісін жүрек сүзгісінен өткізе білетін Мәриям апайдың өлеңдерінен немесе былайғы жазбаларынан азамат бағасын айқын аңғарасыз. «Қайран Ілияс (І.Омаров – Қ.Ә.) қармақтай боп үйге кіргенін әйнектен көріп, еңіреп жылап отырып, осы өлеңді жазып, пошта жәшігіне салдым». Қазақтың марқасқа ұлының Мәскеуден қиын операция жасатып, қалжырап оралған беті екен. Өлең басы былай: «Келдің бе аман-есен, бауырласым, Жолыңа төктім талай көздің жасын. Ажалмен арпалысып сен жатқанда, Тіледі тілегіңді ауылдасың». Бір аптадан соң Ілияс жылқы сойып, аман келгеніне туған-туыстарын, көрші-көлемдерін, құда-жекжаттарын шақырады. Сол отырысты апай былайша суреттеп жазады: «Тамақтан кейін менің өлеңімді төс қалтасынан алып: «Апа! Өз үніңді сағындым. Мына маған арнаған сөзіңді өзің оқып берші», деді. Мен қатты тебіреніп оқып бердім. Ілияс өксіп-өксіп жылап, шаршап қалды. Аздан кейін қасыма келіп, бетімнен сүйіп алғыс айтқан еді. Аяулым!»

89 жасқа қараған шағында өмірден озған Мариям апа ғұмырының соңғы 4-5 жылында екі аяқтан қалып, көзі кетіп, құлақтан кемуі тағдырының кезекті аяусыз соққыларының бір болғандай екен. Сонау ерте шағында өмірден қорлық көріп күйінгенде: «Тырсылдаған көздің жасын, Тоқтататын не амал бар. Қор боп өткен қайран басым, Қашан ғана жоғалар...» – деп тотияйын жалағандай, тілін күйдіре жазғанымен, бақытты ақын болып ел көзінде қалған еді...

...Мұңның да өшіп-семе­тін ке­зегі келе ме?! Сабағы ше?!.. Ал адамдарға жасаған қам­қор­­лықтың, ыстық тілектің, нұр­лы ақыл­дың, жылы жүрек­тің, жа­­лын­ды қайраттың шар­пы­суы­­­нан шарболаттанған қуа­ныш-қызық ғұмырлы келеді екен!.. Мәриям апайдың шыж­ғы­рылған мұңынан гөрі, өлең сый­лаған асыл мұратты, мейзам шуақ­ты, өшпес маздағы басым бол­ғандығы да содан шығар...

Қайсар ӘЛІМ

«Егемен Қазақстан»

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 1944 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar