Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
21.01.2014, 23:08 | |
Х.Әбжанов, тарих
ғылымдарының докторы, Еуразиялық ұлттық
университетінің профессоры
1.
Мәселенiң мәнi Бұл бiр
көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен
тұратынын көремiз. Бiрi – ұлт, екiншiсi – идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына
ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген
Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай қазақстанға
сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi,
рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан,
қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. қазақтар
да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала
даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары
бүгiнгi күнге жетiп отыр. ХХ ғасыр
этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып
кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194
ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге
айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi.
Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi.
қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты.
Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады. Бiздiң ойымызша, ұлт
дегенiмiз – өзiнiң қазақ (орыс, немiс, жапон...) екенiн тарих тереңiнен бастау
алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тiлдiк, рухани, геосаяси, т.б.
өзгешелiгiн айыра алатын адамдардың
үлкен қауымдастығы. Идея – грек
сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай
идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi
бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi
орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз
қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы
дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң
тоқ етерiн тапқанымыз.
2. Тарихы Қандай ғана болмасын үрдiстi
зерттегенде тарих ғылымы үш сұраққа жауап iздейдi: 1. Қашан пайда болды? 2.
Қандай даму белестерiнен өттi? 3. Бүгiнгi жай-күйi нешiк? Ұлттық идея тарихы да
бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ,
қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол
қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса
көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес.
Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше
дәуiрден тұрады. қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi
нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен
Ресей, қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас
орнату құрады. Асан қайғының: Едiл менен Жайықтың Бiрiн жазға жайласаң, Бiрiн қыста қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күмiске! – деген жыр
жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуiрдегi аңсағаны - территориялық тұтастық, саяси еркiндiк,
әлеуметтiк кемелдiк,табиғат пен адам арасындағы үйлесiм бейнеленген. Елдiң бiрлiгiн,
iшкi тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелi байлығын жырлаумен
ұлттық идеяны мемлекеттiк саясат биiгiне көтергендер қатарында қазтуған,
Доспамбет, Шалкиiз, Жиембет жыраулар тұр. "Ақтабан шұбырынды, алқакөл
сұлама" жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердiнiң: Жауға шаптым ту
байлап, Шептi бұздым
айғайлап, Дұшпаннан көрген
қорлықтан Жалынды жүрек қан
қайнап, Ел-жұртты қорғайлап, Өлiмге жүрмiз бас
байлап, - дейтiнi осыдан. Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы
бағын ұшырды. Ресейдiң бодандығына кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және
территориялық тұтастығынан айрылды. "Бөлiп ал да билей бер"
саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне
лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVIII ғасырда Абылай мен Әбiлхайырдың, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен
қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның
ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә,
бұлар әрiсi - туған халқына, берiсi –
соңынан ергендерге қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей,
бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша
қазақтың болмаса да қалың көпшiлiктiң
мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Орталықтанған мемлекеттiң болмауымен қоса
бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты,
жолын кестi. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса,
Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш
автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық
жiктелуден олжалады. Ең пәрмендiсi әрi халыққа тиiмдiсi Алаш автономиясы ұлттық
идеясы екенiн ендi ғана ұғындық қой. Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның
тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды
тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны
әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның
алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған
саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет
түзегенi. Кеңестiк жылдардағы қазақстанда қазақтың санасы мен жүрегiн билеп алған ұлттық идея
болған жоқ. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе
жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар,
жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп,
суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тiлге жеңiл, жүрекке
жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды.
20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа
шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты "ЕСЕП"
партиясының", "Жас тұлпар" қозғалысының дүниеге келгенiнен,
"Қазақ әдебиетi", "Зерде" газет-журналдарындағы ұлт тарихы,
тiлi, мәдени мұрасы жайлы
жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан,
1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Бiрақ
бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген бiздер
тәуелсiздiктiң табалдырығынан нысаналы даярлықсыз аттай салдық.
3.
Бүгiнгi халi А.Байтұрсынов:
"Қазақ - жоқ iздеген халық", деген екен. Иә,
Ахаңдардың заманындағы қазақ баласы бiлiмнен, ғылымнан, өнеркәсiптен ала алмаған
еншiсiн iздедi. Әлi де жоқ iздеп жүрмiз. Биiк технологиялардан кенже қалыппыз.
Әлемдiк бәсекеге даяр емес екенбiз. Ауаның, судың, топырақтың бүлiнбеген,
былғанбаған, таза күйiндегi күндердi аңсаймыз. Ең ауыры – бүгiнгi қазақ
өзiн-өзi iздеген, танып болмаған халық. Аты да, заты да бiр қазақ қаншаға
бөлiнiп кеткенiн көзбен көрiп, жүрекпен сезiнiп отырмыз. Ал ендi соларды санап
көрейiкшi: 1. Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ
қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, байырғы түркiлердiң
нақыл сөздерi, қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға асылдың сынығындай. 2. Кешегi өктем ұлт
орыстардың сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мұндайларды Шер-ағаң:
"Улы империяның улы жемiсi" деген едi. 3. Тiлi, дiлi орыстанып
кеткенмен халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн.
Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжандылық сезiм тән. Қазақша сыңар жол өлең
жазбаса да О.Сүлейменовты кiм
орыс ақыны дей алады? 4. Жаhанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа
шыбындап бас изейтiн, өзiнiкiне мұрынын шүйiретiн қазақтар шықты. 5. Басқа
дiннiң ықпалына түсiп, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсiп келедi. 6.
Тарихи отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзiн де, сөзiн де түсiнбей,
айран-асыр болып тұрған оралмандарды
қайда қоясыз. 7. Жүзге, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған
"ортағасырлық" қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендiру мен нарықтан
қарқ болған "жаңа қазақтар" да бөтенiмiз емес. "Алтау
ала болса, ауыздағы кетедi", деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан
да көп болғандықтан жерiмiздiң асты-үстiндегi байлық шетел асып, қулығы мен
сұмдығын асырғандардың қанжығасына байланғаны айтудай-ақ айтылды. Бұл – бiр.
Екiншiден, этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына
қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен
айрылудың әкелер қасiретiн – бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң
болатынын осыдан 13 ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы
түркiлердiң даналығына қалайша бас имейсiз. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың
айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: "Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы –
тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық "МЕН" дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге
тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр... Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол
шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына
орныққан фактiге айналуы қажет", деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық
жатыр. Ұлттық
"МЕНДI" қалыптастыратын тетiктер мен жағдаяттар сан алуан. Оған көшедегi
қаптаған жарнамалардан бастап, ендi ғана дүние есiгiн ашқан сәбидiң құлағына
естiлетiн ән мен үнге дейiн кiредi. Солардың бәрiнiң басын қосатын, бәрiн
өгiздей өрге сүйрейтiн құдiрет Ұлттық Идея деп бiлгенiмiз жөн. Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық
идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ол шiркiн әлi күнге дейiн жоқ та. Ал
қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай
ақиқат. Армансыз адам - қанатсыз құспен тең, дейдi халқымыз. Ендеше ұлттық
идеясыз қала берсек қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша
елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай
көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне
майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны – қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа
шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың
табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн
санап артып келедi. Демек қарап отыруға болмайды. Алдымен бiзге
қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол
идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық
кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея
қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа
диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этникалық ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын,
қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден,
ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең
де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн. Елдiң iшiндегi,
жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып
отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи отанында
отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты
бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты
мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек жейдi.
Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны
ақиқат. қытайдағы қазақтардың кейiнгi толқыны қытайланып, Түркиядағылар
түрiктенiп бара жатқаны белгiлi ғой. Мың өлiп, мың тiрiлумен азаттыққа жеткен
қазақтың тағдыранықтағыш ұлттық идеясы қазақстанда ғана өз жемiсiн бере алады.
Табиғи-тарихи даму жолдарын әлдеқашан тапқан, iшкенi – алдында, iшпегенi –
артында жуан ата елдер үшiн ұлттық идея көп қажеттiлiктердiң бiрi болса, ендi
есiн жия бастаған қазақтарға, қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас
заңдылық деп пайымдаймыз. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тiлге,
дiнге, БАҚ-қа байланысты
дау-дамайлардың басы қайтпай тұрғанын мойындауымыз керек.
4.
Билiк. Байлық. Адам Идея
алғашқыда болжам, ой, жоспар түрiнде дүниеге келедi. Уақыт үдесiнен шыққаны
жойқын күшке айналады. Бiрақ, "әр кәллада бiр қиял" дегендейiн,
өмiрде не көп – идея көп. Оның бәрiне тиiстi көңiл бөлiп, жақсы-жаманын
ажыратып отыруға жалғыз-жарым адам емес, тұтас мемлекеттiң мұршасы келе
бермейдi. Әйтпесе фашизмге, тоталитаризмге, нәсiлшiлдiкке әкелетiн идеяларды
жөргөгiнде тұншықтыруға болар едi ғой. Өскелең идеялардың да жолы бiрден бола
қалмайды. Араға ғасырлар салып танылатын идеялар бар. қазақстандық ұлттық
идеяның бүгiнгi әлеуетi де осы тақылеттес. Кезiнде Керей мен Жәнiбекке, Тәуке
мен Абылайға күш берген ол ендi елес болып, Алтай мен Атырауды, Жетiсу мен
Сарыарқаны, Түркiстан – Тұранды кезiп жүр. Билiктiң, байлықтың қолдауынсыз
елестiң бағы ашылатынына сену қиын. Ал тап сол елеске лаңкестiк пиғылдағы
күштер иелiк етiп кетсе, қоғамға аз қасiрет әкелмейтiнiн тарих әлденеше
дәлелдеген. Қазiргi Қазақстанда билiк пен байлық - егiз ұғым. Билiк байлыққа
жол ашады, байлық билiкке жеткiзедi. Дұрысы – әрқайсының өз кеңiстiгi, өз ойын
алаңы, ережесi болғаны. Келешекте бұлардың ара жiгi ашылар. Әзiрге болары
болып, бояуы сiңген нәтижемен есептесуден басқа шара жоқ. Сонда да айтарымыз
мынау: билiк пен байлықтың қоян-қолтық астасып кетуi монополияны туғызбай
қоймайды. Ал монополия iрiп-шiрудiң басы екенi бесенеден белгiлi. Тiптi мұның
алғашқы үрдiстерi бой көрсете де бастады. Мәселен, қазақстандағы билiк пен
байлық иелерi ұлттық идеяға бастарын ауыртып отырған жоқ. Бұл аздайын билiк пен
байлықтың басы-қасындағы адам факторы ұлттық, дәлiрек айтсақ, қазақтық дiлге,
рухқа суғарылмаған. Пассионарлық тұлғаларға зәрулiк ұлғайған мына заманда
олардың арасында әдiл бәсекеде жеңiп шыққандар мейлiнше аз, көбi "бармақ
басты, көз қыстымен" байлықты, билiктi еншiлегендер. Мұндайлардың
ұлтжандылығы, ұлтшылдығы тiлiнiң ұшында ғана. Абайша айтсақ, өзi мал болған соң
малдан басқа қызығы жоқ. Ал ендi бұған нарықтық қатынасқа көшу, әлемдiк
экономикалық кеңiстiкке ену қазақстандағы iрi буржуаны байырғы ұлт өкiлдерiнен
емес, басқа этностар есебiнен қалыптастырғанын қосыңыз. Сағымдай ұлттық идеяны
былай қойғанда бай әрi көркем мемлекеттiк тiлдiң жұмыс iстемей тұрғаны да
осыдан. қазақ тiлiнсiз ұлттық идея сыңар қанатымен жер сабалаған дәрменсiз
құстай. Ұлттық идеясы бұлыңғыр елдегi билiк оп-оңай қателесуге, байлық орынсыз
шайқалып төгiлуге бейiм тұрады.
5.
Не iстеу керек? Ұлттық
идеяның бары мен жоғын тиянақтауға жұрттан бұрын ғалымдар кiрiсiп кеттi.
Ә.Нысанбаев, А.Сейдiмбек, Ә.Ғали,
А.Шәрiп, I.Ерғали тәрiздi белгiлi бiлiмпаздардың қаламынан туған еңбектер
қоғамдық санаға игi әсер еткенi сөзсiз. Бiрақ бұл жеткiлiксiз болып шықты.
"Тарих – тым жауапты iс, оны тарихшыларға сенiп тапсыруға болмайды",
деген екен ағылшын саясаткерi Йан Маклеод. Ұлттық идеяның арқалап тұрған жүгi
ғылыми ойтолғаумен жерден бiр елi де көтерiлмедi, қайта салмақтана түстi.
Өйткенi ұлттық идеяға тап бүгiн керегi толағай сөз ғана емес, нақты iс. Ал
iстiң жүзеге асуы үшiн саяси-мемлекеттiк шешiм қажет. Демек, ұлттық идеяны
анықтауға Президент, Парламент, үкiмет ресми түрде араласқанда ғана оң
нәтижеден үмiттенуге болады. Ашық та жария мемлекеттiк саясатсыз ұлттық идеяның
тамырына қан жүгiрмейдi. Сонда бұл iстен зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық
бiрлестiкер, үкiметтiк емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмай, қоғамдық санадағы бүгiнгi самарқаулық жойылар
едi. Кейбiр әрiптестестерiмiздiң
уәжiне құлақ қойсақ, ұлттық идея мәселесiн iс жүзiнде шешуге Ата
Заңымыздың 5 - бабындағы идеологиялық
плюрализмдi қуаттаған талап кесе-көлденең тұратын тәрiздi. Шынтуайтында бұл
баптың еш кедергiсi жоқ. Тек идея мен
идеология арасында жер мен көктей айырмашылық жатқанын ұғына бiлсек
жарады. Идеология дегенiмiз бiрiн-бiрi
толықтыратын, бiрiнен бiрi туындайтын, арасынан қыл өтпейтiн идеялардың жиынтық
жүйесi ғой. Ондай жүйенiң маркстiк-лениндiк идеология деп аталатын таптық
түрiнен кеше ғана құтылған жоқпыз ба? Ендеше неге бүгежектеймiз. Рас, бүгiнгi
қазақстанда мемлекеттiк идеология жоқ.
Болмай-ақ қойсын. Бiрақ мән-мағынасы ұлттық идеядан қылаудай ажырағысыз идеялар – тiлдер туралы Заң,
"Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы, ауыл жылдары – жүзеге
асқанын, асып жатқанын, аса да беретiнiн қаперден шығарып алатынымыз ақылға
қонбайды. Ұлттық идея идеологиялық
өктемдiктi туғызады дейтiндер өзiн де, өзгенi де шатастырып жүр. Гәп мынада болса керек. Тоталитаризм тұсында ұлт
мәселесiнен, ұлтшылдық науқандарынан оңбай таяқ жеген жақсыларымыз, тiптi
бүгiнгi бәрiмiз ұлт деген сөз естiсек, терiге кептеген басын қорғаған мәңгүрттей орнымыздан тұра
қашамыз. Басымыздан тоқпақ, мойыннан қамыт кеткенiнде шаруамыз жоқ. Ұлттық идея Қазақстандағы барлық халықтардың тiлiнде орнықтырылуы керек. Және ол қазақ
мұратын көздейтiнiн жасырудың еш қажетi жоқ. Мұндай қадамға барудың негiзiнде
бiрнеше себеп жатыр. Бiрiншiден, Қазақстанға қоныс аударған келiмсектердiң соңғы легi тың игеру жылдары
келдi. Содан берi жарты ғасырдан астам уақыт өтiптi. Яғни басқа этнос
өкiлдерiнiң ең кем дегенде үшiншi ұрпағы қазақ топырағын басып жүр. Бұлар қазақ
болып кетпесе де қазақстандық екенiн бiр адамдай бiледi. Тарихымыздан,
салт-дәстүрiмiзден, мәдениетiмiзден, ендiгi тiлiмiзден хабардар. қазақстан
халқы, қазақстандық ұлт дегендi осылар үшiн айтамыз. Ал Қазақстан, қазақстандық дегенiмiз - қазақ дегендi
бiлдiредi. Екiншiден, шекарадағы темiр перде ысырылып, ақпараттық алмасу
үдегендiктен алыс шетелдердегi өркениеттi мемлекеттiң өзiнде байырғы халық
пен кiрме халықтың қалай өмiр сүретiнi,
құқықтарында қандай айырмашылықтар бар екенi баршамызға мәлiм болды. Германия
немiстер үшiн екен, Қытай қытайлар үшiн
екен, Франция француздар үшiн екен, Түркия түрiктер үшiн екен. Қазақстан қазақтардың елi екенiн бiз неге жасыруымыз керек?
Әрине, Қазақтан басқаларды
шөмiштен қағайық, шетке ығыстырайық, басқа да қысымшылық жасайық деген сөз емес бұл. Тағдырдың жазуымен тарихи
отанынан тыс жүргенiн олар да бiлсiн, бұған қазақтар жауапты емес екендiгiн бiз
де ашығынан айтайық. Әдептен озған
қонағына да "шаңыраққа қара" деген халық емеспiз бе. Ұлттық идея құндылықтары мен ұстанымдарын екi әлеуметтiк
қауым арасында мейлiнше дәйектi бекемдеу қажет. Бiрi – бала бақшада
тәрбиеленушi бүлдiршiндерден бастап, университет аудиторияларында отырған
жастарға жеткiзуден ештеңенi аяуға болмайды. Екiншiсi – мамандар мен
зиялылардың ұлттық идеяға қалтқысыз берiлгендiгiн қалыптастыру. Осылардың
санасына, өмiр салтына сiңген ұлттық идея кiмдi болсын өз иiрiмiне ала жөнелетiнiне
күмән жоқ. Сөз орайы келiп тұрғанда БАҚ беттерiнен көрiнiп жүрген: "Қазақстанда қазақтан басқа ұлт жоқ, диаспоралар ғана
бар" деген тұжырымға өз ойымызды бiлдiре кетейiк. Диаспора – отанынан тыс
өмiр сүрiп жатқан қауымның демографиялық
сипаттамасы. Ұлт – тарихи-этникалық категория. Библияда Савел бiр түнде Павелге
айналады. Нақты өмiрде ұлт әрқашан ұлт
болып қала бередi. Егер демографиялық анықтауышты этникалық үрдiске қолданатын
болсақ диаспорадан ғана емес, қазақтан да ештеңе қалмауы әбден мүмкiн.
Этникалық дамудың бар белестерiнен өткен, мемлекеттiгi, жерi сыртта, қазiргi
таңда қазақстанда тұрып жатқан қазақтан басқа ұлттың баласы өз ұлтының өкiлi
болудан қалған жоқ. Орыс өзiн орыс ретiнде, ұйғыр өзiн ұйғыр ретiнде, өзбек –
өзбек ретiнде сезiнетiнi заңды әрi сол ұлттың өкiлi болып саналуы қажет.
Ассимиляцияға ұшыраса – әңгiме бөлек.
6.
"Қазақ
елi. Азаттық. Бiрлiк"
Ұлттық идея барша халықтың күш-жiгерiн, iс-әрекетiн уақыт
алға қойып отырған аса жауапты тарихи мiндеттi шешуге жұмылдыратын, баурап
әкететiн күш болуын қалаймыз. Өткен күндерден айғақ - дәлел келтiрер болсақ, ХІХ ғасыр аяғындағы Россияда ұлттық идея мiндетiн
"Самодержавие, православие, народность" деген атау-терминдер атқарса,
кешегi Ұлы Отан соғысы жылдарында большевиктер ұлттық идеяның арқалар жүгiн
"Бәрi де майдан үшiн, бәрi де жеңiс үшiн" деген ұранға сиғызды. Кез
келген мемлекетке ұлттық идея қажет, ал оның ұғым-түсiнiгi, атау-терминi әр
кезеңде әрқилы болып келуi объективтi заңдылық. Сондықтан да бүгiнгi ұлттық
идея мiндеттi түрде ұзақ немесе қысқа мерзiмдi қамтып жатуы керек деп шарт
қоюдың негiзi жоқ. Ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазiргi таңда "Қазақ елi. Азаттық. Бiрлiк" деген ұғым-түсiнiктер аша
алады. Ойымыз жұртшылыққа түсiнiктi болу үшiн әрбiр сөзге тоқтала
кетейiк. қазақ - Қазақстан Республикасына атауын берген этнос, осы мемлекеттiң, жердiң
иесi де, киесi де қазақтар. Ел – байырғы түркiлер заманында қалыптасқан
атау-термин, мемлекеттiктi бiлдiредi. Орхон мұраларында "Түркi елi", "Мәңгi ел"
деген сөз тiркестерi бiрнеше рет қайталанған. Ұлттық идеяның "Қазақ елi" ұғымымен басталуы өзектi екi мiндеттi
шешуге мүмкiндiк бередi. Бiрi – барша қазақстандықтардың отансүйгiштiк сезiмiн
тарихи-этникалық тамырмен байланыста қалыптастырып, тұрақтандыруға, екiншiсi –
алыс шетелдiктерге Қазақстан Республикасы мемлекетiнiң мәнi қазақ елiне саятынын
ұғындыруға шылбыр ұстатады. Әзiрге Қазақстанды қазақ елi ретiнде қабылдағысы келмейтiндер
республикамызда да, бiлмейтiндер шетелде де аз емес. Уақытында дәм-тұзымызды
татып, бiлiм алып, лауазымды қызметтер атқарып, Қазақстаннан қоныс аударысымен өзi суын iшкен құдыққа
түкiргендердi қаперге алмағанда, Мысыр елiндегi әйгiлi Александрия
кiтапханасының мамандары Қазақстан жайлы үстiрт ұғымда екенiн қалай түсiнуге болады. 2003 жылы
Каирге барған сапарында "Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының
директоры Тұрсын Жұртбайдың өтiнiшiмен олар компьютерлерiн қанша мазалағанымен,
өзгенi былай қойғанда Қазақстан мен оның
Президентi Н.Ә.Назарбаев туралы бiрде-бiр мәлiмет тауып бере алмаған екен.
Бұған кiнәлi – өзiмiз. Сылбырмыз. Ширайтын уақыт өтiп барады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында бұл мiндет бекер ауызға
алынбаған. "Қазақстанның, дедi Н.Ә.Назарбаев, әлемде қуатты экономикасы бар әрi халықаралық
қоғамдастықтағы тұғыры берiк өңiрлiк держава ретiнде қабылданатынын естен
шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебенi қастерлеуiмiз және елiмiздiң қазiргi
әлемдегi беделiн нығайту үшiн қосымша күш-жiгер жұмсауымыз керек". Азаттығымыз да әлi жас. 1990 жылы Қазақстанның егемендiгi жарияланды, 1991 жылы аңсаған
тәуелсiздiкке қол жеттi. Бiрақ бiз әзiрге толық азаттыққа ие бола қойған жоқпыз. Айталық, озық техника
мен биiк технологияларға зәрумiз. Олар сырттан тасымалдануда. Жаратқан иемiз
бiзге мұнай қорын таңқаларлықтай молынан бергенмен әлемдiк бағасын анықтап
отырған басқалар. Батыстың демократиялық құндылықтарын тездетiп алуларың керек,
адам құқығын сақтай бермейсiңдер деп ақыл үйретiп, қоқаңдай беретiндер де
басқалар. Тiптi патшалық отарлау мен кеңестiк тоталитаризм санаға сiңiрген
дүниетанымнан арылмағанымыз, қазақтың қазақ тiлiн бiлмеуi толық азаттыққа
жетпегенiмiздiң көрiнiсi. Әрине, тәуелсiздiк жылдарындағы толағай
табыстарымызды ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ табыстан бас айналмасын.
Н.Ә.Назарбаевтың қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, бiз бiрлесе отырып,
еркiн экономика мен еркiн ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк
негiз қаладық. 260 жылға созылған бодандық пен жалған ұраншылдық қазақ
халқының бiрлiгiне орасан зор нұқсан келтiрдi. Бiрлiктiң Ұлы күш екенiн
халқымыз қапысыз ұққан. Бiрлiк жоқ жерде тiрлiк жоқ, деген ғой ол. Сөздiң атасы
- шындық, анасы - бiрлiк деген
ұлағатты сөздi Қаздауысты Қазыбек би айтқан екен, дейдi даланың ауызша тарихнамасы.
"Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос, көрмесең – iстiң бәрi бос", - деп ұлы
Абай жырлаған. Қазақтың, барша
қазақстандықтардың бiрлiгi тап қазiр ерекше мағынаға ие болып тұр. Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына
Жолдауында жан-жақты дәйектелген экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел
жаңару мiндеттерi ынтымақ-бiрлiк барда ғана жүзеге асады. Бiрлiгi күндей күндiз бар да түнде жоқ елдегi адамдардың
өзара сыйластығы iлiнiп зорға жүрген бай мен кедейдiң құдалығындай тұрлаусыз
ғой. Әйтпесе түнгi сағат 1-2 ден кейiн орыс тiлдi телеарналар қазақ халқының
табиғатына, менталитетiне жат, тiптi мазақтайтын, қорлайтын хабарлар жүргiзер
ме едi. Ал осынау түнгi хабарлар сорақылығын, зиянын қазақ баспасөздерi жазған
әлi де жазып келедi. қазақстан республикасының Ата Заңындағы 39-бапта ұлтаралық
үйлесiмдiлiктi бұзушы кез-келген iс-әрекет заңсыз деп танылатыны тайға таңба
басқандай көрсетiлген. Бiрақ бап әрқашан жұмыс iстей бермейдi. Әлде түнгi
1-2-ден кейiн Конституцияның пәрменi де "ұйқыға" кете ме? Бұл аздайын
Күндi алақанымен жапқысы келетiндер әлi де бой көрсетуде. Мәселен, 2005 жылдың
22 ақпанында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жамбыл облысы бойынша
департаментi директорының орынбасары, облыстың бас мемлекеттiк еңбек инспекторы
В.И. Борода деген бишiгеш "Тараз-су" коммуналдық мемлекеттiк
кәсiпорнындағы техникалық қауiпсiздiктi тексеруге байланысты ұялмай-қызармай
мынадай қаулы шығарыпты: "Я, Главный государственный инспектор труда по
Жамбылской области Борода В.И., рассматривая дело об административном
правонарушении в отношении юридического лица КГП "Тараз-су" – директора
Аширбекова А.А., определяю, что делопроизводство вести на языке межнационального общения /на русском/". "Мұртқа
өкпелеп жүргенде сақал шықты" деген осы болар. Бiрлiк қазақтардың өзi үшiн де қажет. Былтырғы күзде өткен
Парламент сайлауы ұлтымызға iштей тұтасу жетпей жатқанын айдай әлемге
жариялады. Руға, жүзге бөлiну санадан сылынып тасталмағанын көрдiк.
"Ауруын жасырған – өледi". Әрине, аштықтан, қуғын-сүргiннен,
демографиялық азшылықтан жойылып кетпеген қазақ траибализмнен құри қоймас.
Бiрақ оның қазақ елi мен азаттыққа тигiзер кесапаты аз болмайды. Ұлттық
идеяны "Қазақ
елi. Азаттық. Бiрлiк" ұғым-түсiнiктерiмен бейнелеу жалпақшешейлiк,
жалтаңкөздiк, баяғы көнбiстiк емес, қайта саяси, танымдық, рухани кемелдiгiмiз
бен оралымдылықты паш етсе керек. Қазақтың
нартұлға ұл-қыздары идея үшiн, ал тоталитаризм тұсында қасаң идеяның ойранымен
жанын аз қиған жоқ, ендi идея қазақ
мұраты үшiн құрбан болғанын тiлейiк. Қазақ
елiнiң, азаттығымыздың, ынтымақ-бiрлiктiң мүддесiне қызмет етiп, дiттегенiне
жеткен күнi қош- есенге кете баратын кемел де кесiрсiз ұлттық идеяны бекемдеу
әрқашан жауапты мiндет болып қала бермек. | |
Просмотров: 1425 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |