Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА
05.03.2013, 23:56

Әлия Молдағұлова

Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келді. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленді. Оның майданнан жазған хаттарынан мәлім: ата-анасы, ағайын-туғандары ұжымдастыру науқанының алғашқы кезеңіңде аштан өлген. Кішкентай Әлия Ленинградқа барып, соғысқа дейін сонда тұрды. 9-сыныпта оқыды (қазір ол мектеп Әлия Молдағұлова есімінде). Бірге оқыған сыныптастарының естелігіне қарағанда, өзіне өте сенімді һәм төңірегіндегілерге талапшыл жас болған. Оны мақсаткерлік пен адалдық және адамгершіл сергектік қасиеттері басқалардан айрықша ерекшелендірген. Алыс ауылдан келе салып, бәрімен де тез тіл тауып кетті, зерделі зейінімен, білімпаз біліктілігімен түгел баурап алды.

1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірді. Бірақ біраз уақытқа дейін командование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Бірақ жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазды. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататынды.

Ашық шайқасқа ол 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26-атқыштар дивизиясы құрамында түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ол алғашқы жауынгерлік тапсырмаларын Ленинград майданында 1943 жылдың шілде айында орындады. Алғы шепке сұранған ол қасында 3 майдандас қыздарымен бейтарап зонадан өтіп, екі еңгезердей немісті тұтқындаған. Екі ай мерзім ішінде 32 фашистің көзін жойған. 1943 жылы Холм қаласы түбінде барлауға қатысып, нәтижесінде бес "тіл" ұстаған. Холм түбіндегі асқан ерлігі үшін әскери комиссариат Молдағұлованы "Даңқ" орденіне ұсынған.

Осы жылдың желтоқсан айында Новосокольник ауданында соғысқа дайын болу бұйрығын алған бригада құрамында 1944 жылдың 10 қаңтарына дейін батальон алғы шепті барлап ұрысқа дайындалады. 12 қаңтарда Шенайлово, Волгино, Насва станцияларын, Казачиха селоларын алуға бұйрық алады.

Казачиха селосына келген кезде бригада жауынгерлерінің жартысынан жуығына дейін айрылған еді, бірақ бұйрықты орындау керек. Әлия барлаушылар қатарында біздің жаяу әскерге қауіп төндіріп тұрған жау пулеметін граната лақтырып талқандаған. Өзін нысанаға алған жауды тұтқынға түсіріп, қаңтардың 13-нен 14-не қараған күні Әлия ротаны ұрандап шабуылға көтерді.

Оның үні жауынгерлерге дем беріп, соңынан ілескен солдаттар жаудың бетін қайтарады. Осы шайқаста өжет қыз ауыр жараланып, қаһармандықпен қаза тапты.

Бүгінде Ә. Молдағұлова есімінде республикамызда көшелер, мектептер, ұжымшарлар мен кеңшарлар, аллеялар мен бульварлар бар. Оның өшпес ерлігін өзек етіп жазылған өлең кітаптары мен роман-хикаяттары де көп. Алматыда Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкке көрнекті жерге ескерткіш орнатылды.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin | Теги: Әлия Молдағұлова мәлімет, Әлия Молдағұлова өмір баяны, Әлия Молдағұлова реферат, Әлия Молдағұлова туралы реферат
Просмотров: 14531 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 4.0/3
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar