Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
10.04.2013, 16:03 | |
Кувейт, Кувейт мемлекеті — Батыс Азияда, Арабия түбегінің солтүстік-шығысы мен Парсы шығанағының 9-аралында (Бубиян, Кару, Файлак, т.б.) орналасқан мемлекет. Жер аумағы — 17,8 мың км2. Халқы — 2,8 млн. адам. Оның 40%-ы кувейттік арабтар, 40%-ы кувейттік емес арабтар, 5%-ы үнділер мен пәкстандықтар, 4%-ы парсылар, т.б. Ресми тілі — араб тілі. Діні — исламның сүннит (70) және шиит (30) тармақтары. Астанасы — Әл-Кувейт. Кувейт — конституциялы монархия. 1962 ж. қараша айындағы конституция бойынша мемлекет басшысы Кувейт әмірі. Заң шығарушы орган — Ұлттық жиналыс (бір палаталы парламент) төрт жылға сайланған 50 депутаттан және әмір тағайындаған үкіметтің 25 мүшесінен тұрады. Ұлттық мерекесі: 25-ақпан — Ұлт күні. Ақша бірлігі — Кувейт динары. Кувейт жері үстіртті және ойпатты келеді. Жері сұр топырақты. Өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесі жұтаң. Өзен, көлдері жоқ. Мұнай және газ қоры жөнінен дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірінде. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100 — 150 мм. Климаты қуаң, тропиктік. Қаңтардағы орташа температура 11°С, шілдеде 34°С, кейде 53°С-қа жетеді. Кувейттің ежелгі тарихы Шығыстың көне мемлекеттері — Вавилония, Ассирия, Иранмен тығыз байланысты. Біздің заманымыздан бұрынғы 3 — 2-ғасырларда ол Селевки әулетіне бағынса, біздің заманымыздан бұрынғы 2-ғасырда тұңғыш араб мемлекеті Харакенудің (Харацену) құрамында болды. Кейіннен түрлі мемлекеттердің құрамында болып, 7-ғасырда Араб халифаттығына бағынды. 13 — 15-ғасырларда түріктер мен парсыларға кезек-кезек бағынса, 16-ғасырдан бастап Осман сұлтандығы құрамына кірді. 18-ғасырдың алғашқы жартысында Осман сұлтанына бағынышты дербес шейхтық болып қалыптаса бастады. 18-ғасырдың 60-жылдарынан бастап елге Ост-Индия компаниясы (Британия) орналасты. Үндістандағы ағылшын үкіметі мен үнді көпестері Кувейтке бақылау орнатуды көздеп, оның ішкі істеріне араласты. Кувейт іс жүзінде Англияға бағынышты болды. 1914 жылдың аяғында ағылшын үкіметі Кувейтті "британ протекторатындағы тәуелсіз мемлекет” деп жариялады. 1930-жылдары елден мұнай кендері табылып, ағылшын және американ монополияларының таласы басталды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін мұнай өндіру күшейіп, экономика дамыды. 1961 ж. маусымда ағылшын үкіметі Кувейттің тәуелсіздігін мойындады, бірақ Ирак тарапынан болатын қауіпті сылтауратып, елге өз әскерін енгізді. Дегенмен, араб елдерінің және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің талап етуімен 1962 ж. ол әскер елден шығарылды. Елге шет ел капиталы ағылып, халықтың тұрмыс дәрежесі тез көтерілді. Кувейт БҰҰ-ның (1963), Араб мемлекеттері Лигасының (1961), Ислам конференциясы ұйымының, мұнай экспорттаушы елдер (ОПЕК) ұйымының, т.б. халықаралық ұйымдардың мүшесі. 1990 ж. 2-тамызда Кувейтті Ирак басып алды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шешімімен 29 мемлекеттен тұратын коалицияның араласуымен 1991 ж. 26-ақпанда Кувейт толығымен азат етілді. Соғыс сыртқы саясатты қайта қарауға мәжбүр етті. Бұрын тек өзінің әскери күштеріне сүйенетін Кувейт осы соғыстан кейін 1991 ж. қыркүйекте АҚШ-пен он жылға әскери одақ құруға келісім жасады. 1992 ж. ақпанда Ұлыбританиямен, тамызда Франциямен, 1993 ж. желтоқсанда Ресей Федерациясымен осындай келісімге қол қойды. Экономиканың 93%-дан астамын мұнай және мұнай өнімдері құрайды. Оған қоса химия өндірісі, газ, өнеркәсіп тауарларын шығару жақсы жолға қойылған. Жерінің 1%-ы ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Сондықтан азық-түлік, оған қоса машиналар, тұтыну тауарлары сырттан әкелінеді. Елдің жалпы ұлттық табыс мөлшері жеке адамға шаққанда 24270 доллар. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Үндістан, Ұлыбритания, Италия. Кувейт пен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдан бастап орнады. | |
Просмотров: 2246 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |