Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Думан Рамазан - Көкжал ПРОЗА
02.01.2014, 13:10
Иттiң иесi болса, бөрiнiң Тәңiрiсi бар 
Халық мәтелi 


— О, жанымның жапырағы сол, монтиып жатысын қарашы!..- Елубай төр жақтағы құрақ көрпенiң үстiнде құндақтаулы жатқан нәрестесiн қолына алып, мейiрлене иiскедi.- Тәттiсiн-ай, өзiнiң!.. 
— Байқаймын, сенiң махаббатың балаға ауып кеткен сияқты. Бiздi көзiңе де iлгiң келмейдi-ау, түге!- дедi артынша үйге кiрген әйелi Гүлғайша екi иығынан ентiге дем алған сары самаурынды жаюлы тұрған дастарханның шетiне қойып жатып. 
— Сен де осы қай-қайдағыны шығарасың да жүресiң. Жасыңа жетпей ақылыңнан алжаса бастағансың-ау деймiн. Жақсы көрсем, өз балам емес пе! 
— Бiресе бала, бiресе мал дей бермей, бiр уақ бiзге де көз қырыңды салып қойсаң қайтедi. Бiз де ет пен сүйектен жаралған адам баласымыз ғой. Қатқан қайыстай болып жүрiсiмiз мынау... 
Осы кезде сырт жақтан ат тұяғының дүрсiлi естiлiп, иттер шабалана үрiп қоя бердi.
— Кiм болды екен?- Жауар бұлттай түнерiп отырған Елубай орнынан жайлап көтерiлiп, тысқа шықты. 
— Ассалаумағалейкум, ағасы!- дедi жирен атқа мiнген талпақ қара даусын созып. 
— Уағалейкумассалам!.. Өзiмiздiң Серiкжан екенсiң ғой. Қал-жағдайларың қалай? Ауыл - аймақ аман ба? Әке-шешелерiң күйлi-қуатты ма? 
— Бәрi өзiңiз көргендей, ағасы. Тегiс аманшылық... Мына Қанат дос екеумiз таңатпастан аң қарай шығып едiк. Қызды - қыздымен талай жерге ұзап кетiппiз. Содан арып- ашып келе жатқан бетiмiз ғой. 
— Жолдарың болған-ау, шамасы! Қанжығаларың майлы екен. 
— Е, әйтеуiр, бұйырғаны болды ғой. Құдай көпсiнбесе болғаны. Мына бiреудi ақ жеңешеме арнайы атып алдық,- дедi Серiк семiз ақ қоянды Елубайдың қолына ұстатып жатып. 
— Несiне әуре болдыңдар... Кәне, үйге кiрiңдер!.. 
— Бөтен бiреулер ме десем, өз қайныларым екен ғой,- дедi есiк алдына шыққан Гүлғайша да ерiксiз езу тартып,- Түскi астың үстiнен түстiңдер. Мақтап жүредi екенсiңдер. Төрлетiңдер! 
— Сiз сияқты асыл жеңешемiздi жамандап не көрiнiптi, түге!..- дедi Серiк жөпелдете. 
Қорбаңдай басып, үн-түнсiз iлесiп келе жатқан ұзын бойлы, қапсағай денелi сары жiгiт ұйқыдан жаңа тұрған адамдай марғау ғана: 
— Сәлеметсiз бе?- дедi жыбыр ете қалып. 
— Амансың ба, қайным,- дедi оған жүре тiл қатқан Гүлғайша,- Елубай сен өзiң шай құя бер. Мен тамақ салып жiберейiн. 
— Ақ жеңеше, әуре болып қайтесiз. Күрең қою шайыңызды iшiп аттансақ та, iшiмiз шұрылдай қоймас! 
— Ендi, күнде келiп жатқан жоқсыңдар. Бiр асым етпен ырысымыз ортая қоймас. 
Төр жақтағы құс жастықты жантая жайғасқан Серiк аяқ жағын ала малдас құрған Қанатқа көзiн қысып қалды да, жымың ете түстi. 
— Елеке,- дедi лезде түсiн өзгерте қойған ол мойнын үй иесiне қарай бұрып,- Қасқырдың күшiгi керек пе? Арзанға сатамыз, тiптi, көңiлiмiз түссе, бiреуiн тегiн де берiп кетемiз. 
— Жоға, тұқымы құрысын, пәлесiнен аулақ!- десе де, бiр сәтке құштарлық сезiмi билеп,- Қайдан алдыңдар?- дедi сұраулы жүзбен. 
— Керегетастың жанында қасқырдың апаны бар. Содан алдық. Әжептәуiр өсiп қалыпты, атаңа нәлеттер. Тегi жыртқыш емес пе, кәдiмгiдей айбат шегедi. Бесеу екен, бiреуiн қалдырмай алып кеттiк. 
— Қоржындарыңдағы не пәле десем, қасқырдың бөлтiрiгi десеңшi! Оның бәрiн не қылайын деп едiңдер? 
— Бiр - екеуiн қолға үйретiп, асырап көрсек. Қалғанын сатармыз, болмаса, тағы бiрдеңеге жаратармыз. Бұлар қанша жерден жыртқыш болғанымен, қасиеттi аң ғой. 
Олар қою күрең шайды ұрттап қойып, әңгiменiң қызығына түскен кезде жайлаудағы жайлы тыныштықты бұзып, иттер жарыса үрiп, шәуiлдесiп қоя бердi. 
— Бiздi өкшелеп жүрген кiм болды екен?- дедi Серiк елең ете қалып. 
— Кiм болар дейсiң, ауыл адамдары шығар!- Елубай аузын жиғанша болған жоқ, ентелей басып келген Гүлғайша ағаш есiктi айқара ашып жiберiп: 
— Қасқыр... Қойға қас...қыр шап...ты,- дедi тұтыға айғай салып. 
— Не... Не дейдi!..- Орнынан ұшып тұрған Елубай жалма-жан керегеде iлулi тұрған қосауыз мылтығын ала салып, далаға атып шықты. 
Қойлар дүркiрей қашып, бытырап кеткен. Ақжол ғана шабалана үрiп тұр. Ақтөстiң қарасы көрiнбейдi. Екi үлкен қасқыр арттарына жалтақтай қарап, тау жаққа қарай салып ұрып барады. Елубай ұзап кеткен қасқырларға оқ дарыта алмасын сезсе де, мылтығын кезене берiп, оң жақтағы оңтайлы шүрiппенi балаң үйрек саусағымен тартып қалды. Жер дүниенi сiлкiндiре шыққан ащы дауыстан шошынған қос бөрi бауырларын жаза жортып ала жөнелдi де, қас пен көздiң арасында таудан асып, көрiнбей кеттi. Елубай үрке қарап, үрпиiсе қалған қойларға қарай жүрдi. Үш саулықтың тамақталып, теңкиiп жатқандарын көрiп, өңi қарасұрланып кеттi:"Үйдiң iргесiнде жатқан малға шапқан неғылған жүрек жұтқан пәлелер!..”. Ашу қысқан Елубай қыңсылап келiп, аяқ жағына тығылған Ақжолды керзi етiгiмен басқа бiр тептi. Қаңқ ете қалған көк төбет құйрығын бұтына қыса үйшiгiне қарай секектей жөнелдi. Ол ендi Ақтөстi iздеп, жан-жаққа тiнтiне көз тастады: "Екеуi де тайыншадай екен, жарып кеткен жоқ па?!”. Кенет, мал қораның жанында тұрған ескi ат арбаның астыңғы жағында бүрiсiп жатқан итiн көрiп, тұла-бойын онан сайын ашу-ыза кернедi. Қос ауызын қайыра оқтап алған ол итiнiң мөлие жәутеңдегенiне қарамастан құлақшекеден ала көздей берiп, басып қалды. Гүрс ете түскен мылтық дауысымен бiрге Ақтөстiң де соңғы рет ышқына шәу ете түскенi естiлдi. Жатқан жерiнде басын бiр қайқаң еткiзiп қайрылған күйi, үнi өштi. 
Елубай демiн iшiне тарта ауыр күрсiндi: "Мен сенi не үшiн асырадым. Тек, ас iшiп, аяқ босатсын демеген шығармын. Жаның тiптен тәттi екен!”. 
— Елеке, иттiң не жазығы бар?- деп жақындай берген Серiктi жуан жұдырығымен сол жақ шықшыттан ала қойып қалып, етпетiнен түсiрдi: 
— Ой, әкеңнiң аузын ұрайын, иттiң баласы. Сен бе маған ақыл үйрететiн. Осының бәрi сенiң кесiрiң!.. 
— Мен саған не жаздым, шешең...- деп тұра ұмтылған Серiк Елубайдың жағасына жармаса кеттi. Осы сәттi күтiп жатқандай үйшiгiнен атып шыққан Ақжол арс ете түсiп, атылып келiп, сәл шегiншектеп кеткен Серiктi кеудесiмен соғып, шалқасынан түсiрдi. Ызалана ырылдаған күйi азу тiсiн ақситып, үстiне қона түстi: 
— Ақжол... Ақжол... Ка... ка...- деп ашулы төбеттi өзiне шақырып алған Гүлғайша өлi қоянды артқы аяғынан ұстаған күйi салбырата сүйретiп әкелiп, Серiктiң алдына топ еткiзiп тастай салды: 
— Арсыз неме. Кетiңдер бұл маңнан. Көздерiңдi жоғалтыңдар!- дедi айғай салып,- Елубай жетер ендi, неменеге құр босқа өрекпи бересiң. Бұлардың қаны сұйық, жазым етуден тайынбайды. Көрдiң бе, қаныпезер неменiң... Қарашы-ей, бесiктен белi шықпай жатып... Құдай көктей солдырсын, көктей солғыр!.. 
— Қарғысың айналып, өзiңдi тапсын!- дедi төбеттен именiп, атына қарғып мiнген Серiк ала көздеп,- Мен әлi сендерге көрсетермiн... Әй, малғұн, не қарап тұрсың, жүр, кеттiк!.. 
— Әкеңнiң аузын ұрайын. Шауып алайын деп пе едiң, боқмұрын!- дедi Елубай олардың артынан айғайлап,- Қолыңнан келсе, шауып ал, сiлiмтiк!.. 

х х х 


Елубайдың түскi тамаққа тәбетi шаппады. Әлдененi бiр ойлап, мазасы қашты. Өлген қойлардың терiлерiн сыпырып, өлекселерiн арнайы қазылған шұңқырға апарып тастай салды. Қасқырлар қойларды тамақтап қана кете берген, басқа жерлерiне ауыз салмаған: "Апырай, бұлары несi!- деп басы қатты,- Әлде бөрiлер кекшiл келедi деушi едi, бөлтiрiктерiн алып кеткенге өшiктi ме екен?! Құдай сақтасын, әйтеуiр, жүрiстерi суыт, кiсi шошырлық қой!”. 
Күннiң қызуы қайтып, тас төбеден еңкейе бастаған шақта малын өрiске қарай айдаған Елубайдың ойынан қойға шапқан қос бөрi шықпай қойды. Көңiлi әлденеге алаңдап, жүрегi дүрсiлдей соғып, қобалжи бердi. 
Ауыздары шүйгiнге тиген қойлар бастарын жерден көтермеген күйi шашырай жайылып барады. Ердiң ернеуiне оң жақ аяғын арта жайғасып отырған Елубай арт жағынан шыққан тықырға елеңдеп, жалт қарады. Түп-түп боп өскен қияқ, шидiң арасымен жүгiрiп келiп, шоқиып отыра қалған Ақжолды көрiп, жүрегi орнына түскендей болды: "Иттiң де естiсi, ессiзi болады екен ғой. Ашу үстiнде бұны да оңдырмадым-ау!- дедi оған мүсiркей қарап,- Сөйлейтiн тiл жоқ, әйтпесе, өзi бiр ақылды төбет. Өмiрiнде көрмеген азабы, тартпаған бейнетi жоқ. Талай мәрте ажалдан аман қалды... 
Ойы ойдағыны шолып, сауысқандай сақ отырған Елубай тау басынан беткейге түсiп келе жатқан қасқырды көзi шалып қалды. Аты да басын жерден көтерiп алып, осқырына тау жаққа қарады: "Неғылған жүрек жұтқан пәле... Бағанағы жын соққандай жүрiстерi анау, тегi ажал айдап жүрген шығар!..”.- Ыстық қаны қуалай ойнап басына тепкен Елубай аяғын ерiне басып бара жатқан қасқырға "Қанды басың, берi тарт!” дедi де, атын борбайлап, шаба жөнелдi. 
Қасқырдың қиралаңдап жүре алмай бара жатқанын байқаған Елубайдың делебесi қозып, қызына түстi: "Оқ тиiп жараланған болу керек. Атып алатын болдым. Өзi де тайыншадай екен...”. 
Қаракер аяғын аршындай көре тастап, көсiле шауып келедi. Ақжол да қалысар емес. Әне-мiне дегенше, екi қырқадан да асып түстi. Ерге жабысып, еңкейе түссе де, алдыңғы жағынан көзiн айырмаған Елубай көкжалдың бiрте-бiрте шабысын үдете түскенiн байқады: "Жаңа ғана қисалаңдап жүре алмай бара жатыр едi, тiптi, жақындатар емес қой, өзi! Бойын да тiктеп алған...”. 
Денесi қызып, бауырын жаза түскен қаракер бастырмалатып тақай түскен кезде жанталаса зытып ала жөнелген айлалы арлан көздi ашып-жұмғанша тағы бiр қырқадан асып түсiп, шөптесiнi мол қалың тоғайға зып етіп кiрді де, көрiнбей кеттi. 
Елубай тоғайды айнала берiп айғай салды, қиқуға басты. Бiр-екi мәрте мылтық та атты. Бiрақ қасқырдың қарасы көрiне қоймады. 
Ендiгi тiрлiгiнен түк шықпасын сезген ол атының басын керi бұрып, отарына қарай далақтап шаба жөнелдi. Тағы да басына сумаңдаған суық ойлардың бiрi кiрiп, бiрi шықты: "Алпыс айлалы түз тағысы оңайлықпен алдыра қояр деген,- дедi өзiне-өзi жекiп,- "Ақымақ бас-аяқтың соры” деген осы шығар. Малды иесiз қалдырып, қасқыр қуған немдi алған. Өзiм де есерсоқпын ғой, бостан-босқа арамтер болып... Қасқыр екеш қасқыр құрлы ақылым жоқ-ау!..”. 
Еңсесiн езген ауыр ойлардан арыла алмай, ойсырап келе жатқан Елубай өзен жақ бетте бiр топ қойды дүркiретiп қуалап жүрген қасқырды көрiп, жон арқасы шымырлап өттi: "Қап, атаңа нәлет, арланының алдап соққанын қарашы! Бiр сұмдықтың боларын жүрегiм сезiп едi”. Астыңғы ернiн тiстелей қанатқан ол ақкөбiк болған атына үстi-үстiне қамшы басты. Қаракер аяғын көсiле тастап, құйғыта шауып келедi. Елубай әр жерде теңкиiп-теңкиiп өлiп жатқан қойларды көрiп, онан сайын ширыға түстi: "Ендi, бәлем, қанша айлакер болсаң да, құтқармаспын, құтылмассың менен!..” 
Қатты шапқан ат тұяғының дүбiрiнен сескенген қасқыр басын көтере бiр қарады да, өзендi жағалай қаша жөнелдi. Артына жалтақ-жалтақ қарап, секеңдей басып барады. Топ-топ боп өскен тобылғы, қарағанды жарып өтiп, жусанды жазыққа шықты да, кiлт тоқтай қалып, лоқсып-лоқсып жiберiп, құса бастады... 
Түз тағысының әр қимылын көзбен бағып, тақай түскен Елубай оқ еркiн жетер жерге жеткенде тiзгiндi шiрене тартып қалды да, атынан секiрiп түсiп, қосауызын кезене берiп, шүрiппенi басып қалды. Кеңiрдегiне тығылған жемтiктi ақтарып тастап, зымырап ала жөнелген қасқыр бiр жағына қарай қиса берiп, омақаса құлады. Жалма-жан атып тұрып, бойын тiктеп алды. Оқ тиген алдыңғы аяғына тiсiн батырып жiберiп, дызылдатқан тұсын терiсiмен қоса жұлып алып, алға қарай ұмтыла бергенi сол едi, гүрс еткен мылтық дауысы тау-тасты жаңғырықтыра қайта шықты. Құйрығын бұлғаң еткiзген қаншық қасқыр қисалаңдап барып, шоқиып отырып қалды. Қашып құтыла алмасын сездi ме, жоқ әлде, басқа бiр ойы болды ма, кiлт бұрылып, қарсы салды. Жүрiсi тым ширақ. Шойнаңдай басып, шоқақтап келедi. Бұндай оқыс қимылды күтпеген Елубай бiр сәтке абдырап - абыржып қалды да, сәлден соң есiн жиғандай болып, мылтығын оқтай бастады. Қол-аяғы дiрiлдеп, өз денесiн өзi билей алмай, жан терi шықты. Азу тiсiн ақсита ырылдаған кәрлi қасқыр жота жүнiн күдiрейтiп, тақап келедi. Елубай қосауызын кезей берiп, басып қалды. Сүрiнiп кетiп, қайта тiктелген қаншық басын алға қарай соза түсiп, сүйретiле басып, ақырын жылжи бердi. Қимыл-қозғалысы шабандау тартқанымен, сұсы басым, түсi суық. Елубайдың маңдайынан суық тер бұрқ ете түстi: "Не деген жаны сiрi, хайуан!- дедi iштей шиыршық атып,- Не де болса тақай түссiн! Не өлiм, не өмiр!..”. 
Осы бiр сәтте құлағын жымқыра құйғытып келген Ақжол жаралы қасқырды кеудесiмен соғып, домалатып түсiрдi. Көк майсаға бiр аунап тұрған қаншық "ыр” ете түсiп, көз iлеспес жылдамдықпен бойын тiктеп алғанымен, өзiнен гөрi iрiрек төбетке тарпа бас салуға батылы жетпедi. Ызалана ырылдаған күйi қарсы қарап тұра қалды. Ағызып келген бетiмен алып соғып талап тастардай көрiнген Ақжолдың да алыса кетуге жүрегi дауаламай, көткеншектей бердi. Елубай да қарап қалған жоқ, бар ерiк-жiгерiн бойына жиып, қасқая қалған қасқырдың құлақ шекесiн ала көздей берiп, қосауызының оқтаулы тұрған сыңар шүрiппесiн басып қалды. Басын төмен сала, жиырыла түскен кәрлi қасқыр "шипам бiттi” дегендей, сол жағына қарай сылқ етiп құлады да, қимылсыз қалды. 
Жалма-жан мылтығын қайыра оқтап алған Елубай аз-кем уақыт байқастап тұрды да, қасқырдың бойынан тiршiлiк нышаны байқалмаған соң, еппен басып, жанына жақындады. Сiлекейi шұбыра сiлейген долы қаншықтың өлi жүзiнен ашу-ызаның ызғары әлi тарқай қоймапты. Кектене қарап, кекшие қалған: "Жан тапсырар алдында да жан ашуың тарқамапты ғой, байғұс!..”. 
Маңдайынан шым-шымдап аққан суық тердi жейдесiнiң жеңiмен сүрте салып, атына қонған Елубай бытырап кеткен малдарын қайырмалап, бiр жерге жинай бастады. Ақжол да шашау шыққан қойларды қақпайлай қуып, шапқылап жүр. 
Отарын бiр жерге жинап алған Елубай қойларын көзiмен түстеп, түгендей бастады. Қызылала қанға бөгiп, теңкиiп-теңкиiп жатқан алты саулықтан басқасы түгел сияқты. Семiздiгiнен орнынан әрең қозғалатын дәу қара iсегiнiң жер иiскеп жүретiн май құйрығы тұтастай жоқ. Орны қызарып қана тұр. Оны елең қылар iсек жоқ, жайбарақат жайылып жүр. Ерiксiз езу тартты: "Ана құйрықты орып түскен тiс те, қылғытқан кеңiрдек те осал емес-ау!”. 
Күннiң қызуы қайтып, салқын түсе бастады. Терiстiктен сусылдаған суық жел соғып, сумаңдаған сұр жыландай ысылдап ала жөнелдi. Көңiлi селкеу тартып, әлденеден секемденген ол "Күн кешкiрмей үйге жетiп алайын” деген оймен, қойларын алдына салып, қуалай жөнелдi. 
Қос жанары алдындағы отарында болғанмен, ойы онға бөлiнiп, санасы сансырап келедi. Шаршауы ендi шыға бастағандай. Бойы тоңазып, жота-жауырыны құрыса қалды: "Бөлтiрiктерiн адамдар алып кетсе, қасқырлар маңайдағы ауылдың малдарына шауып, тыныштық бермейдi” деушi едi көнекөз қариялар. Сол сөз рас болды ғой. Қаншығының өзiн көрмейсiң бе?! Ал, ана арланы ше?- Тұла-бойы дiр ете түстi,- Маған не болған өзi!..” 
Шақшадай басын шарадай еткен ауыр ойлардан арыла алмай, мал соңында шаң қауып келе жатқан Елубай: 
— Кiмдi ойлап келесiң?- деген ащы дауыстан селк етiп, ат үстiнен ауып түсе жаздады. Әйелi Гүлғайша екен: 
— Не болды саған, қарадан қарап...- дедi сықылықтай күлiп. 
— Неменеге жетiсiп тұрсың, әкеңнiң аузын ұрайын!..- дедi оған Елубай алая қарап,- Қойға тағы қасқыр шапты... Қотанға санап кiргiз!.. 
— Сұмдық-ай, не дейдi тағы!..- Түсi қашып, бойын қорқыныш билеген Гүлғайша шарбақ қоршауға қарай емпеңдеп жүгiре жөнелдi. 
"Менiң бүгiнгi жұмысым осымен бiттi!” дегендей, отардан бөлiне берген Ақжол киiз үйдiң жанынан өте бере жас нәрестенiң iңгәлай жылағанын естiп, құлағын түре тұра қалды. Дауыс iш жақтан шығатын сияқты. Соны сезген кәрi төбет ағаш есiктi алдыңғы аяғымен тырналай ашып, зып берiп, iшке кiрдi. Сәби iңгәсi ендi тiптен анық естiлдi. Аузын жаппай, шыр-шыр етедi. Ақжол бесiкке тақап келiп, қалай жұбатарын бiлмей, балаға мөлие қарады. Нәрестенiң бетi ашық жатыр. Бұны елең қылар емес, қызарып - сазарып, iңгалауын үдете түскен. Оған жаны ашыған ақылды төбет бесiктi тұмсығымен ырғап - ырғап, қозғалта бастады. Сәби жылауын қояр емес. Ол аяғымен жайлап тербеттi. Одан да ештеңе шыға қоймады. Әбден амалы құрыған Ақжол бiр мезгiлде тiлiн созып, баланың бет-аузын жалай бастады. Сәби одан сайын шырылдап қоя бердi... 
Осы кезде үйге кiрген Елубай шырқырап жатқан баласының бет-аузын жалап тұрған төбеттi көрiп, ызадан жарылардай күй кештi: 
— Әкеңнiң аузын ұрайын! Ендiгi қалғаны осы едi,- деп тап бердi. Бiрдеңе бүлдiргенiн сезген Ақжол да жалт берiп, есiк жаққа қарай тұра қашты. Бiрақ, құтыла алмады. Мылтықтың дүм жағы жон арқасына сарт ете түстi. Қиралаң қаққан кәрi төбет жандауысы шыға қыңсылаған күйi сүйретiле басып, табалдырықтан зорға аттады. 
"Сазайыңды тарттың ба?” дегендей, есiк жаққа едiрейе қараған Елубай шырылдаған жас сәбиiнiң жанына келiп, бесiктi тербетiп, ыңылдап ән айта бастады: 
— Әлди, әлди бөпешiм, 
Ұйықтай қойшы көкешiм!.. 
Нәресте шырылдап жатыр, жылауын қояр емес. Бiреу қылқындырып жатқандай, көгерiп - сазарып, iңгалай бердi. Онсыз да қаны басына шапшып тұрған Елубай: 
— Неменеге бақыра бересiң?!- деп жуан дауысымен ақырып жiбердi. Шошына дiр еткен бейкүнә сәби жылауын тас тиып, әкесiне бiр қарады да, баж ете түстi. Күйеуiнiң соңын ала үйге кiрген Гүлғайша: 
— Осы сенiң айғайыңды бiледi деген,- дедi күңк етiп. Өзi тiзерлей отыра қалып, көйлегiнiң түймесiн ағытып, кеудесiн ашып, омырауын баласының аузына салды. Тер қысып, таңдайы құрғап жатқан жас сәби тiлiне тиген емшек ұшын сорпылдата сора бастады: 
— Сен бiлiп қой қатын, тәрбие тал бесiктен басталады,- дедi Елубай төр алдындағы құс жастыққа жантая бере. 
— Тәрбиесiнiң түрiн...- Гүлғайша ернiн сылп еткiздi. 

х х х 

Таңертең таң бозынан оянған Елубай асықпай отырып шайын iштi. Ала дорбаға тамақ салдырып, айран құйдырып алды: 
— Бүгiн түсте келмеймiн. Өзi де аш-арық малды онда - мұнда қуалап жүрiп күйiн кетiрiп алармыз!- дедi әйелiне мойнын бұрып,- Ақжол тұрмады ма, өзi? 
— Жоқ, сол кешегi жатқан күйiнде қозғалмастан жатыр. Тiптi, басын көтерер емес. Бiр жерi майып болмаса сол... Мал, мал дей бермей, бiр уақ өз жайыңды да ойласаңшы!.. 
— Өстiп жүргенiң осы малдың арқасы емес пе!..- Елубай қабағын ашпастан атына мiнiп, қойын өргiздi. 
Ол жапан далада жалғыз өзi қалғандай күй кештi. Ойы онға бөлiнiп, мазасыздана бердi. Есiне Ақжол түстi: "Ит те болса, көп-көрiм ес екен-ау!- дедi iштей,- Өзiм де ақымақпын-ау, ылғи да ашуым алдымен, ақылым соңынан жүредi...”. 
Күн ұзақ осындай ой құшағында жүрiп, кешке қарай үйiне сүлесоқ оралған Елубай атынан түсе салып, Ақжолдың жанына келдi. Кәрi төбет алға қарай көсiлген алдыңғы аяқтарына басын сүйеген қалпы мөлиiп жатыр. Судан шыққандай сүмпиiп, сүмiрейе түскен. Алдына қойылған тамақ та сол күйi тұр. Нәр татпағанға ұқсайды. Iшi де қабыса қалған: 
— Бейшара...- Еңкейiп басынан сипай берiп едi, өлеусiреп жатқан ашулы төбет арс ете түсiп, қауып ала жаздады. Шошына кейiн серпiлген Елубай "мынаның түрi жаман ғой...” деп мұрнынан мiңгiр ете түстi де, керi бұрылып, үйiне қарай жүрдi,- Өлмесең өмiрем қап!.. 
Сүлдесi құрып, денесi ауыр тартқан Елубай тамағын iшiп, жайланған соң, төсегiн салдырып, жатып қалды. Шырмауықтай шырмаған сансыз ойлардың бiрiн қуса, бiрi кiрiп, көпке дейiн көз iле алмады. Түн жарымында Ақжол бiр түрлi жалынышты үнмен ұзақ ұлыды. Елубайдың төбе құйқасы шымырлап қоя бердi: "Өй, әкеңнiң аузы... Өз басыңа көрiнгiр, өз басыңа көрiнсiн!..”. 
Талықсып барып көзi iлiнiп кеткен екен: 
— Түске шейiн жатушы ма едiң!- деген әйелiнiң ащы дауысынан оянып кеттi. 
— Соншама бақырып не көрiндi саған... Онсыз да тұрамыз ғой. Күнде сен оятып жүр ме едiң!..- Елубай орнынан сылбыр көтерiлiп, киiне бастады.- Басымның шағып тұрғанын қарашы! 
— Мен де бiртүрлi жайсызданып тұрмын!- дедi Гүлғайша төсек-орынды жинастырып жүрiп,- Ақжол өлiп қалыпты. 
— Не дейдi?!.- Ол әйелiне ежiрейе қарады. 
— Өлiгiн көрсеткiсi келмедi ме, бiраз жерге дейiн жер сыза сүйретiлiп барыпты, байғұс... 
— Жүрегi құрғыр да бiрдеңенi сезедi-ау. Жаман түс көрiп жатыр едiм!.. 
— "Түс - түлкiнiң боғы” деген, не болса соны көңiлiңе алып қалатының-ай, сенiң. 
— Жоқ, жай әншейiн айтып жатқаным ғой. Түсте тұрған не бар дейсiң!.. Мен қазiр...- Елубай сыртқа шығып, серейiп жатқан итiнiң жанына келдi. Кәрi төбет сол жақ езуiнен тiлiн шығара кекшиген қалпы қатып қалған. Көзi де толық жұмылмаған, жартылай ашық жатыр. Бiр сәт меңiреу адамша меңiрейiп тұрып қалған ол сәлден соң есiн жиғандай болып, итiнiң өлi жүзiне тағы бiр көз тоқтатып қарады: "Күшiгiнен асырап едiм... Ит- құсқа жем қылмай, сайға апарып көмiп тастайын!”. 
Төбеттi еппен көтерiп, иығына салып алған Елубай бiр қолына күрегiн ұстап, тау жаққа қарай аяңдады. Ұйқысы қанбады ма, жоқ әлде, ой шаршатты ма, басы солқылдай шаншып келедi. "Маған не болды өзi?! Жүрегi құрғыр да атша тулап, кеудеге симай барады ғой. Бүгiн малды ұзатпай, осы маңайға жаймасам болмас!..”.
Ол терең сайдың ойпаңдау тұсына келгенде тоқтап, кеудесiн кере бiр дем алды да, топырағы жұмсақтау жердi борпылдатып қаза бастады. Тұла бойын бiр түрлi үрей билеп, жайсыздана бердi. Маңдайынан шып-шып тер шығып, денесi қызып, жiпсiдi. Әп- сәттiң iшiнде кiшкене шұңқыр қазып тастады. Оған итiн оң жақ бүйiрiмен жатқызып, шыққан топырақпен көме бастады. Сорғалай аққан ащы терiн сүртiп алмақ боп бойын жаза тiктеле берген кезде тау беткейiнен құлдилап келе жатқан қасқырды көзi шалып қалды. Бүлкектей басып, ентелеп келедi. Елубай алдыңкүнi өзi қуған арланды жазбай танып, қапелiмде не айла қыларын бiлмей, қатты састы. Қашып құтыла алмасын да сездi. Қолындағы күрегiн қыса ұстаған күйi мылтық құсатып кезене шошаңдатып та көрдi. Арлан қаймығар емес, ешқандай қауiп-қатердiң жоқтығын iшi сезетiн сияқты. "Қасқыр адамның көзiнен қорқады” деушi едi!..”. Елубай жандалбасалап оның алақтаған өткiр көзiне көзiн қадады. Арланның аялдайтын түрi жоқ. Сұсы басым. Ол жанарын тез тайдырып әкеттi. 
— Ажалымның жеткен... Жоқ, мен... Гүлғайша... Балалар... Жоқ... жоқ... атама,- дедi ол күбiрлеп. Жанарына жас iркiлдi, иегi кемсеңдедi. Көзi қарауытты, басы айналды. Жүрегi алып-ұшып, аузына тығылды. Сол мезет: 
— Әке, есiңдi жи!- деген дауыс естiлдi. Шошына селк ете түстi. Осыдан он жыл бұрын құдыққа құлап өлген тұңғыш ұлының жандауысы. 
— Әке, есiңдi жи!..- Тау-тасты жаңғырықтыра дауыс тағы қайталанды. Жан-жағына жалтақтай қарады. Ентелеп келе жатқан қасқырдан басқа көзiне ештеңе түсе қоймады. 
— Әке... Әке... 
Арт жағына кiлт бұрылған Елубай биiк таудың ұшар басында тұрған баласын көрдi. Шашы жалбырап кеткен, көйлегi көлбең-көлбең етедi. Қол бұлғап шақырып тұрған сияқты: 
— Мұрат... Мұратым менiң... Сен тiрi екенсiң ғой!..- Ол ұмтыла берiп, етпеттей құлады. Бойын жиып тұра бергенi сол едi, ырылдап келiп, сол жақ иықтан ала түскен арлан қасқыр ақсиған азу тiстерiн батырып жiберiп, күтiр-күтiр еткiздi де, жұлқылай тартып қалды. Үстi-басын қан жуып кеткен Елубай есi шыға есеңгiреген күйi тiзерлеп отыра қалды. Көзiнiң алды тұманданып, дүние төңкерiлiп бара жатқандай көрiндi. 
— Мұрат... Мұратым менiң...- Ернiн ғана жыбырлатуға шамасы келді. Иiле берiп, қиралаңдай құлап түстi.- Мұр...ат... 
Аузын қандап алақтаған аш қасқыр буы бұрқыраған жас етке тұмсығын тығып, қомағайлана асап-асап жiбердi де, "есем қайтты ғой, осы да жетер” дегендей, жаймен көткеншектей берiп, жалт бұрылды да, бүлкектей басып, жорта жөнелдi.
Арт жағына жалтақтай қарап, зытып бара жатқан көкжалға Көк Тәңiрi нағылет айтқандай, қабағын түйiп, түнере түскен. Терең сайдың iшiнде iшек-қарны ақтарылып, қан-жоса болған өлiкке қарауға дәтi шыдамағандай ұяң Күн ақша бұлттың арасына сiңiп, жүзiн жасырды. Бар сырын iшiне бүккен паң Дала маңқиған қалпы маңғаздана қалған. Үп еткен жел жоқ. Өлi тыныштықты бұза қарқылдай күлген қара қарғалар ғана далпылдап ұшады... 
Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 1135 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar