Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Ауыз әдебиеті
30.12.2013, 04:28

Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар А. ә. деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте "халық шығармашылығы”, "халық поэзиясы”, "халықтың ауызша сөз өнері” дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 ж. ағылшын Вильям Томс ұсынған "фольклор” (ағылш. lolk — халық, lore — білім, даналық) сөзі де А. ә. атауы үшін халықар. ғыл. атау ретінде орныққан. Бұлардың қай-қайсысы да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Бірақ мағыналары бір емес. Мыс., "халық поэзиясы” дейтін ұғым өлең түрінде айтылатын поэзиялық жанрларды жинақтап атауға лайық болса, "халық шығармашылығы” — халық шығармашылығы мен өнерінің барлық түрлерінің жалпы атауы, "ауызша сөз өнері” — прозалық та, поэзиялық та шығармалардың ортақ ұғымы. Бұларға қоса "халық даналығы”, "халық білімі” деп аударылатын "фольклор” терминінің мән-мағынасында да елеулі айырма бар. Батыс Еуропа, Америка, Австралия халықтарының ұғымында бұл сөздің мағынасы тым ауқымды. Ол халықтың киім-кешек, құрал-жабдық, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, наным-сенім, сондай-ақ түрлі көркем өнерін (поэзия, музыка, би, ою-өрнек, тоқыма өнері, т. б.) тұтастай атау үшін қолданылады. Бұл жағынан алғанда ол тек А. ә-н ғана емес, "этнография”, "этномәдениет” дейтін ұғымдармен де сабақтасып жатыр.

"Фольклор” атауы орыс ғалымдарының зерттеулері арқылы халықтың ауызша поэтик. шығармашылығы деген мағынада қалыптасқан. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы "А.ә.” деген ұғым да "фольклордың” осы мәнімен сабақтас. Бұлар бірін-бірі толық алмастыра береді. А. ә-ін зерттейтін ғылымды "фольклортану” деп атау да осыған байланысты.

Қазақ халқының А.ә. өзінің көркемдік-идеялық нәрімен, эстет. қуат-тегеурінімен, түрі мен жанрларының молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық-әлеум. және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді. Ол — көне тас дәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра. Байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен, асыл арманы, биік мұратынан жан-жақты мағлұмат береді. Әрі ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар тізбегіндегі тарихи өзгерісін, этник. санамен қарайлас жүріп өткен жолын да көз алдымызға елестете алады.

А. ә-нің шығарушысы да, таратушысы да, тыңдаушысы да — халық. Сондықтан ол, шын мәнінде, халықтың өз еншісі болып табылады. А. ә-нің осы өзгешілігі оның әлеум. бітімін де айқын сипаттайды. 20 ғ-дың басына дейін көшпелі қоғамда туып, көшпелі қоғамның талап-талғамы мен әлеум. қажеттілігіне толық жауап берген ауызша сөз өнері өзінің барлық даму жолдарында айрықша жүк арқалады, көркемдігі мен әлеум.-қоғамдық қызметі бойынша ең биік тұғырға көтерілді.

Көшпелі қоғам мәдениетінде табан астында туып, тыңдаушысын тәнті етпеген өлеңді, мәнерін таппаған жырды өнер деп танымаған. Осындай тіршілік аясында қалыптасқан А. ә. барлық белгілері бойынша классик. деңгейге көтерілген. Сондықтан да қазақ халқының ауызша сөз өнері отырықшы елдердегі көп өнердің бір тармағы ретінде дамыған фольклорлық шығармашылықтан оқшауланып тұрады. Көшпелі қоғамда фольклор белгілі бір әлеум. топтың ғана шығармашылығы емес, жалпы халықтың ханы мен қарасына, батыры мен биіне, байы мен кедейіне ортақ өнер, әмбеге тиесілі мұра. Бұған себеп күнделікті тіршілікті өнер дәрежесіне, кез келген құбылысты бейнелі де бедерлі жеткізуге дала перзентінің бейім тұруы еді. Қазақ даласындағы көшпелі қоғам мәдениет пен ғылымның біраз салаларынан кенжелеп жатқанымен, А. ә-нің таң қаларлықтай тұтас, қоғамдық дәрежеде дамуына мейлінше толық жағдай жасады. Ауызша айту фольклордың тек қана шығарылу, таралу жолы емес, бүкіл қоғам тарапынан қолдау тапқан өнердің басты шарты болды. Үлкен де, кіші де ауызша өнер дәстүріне дағдыланды, жасынан санасына сіңіріп, соны ғана мойындады. Бүкіл қоғам ауызша өнер мектебі болды. Осыған лайық А. ә-нің көтерген жүгі де орасан зор еді. Халықтың тарихи зердесі, филос. ой-түйіндері, пед. тәжірибесі, адамгершілік нормалары, кәсіптік әдебиетке тән көркемдік сұраныстары, театрлық өнерге тиесілі есесі А. ә-не жүктеледі. Іс жүзінде оның араласпайтын саласы қалған жоқ. Шілдеханадан бастап рулар арасындағы дау-дамайларға, бесік жырынан бастап жоқтауға, ем-домнан бастап лирик. өлеңдерге, ырым-түсініктерден бастап қоғамдық дүниетанымдық аңыз-әңгімелерге, мифтік сенімдерден бастап қоғамдық ой-пікірлерге дейінгінің бәрі де фольклорға тоғысты. Сондықтан да ол қай заманда да белгілі бір топтың (немесе таптың) ғана мұрасы болған жоқ. Бұған өткен қоғамдарда қазақ А. ә. туралы пікір білдірген адамдардың әр түрлі мамандық иелері болуы да дәлел бола алады. Олар өздеріне қажет елдің тарихы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, мінез-сипаты, дүниетанымы, моральдық-этик. нормалары, заңдары, діні, дәрігерлік тәжирібесі, қару-жарақ, киім-кешек, жер-су, мекен, тау-тас, көл, өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтерді алдымен осы фольклордан тапқан.

Фольклор — халық мұрасы, ұлттық өнер және ол сол халықтың әлеум. тағдырымен, өткен-кеткен тарихымен, шаруашылық бейімділігімен (отырықшы, көшпелі) тығыз байланысты. Осыған лайық А. ә-нің әр халықтың тарихындағы көтерген жүгі мен даму сипаты да бірдей дәрежеде болған емес. Себебі ол барлық дәуірлерде, барлық аймақтарда, барлық халықтарда бірдей өркендеп, бірдей жүк арқаламаған. Оның да пайда болған, дамыған, шарықтап шалқыған, бәсеңдеген, бір жанрдың ұмытылып, екіншісінің дүниеге келген кездері бар. Және бұл құбылыстар қоғам құрылымымен, жазу-сызу мәдениетімен, ғылым-білімнің салаланып дамуымен, өнердің түр-түрлерінің жіктеліп даралануымен, шаруашылық бейімділігінің өзгеруімен тығыз байланысты. Демек, фольклордың сипаты мен даму дәрежесі, атқаратын қызметі уақыт пен кеңістіктен, мезгіл мен мекеннен тыс тұрған құбылыс емес. Қай халықтың да тарихында фольклордың әдет-ғұрыптан, ырым-салттардан неғұрлым молырақ бөлініп, негізгі түрлерінің көркемдік деңгейі биікке көтерілген тұсы — орта ғасырлар. Кейбір халықтардың тарихи, әлеум. дамуының өзгешелігіне байланысты (құлдық, әскери демокр. т. б.) фольклордың шарықтау кезеңі шамамен рулық дәуірдің соңы мен орта ғасырлардың алғашқы жартысына сәйкес келеді. Мұның өзінде де фольклор бітімі айна қатесіз бірдей болған жоқ. Көшпелі тіршілікті бастан кешіріп жатқан қазақ даласында болған зерттеушілердің, ғалымдардың, саяхатшылардың өздері бұрын Еуропада көрмеген жаппай әншілік, жыршылық, жыраулық, ақындық, өлеңшілік, шешендік, әңгімешілдік өнерден нәр алып жатқан ұшан-теңіз ауызша байлыққа таңданып та, қызығып та қарағанын сол кездегі жолжазбалар, күнделіктер, зерттеулер, мақалалар, хаттар, экспедиция материалдары, қолжазбалар, ресми және ресми емес іс қағаздары жан-жақты растайды. Олардың бәрінде сол кезде терең талдау, ауызша өнердің мән-маңызын жан-жақты ажырату болмағанмен, көргенін көргендей куәлендіру барысында қыруар іс тындырылды. Г. Н. Потаниннің "маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деуінде терең шындық жатыр.

Қазақ А. ә-нің қуатты қайнар көзі ауызша жырлаудың небір саңлақтарын дүниеге әкелді. Есімі тарихтан белгілі сонау 14 — 15 ғ-дағы Сыпыра жырау, Асан Қайғыдан бастап кешегі Жамбыл, Нұрпейіс, бүгінгі халық ақындарына дейінгі аралықта ауызша жырлаған ақын, жырау легінің даңқы қазақ мәдениетінің тарихында біржола орын тепті. Бұл іс жүзінде халықтық фольклорлық мұраның ауызша даралық кәсіптік өнерге дейінгі жүріп еткен жолы еді. Авторлық ауызша әдеби мұраны А. ә-нің қатарына қоспағанымызбен оның төл тарихы содан басталатынына ешбір күмән жоқ.

Қазақ фольклоры біздің заманымызда өткен қоғамдардағыдай дамудың қайнар көзінде, өсіп-өркендеудің ең биік сатысында тұрмағанымен қазір де ұлан-ғайыр әлеум. жүк арқалауда. Ұлттың рухани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілік тынысын әлі сол фольклор арқылы айна қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эстет., адамгершілік мұраттарының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады.

А. ә. жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т. б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирик. өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драм. үлгідегі шығармалар... — міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы болса да сөзбен айтылатын шығармалар және олардың негізгі құралы сөз. Сондықтан А. ә., ең алдымен, сөз өнері. Рас, А. ә-нде сөзден басқа әншілік және орындаушылық өнер де айрықша қызмет атқарады. Ақындық, муз. және театрлық шығармашылықтың мұнда қабаттаса қолданылуы табиғи жағдай. Алайда А. ә-нде сөзден басқа өнердің түрлері қосымша қызмет атқарады. Себебі А. ә-не жататын шығармалардың идеялық көркемдік мән-маңызы, эстетик. қуаты, тәрбиелік мәні, ең алдымен, бейнелі сөзге негізделген. Әрине сөз өнеріне жазба әдебиет те жатады.

Фольклор мен жазба әдебиет айтылу, таралу ерекшеліктері және идеялық-көркемдік өрнегі бойынша бір-бірінен бөлек дүниелер. Бұл өзгешелік көркем шығарманың жаратылысындағы мезгілдік және мекендік өлшемдерден айқын көрінеді. А. ә. табан астынан тыңдаушыға арналып айтылатындықтан (немесе орындалатындықтан) және суырып салып шығарылатындықтан мезгіл жағынан шектеулі болады, яғни әр жолды, әрбір шумақты, бейнелі тіркестерді айтушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып отыруына мүмкіндік жоқ. Сондықтан көркем шығарманы алғаш шығарып отырған мезгіл де, оны ауызша орындау уақыты да бұл арада бірдей. Себебі ауызша шығарма тыңдаушы алдында қолма-қол шығарылатындықтан оны жазба әдебиетіндегідей үздік-создық, бірде жылдамдатып, бірде үзіліс жасап, ұзақ ойланып шығаруға мүмкіндік жоқ. Сөйте тұра табан астында шығарылған өлең-жырдың эстет. қуаты, нысанаға дөп тиіп жатқан әсерлілігі, өнер ретіндегі өзгешелігі тыңдаушысын қашанда тәнті еткен. Бұл жағынан жазба әдебиеттен оның қызметі бір де кем емес. Дегенмен, А. ә-нің импровизаторлық сипаты оның көркемдік табиғатының өзгешелігін көрсетеді. Атап айтқанда, А. ә. шығармаларында ортақ сюжеттер, сарындар, тұтас шумақтар, бейнелі тіркестер, өлеңнің даяр үлгілері мен ұйқастары жиі кездеседі. Әрі мұндай қайталаулар мен ортақ белгілер ауызша жырлаудың белгілі бір дәрежедегі "қалыптық” сипатымен байланысты, яғни ауызша айту қалыптасқан үлгілер арқылы жүзеге асырылады. Ал жазба әдебиет табиғаты бұл жағынан мүлде бөлек. Жазбаша шығарманың жазылу процесінде тыңдаушыға тәуелді уақыт шектеушілігі мұнда болмайды. Жазушы мен жазба ақынның көркем шығарманы жарату кезіндегі уақыт еркіндігі мол. Осыған орай даяр үлгімен шығару, шығарманың түрлі деңгейлеріндегі қайталаушылық пен біркелкілік жазба әдебиетке жат. Бұл өзгешелік сөз өнерінің осы екі түрінің көп нұсқалы болу-болмау сипатына да тікелей қатысты. А. ә. ауызша шығарылып, ауызша тарайтындықтан шығарманың үнемі өзгеріс үстінде болатындығы заңды құбылыс. Себебі ауызша айту, бұрын шығарылған тексті орындау — ешбір өзгеріссіз қайталап шығу емес, керісінше, ол — шығармашылық процесс. Онсыз шығарманың заман ағымына лайық қайта түлеп отыруы мүмкін болмайды. Әсіресе, ірі жанрларға тән осы ерекшелік шығарманың бір айтушыдан екінші айтушыға, бір дәуірден екінші дәуірге ауысу барысында айрықша көрінеді. А. ә-нің көпнұсқалы болуына ықпал ететін жағдайлардың бірі — тыңдаушылар ортасының өзгеріп отыратын әлеум. талап-тілектері мен көркемдік сұраныстары. Көшпелі қоғамның мұндай қажеттіліктерін жан-жақты әрі тұтастай атқарған өнер А. ә. болады.

Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау жұмысы 18 ғ-дан басталады. Ресейден Қазақ даласына шыққан түрлі эскпедициялардың мақсаты фольклорлық және этногр. деректерді де жинау болатын. Алайда, фольклор үлгілерін жүйелі түрде жинау жұмысы 19 ғ-да жүзеге асты. В.В. Радлов, Г.Н. Потанин, Ш.Уәлиханов, А.Е. Алекторов, А.В. Васильев, сияқты ғалымдар ауыз әдебиеті жанрларын жіктей отырып, олардың текстол-сына да көңіл бөлді. Түптеп келгенде фольклорлық мұраны жинау және жарыққа шығару халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, наным-сенімін, дүниетанымын білудің негізгі дерек көзіне айналды. Ал 20 ғ-да фольклорды жинау мен жариялау жұмысы, мейлі ол идеологияның құралына айналса да, мемл. тарапынан қолдау тапты. 20 ғ-дың басындағы Ә.Диваев бастаған бірнеше экспедициялардан бастап, жер-жерден жинау жұмысы үздік-создық күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Фольклор үлгілерін жинау ісі оны жарыққа шығару жұмыстарымен қатар жүріп жатты. 19 — 20 ғ-дың басында Қазан, Уфа қ-ларында қазақтың батырлық жырлары, діни және ғашықтық дастандары көптеп жарық көрді. "Ер — Тарғын”, "Қыз Жібек”, "Алпамыс”, "Бозжігіт”, "Мұңлық — Зарлық”, "Шәкір — Шәкірат” т.б. жыр- дастандар дүркін-дүркін қайта басылып шықты. Ал, кеңестік дәуірде А.ә-тінің көптеген үлгілері белгілі бір түзетулер мен редакциялауларға ұшыраса да, көпшілікке жол тапты. Эпостар, дастандар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, айтыстар, шешендік сөздер, жұмбақтар т.б. тізбелі болып та, жеке де жарыққа шығып келеді. Бұлардың ішінде, әсіресе, "Алпамыс”, "Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, "Қыз жібек”, "Қамбар батыр”, "Қобыланды батыр” эпостарының екі тілдегі ғыл. (қазақша және орысша) басылымының шығуы фольклор текстол-сындағы ірі жетістік болды. Бұған қоса А.ә-нің көптомдық басылымын (1997 жылға дейін 17 томы шықты) шығару қолға алынды. М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұл, Р.Бердібаев, М.Мағауин, С. Қасқабасов т.б. ғалымдардың бірнеше іргелі еңбектері жарық көрді. А.ә-нің тарихы мен методологиясы жан-жақты зерттелді.

Қазақ А. ә-нің озық үлгілері кәсіби ұлттық өнердің өзге түрлері (опера, театр, кино, кескіндеме т.б.) үшін де қайнар бұлақ, құнарлы тақырып саналады. Алғашқы қазақ опералары (Қыз Жібек, Айман — Шолпан), қазақ театры мен киносындағы сәтті шығармалардың көпшілігіне А.ә-ндегі туындылар арқау болды. Ұлттық дүниетаным мен тәлім-тәрбие жүйесін қалыптастыруды ана тілін, ұлттық тарихты зерделеуді мақсат тұтқан ғыл.-зерттеулер де А.ә. үлгілерін айналып өте алмайды. А.ә-нің кейбір жанрлары қазіргі заманға сай жаңа сипаттармен дамуда. қ. Айтыс, Беташар, Жар-жар т.б.

Ш. Ыбыраев

 

 

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 2293 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
avatar
0
1 nurdaulettolebaev2001 • 17:16, 22.12.2016
жоспар курып бересиндерма
ComForm">
avatar