Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат | [ Добавить материал ] |
02.02.2014, 13:17 | |
Әрбір әулеттің, әрбір шаңырақтың өзіндік дәстүрі, жазылмаған ережесі, ұстанар қағидасы болады. Отбасы мүшелерінің іс-әрекеті мен тіршілік қарекеті де осынау қалыптасқан дәстүр аясынан табылып, өніп-өрбіп отырады. Бұл тәлім-тәрбие бір кіндіктен тараған ұрпақтың алдағы өмірлеріне бағдар, тіршілік-тұрмысына - таусылмас азық. Мұны қалыптастыратын отбасының ұйытқысы, әулеттің ақылшысы әрі алтын қазығы Ана. Халық даналығында «Ана - әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Ана жүрек, жүректі құдірет те, Ана тірек, тіректі құрметте. Анашыңың, шыңыңа сағынып жет, Ана күнің, күніңе табынып өт» деп айтуынан-ақ Ана сөзінің қасиетін аңғаруға болады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің өнегеге толы өмірі жоғарыда айтылған қасиеттерге толы. Өзінің ғұмырында ел үшін аянбай етіп, балаларын бақытым деп білген Әбуева Төре апайдың ғұмырнамасы өзінше жеке бір тарих. Төре апай 1935 жылы Ұлытау ауданының Алғабас ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Әбу мен анасы Бибіажар қарапайым тұрмыс кешкен, шаруа отбасы еді. Балалық шағы сұрапыл соғыспен қатар келіп, еңбекке ерте араласты. Колхоздың таңның атысы, күннің батысына дейін созылатын ауыр еңбегі бала үшін қиын да еді. Егін жинау, мал бағу тәрізді қара жұмыстардың ортасында жүріп, Төре апай ерте шынықты. Сол кездегі өзге балалар секілді еңбекке араласа жүріп, 7 жылдық ауыл мектебін бітірді. Негізгі білім алып, сауда саласына жұмысқа араласты. Отыз жыл бойы сауда саласында табан аудармай жұмыс істеп, еңбек ардагері атанды. Жезқазғандағы «Уют» дүкенінде отыз жыл қызмет атқарған Төре апаның жылы жайдары сатушы бейнесі тұтынушылардың есінде қалары анық. Дүкеннің сату жұмысынан басқа да шаруашылық тірліктерін мойнына алып, жұмысты да өзгеге қаратпайтын. Тұтынушылардың талабы мен тілектерін орындау үшін әрқашан көңілден шығуға тырысатын жанның еңбегі басшылық тарапынан да үнемі ескеріліп, алғыс хаттармен, марапат қағаздарымен еңбегі еленіп, үнемі көтермеленді. Төре апаның өмір жолы сырлы шежіре, тұнған тәлім-тәрбие. Өзінен тараған кейінгі буын жас ұрпақтарына өлмес өнеге. Апайдың әрбір ойланып айтқан сөздері бала-шағасына ақыл-қазына, жүріс-тұрысы мен ісі еліне үлгі тұтарлық тағылым. Ол әркез балаларымен дастархан басында отырғанда, сөз арасында «Кең болсаң, кем болмайсың. Дастарханыңды кеңінен жайып, қолда барыңды ақ көңіл, ыстық ықыласыңмен қонағыңа ұсын. Қара шәй берсең де, қабағыңды шытпай бер. Береке басы - көрген бейнет пен еткен еңбекте. Бар болсаң бөлісе біл, жоқ болсаң жасыма. Адалдап ішкен асың бойыңа сіңсе - сол қуат. Бейнетіңнің зейнетін көрсең - сол пайда. Ешқашанда жоқпын деп тарылма, бармын деп тасыма!» деп отырады. Кеңдікті даладан, ақылды данадан алған асыл Ананың байламы осы... Біздің бұдан түйгеніміз: адал еңбек пен ақ ниеттің алмайтын қамалы болмайды екен. Кезінде Шәкәрім бабамыз «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар. Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деген екен. Міне, адамды ұшпаққа шығаратын да, абыройын асқақтататын да қасиеттер осы. Тұла бойына осы қасиеттердің бәрін тоғыстыра білген Төре апай қандай сый-құрметке де лайық. Тегі асыл, рухы биік жандар осылай болатының өмірдің өзі көрсетіп келеді... 1954 жылы өмірдің алғашқы қадамы – отбасын құрып, ауыл азаматы Мұсылманбек ағаймен шаңырақ көтерді. Екеуі өмірге 14 бала әкелді. Тағдырдың жазуымен 1 баласы өмірден ерте озды. 13 баласының қызығы мен қуанышына шүкіршілік еткен ана мен әке өз аттарына лайық өнеге көрсете білді. Балалары: Бәтима – дәрігер, Тәтима мен Сәбира, Сұлтанғазы жеке кәсіпкерлер, Аманкүл – мемлекеттік қызметте, Сабыр мен Әнуарбек – мұғалім, Жаңылтай - тігінші, Жанат пен Қалкені – байланыс саласының мамандары, Қуанышбек пен Құрманғазы – мыс қорыту зауытында жұмыскер, Айсұлу – есепші болып қызмет етеді. Төре апамен Мұсылманбек ағаның кіндігінен өрбіген ұрпақтарел мен елдің арасын қосқан бір қауым жұрт болып отыр. Барлығының да жоғары білім алып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуі - ең алдымен, Алланың одан кейін ата-аналары Төре апа мен Мұсылманбек ағаныңеңбегінің арқасы екендігіне сөз жоқ. Адамдардың бір-біріне: «Ұзақ жыл өмір сүріпті», «Біраз жасқа келіпті» дегенін естігенде, «Ол қалай?» деп таң қалатынымыз бар. Ал, шындығында, адам баласы тек қана ұрпағымен мың жасайтыны анық. Бүгінде 13 баласынан 22 немере, 8 шөбере көріп отырған Әзиз-Ананың шаңырағы шаттықтың бастауындай. Төре апаның: «Менің осындай жетістікке жетуіме енем Мәміштің (атын атай алмады. Авт.Р.С) еңбегі зор. Сол кісінің көмегімен мен ешқашанда балалар үшін жұмыстан сұранып қалған емеспін» дегенінен келін мен ене арасындағы жоғары сыйластықтың болғанын көруге болады. Ал, бұл үрдіс бүгін Төре апайдың отбасында өз жалғасын тауып, дәстүрмен жалғасып келеді. Ардақ тұтар асыл Ана алыс-жақындағы ағайынға, жақын-жұрағатқа, қызметтес әріптестеріне ғана емес, өзін білетін барша жанға сыйлы, беделді. Немере мен шөберенің шат күлкісі кернеген қуанышыңызды тағдыр ұзағынан сүйіндірсін, шаңырағыңыздан лайым шаттық, құт-береке үзілмесін, мерейіңізді дәйім үстем етіп, балаларыңыздың қуанышы ұзағынан болғай деп тілейміз. | |
Просмотров: 934 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |