Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Абайдың ақын-шәкірттері
10.03.2013, 11:43

Абайдың ақын-шәкірттері



Шәкәрім Құдайбердіұлы


Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыстау бөктерінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1931 жылдың сарыала күзінде алты мүшел – 73 жасқа қараған Шәкәрім қажы Бақанаста, елсіз «Саятқора» маңында ГПУ-дің жендеттері оғынан қайғылы қазаға ұшырап, отыз жыл бойы тәні көмусіз, ойпаңдағы құр құдық түбінде қалды. «... 1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемді тастаған құдықты жалғыз қазып, 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі - оң жақтағы тоқпақ жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. ... 7 августе қабірі қазылды, 8 августе Абай зиратының қасына жерленді», - деп есіне алады Ахат Шәкәрімұлы.

Бүгінгі өскелең ұрпақтың ақынның шыққан тегі жайындағы шежірені де қажетсінетіні мәлім. Сондықтан Шәкәрімнің туысы жайын өзінің «Түрік, қырғыз - қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде берілген ата - тек кестесінен бастамақпыз.

Арғынның Момын деген тоқалынан үш баласы: Қарасопы, Кенжесопы, Бәсентиін. Кенжесопыдан - Қанжығалы, Тобықты. Тобықтының екі баласы: Рыспетек, Дәулетек (лақап аты Жуантаяқ) дейді шежіреші. Дәулетектің үш баласы - Байғара, Байшора, Жиеншора. Тобықтының үлкен баласы Рыспетектен: Мұсабай, Көкше, Дадан, Құлық. Мұсабай бидің екі баласы: Толымқожа, Сүйірбас. Толымқожаның (лақап аты - Жаман Тобықты) екі баласы: Биянай (одан Наз, Нүрке, Бірке, Ожар аталары тараған). Сүйірбастың үш баласы: Әлі, Сары, Қожаберген. Сарының балалары: Мәмбетей, Үмбетей, Мәмбетсопы және Кішік (Күшік). Мәмбетсопыдан – Жұмағұл, Қожан. Жұмағұлдың алты баласының бірі – Мамай батыр.

Кішік (Күшіктен) – Саңмұрын, Байымбет, Әнет, Әйтек. Әйтектен – Олжай, Байбөрі (Бәкең), Қалқаман. Олжайдан - Айдос (одан - Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібақ), Қайдос (одан - Бөкенші, Борсақ), Жандос (лақап аты - жігітек). Олжайдың үш баласынан өрбіген көп ұрпақты ел «үш Олжай» деп атаған. Жігітектен Кеңгірбай би (1735-1825), ал Айдостың Ырғызбайынан Өскенбай би (1778 -1850) туады.

1723 жылдың ерте көктемінде қалың қалмақ тұтқиылдан шабуылдағанда «ақ табан шұбырындыға» ұшыраған Орта жүз рулары Сыр бойынан пана тапқан-ды. Қазақ - қалмақ жаугершілігі аяқталған соң: «Біздің тобықты Орынбордың бергі жағында Ордың (қазіргі Ресейдің Орск қаласының маңы) қара ағашына барған» - деп жазады Шәкәрім қажы. Кіші жүз мекендеген қияндағы Орта Тобықты зорға жеткен. Бірақ бұл жақта орыстың орнығып, қала - бекіністер салып қазақты қыспаққа алғанын көрген соң, ел басшылары көшті ата мекен – Шыңғыстауға бұрады.

ХҮІІІ ғасырдың соңы – Орта жүз руларының жоңғарлардан босаған Ертіс өңірі мен Шығыс Қазақстан аумағын емін-еркін иеленіп, жаппай қоныстанып жатқан кезі тұғын. Бірақ Шыңғыс жеріне ілінгенде Дадан тобықтының биі Қараменде Кеңгірбай биге былай деп сәлем жолдапты:

Басында Сырдың шығып Орға келдік,
Табан тиіп жүре алмай зорға келдік.
Құл алдынан құрулы талқы деген,
Бұл жаққа баққа келмей сорға келдік.

«Сорға келдік» дегені, бұл аумақты бұрын келген матай, керей, уақ, тарақты рулары иеленіп, орнығып алған еді. Екіншіден, Ор, Тобыл бойы тәрізді Ертіс бойына да орыстың бекініс салып, алдын орап алғанын көріп айтқаны. Осымен ағайынға сыйымсыз, кәпірге жем болмауды ойлаған Дадан тобықты көп ұзамай Балқаш көлінің теріскейі - Тоқырауын суы бойына ауады. Ал Кеңгірбай би «малға жайлы мекенім» деп неде болса Шыңғысқа табан тірейді. Көнбеген соң Қараменде оған кетерінде: «Үлкен боп сен қоныс ал, мен отау боп өріс алайын» деген екен.

Ордан Шыңғыс өңіріне көшкенде Тобықты жұрты небәрі 200 отбасы болыпты деген дерек бар. Көшті Мамай батыр бастап әкелді, ал елдің басшысы ел - жұрты «Қабекең», «Би атаң» деп аса құрмет тұтқан жаңағы Кеңгірбай би еді. Ел бірлігін қатаң тәртіпке ұстап, сонымен бірге жерді кеңейте берген соң: «Жерді неге кеңейте бергіңіз келеді, жетпей ме?» - деген Көбей биге: «Келешек ұрпақ өспей ме, тарлықтан талқы кешпей ме?» - дейді екен Би атаң.

Ұрпақ өспей ме десе дегендей-ақ, 1831 жылы бір болыс қана болған Тобықты елі жарты ғасырдай уақыт шамасында құрамы төрт-бес болып жетіп, іргелі елге айналған. Кеңгірбай биден соң, бүкіл Тобықты басшылығы Құнанбайдың әкесі Өскенбай бидің қолына көшеді. Шәкәрімнің шежіре кестесіне шолуымыздың соңында еске салар бір жай - әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясына арқау болған шырғалаңды оқиғалар мен қиян - кескі талас - тартыстар негізінен Тобықтының «Үш Олжай» бұтағы ішінде өтеді.

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді (1829-1866) – Құнанбайдың тұңғышы. Құнанбайдың бірінші бәйбішесі - найманның терістаңбалы тарауынан шыққан Ағанас бидің қызы – Күңке (азан аты - Әйбөбек) еді. Күңкеден - Құдайберді жалғыз. Күңке Құдайберді жалғызсырамасын деп Ұлжанның Абайдан соңғы баласы Ысқақты (1847-1900) бауырына салып, өз тәрбиесінде өсіреді. Оған әйел әперіп, енші беріп шығарған да өзі болады. Айта кету керек, осыдан соң әр шешенің балалары араласып өссін дегендіктен біреуінің баласын біреуі бауырына салу Құнанбай әулетінің бұлжымас салтына айналған.

Сол дәуірдегі ата салт бойынша Құдайберді бірнеше әйел алған. Бірінші әйелі - Дәметкен (азан аты Төлебике). Одан Омар, Нұртаза, Шәке (азан аты Шаһмардан), Шәкәрім (азан аты Шаһкәрім). Айта кететін жай, соңғы екеуін шешесі: «Шәке» және «Шәкәрім» деп еркелеткен. Сондықтан келешек ғұламаны мұқым ел Шәкәрім емес, тек Шәкерім деп атаған. 1988 жылдарға дейінгі естелік, жазбалардың бәрінде де тек Шәкәрім деп хатқа түскен. Міне осы себепті біздің жазбамызда ғұлама есімінің бірде «ә» - мен, бірде «е» - мен ұшырасатынын арнайы ескертеміз. 

Құдайбердінің екінші әйелі – тобықты Мамай батырдың нәсілі Ботантай. Төлебике келін боп түскен соң үш-төрт жылға дейін бала көтермей, сондықтан Құнанбай Құдайбердіге осы Ботантайды айттырып, алып береді. Ботантай тұңғышы Әмірді дүниеге әкелгенде, оны Төлебике бауырына салады. «Екі жылдан кейін, - дейді Ахат ақсақал, - Төлебикенің өзі де екіқабат болып, ұл туды, оның аты Омар еді, бір жасқа толмай өлді. Онан соң Төлебикеден үш ұл болды – Нұртаза, Шаһмардан, Шәкерім. Ботантайдан - Жылқыайдар, Ырызықбай. Жылқыайдар төрт жасында шетінеп кетті». Шәке (1865-1901) мен Ырызықбай (1866-1919) би, болыс болып ел жұмысына араласқан азаматтар.

Құдайберді жасынан жабысқан өкпе науқасынан айыға алмай, 1866 жылдың көктемі, мамыр айының басында 37 жаста дүниеден өткен. Ол жастай дүниеден өткенде артында балалары: үлкені Әмір 14 жаста, Нұртаза 11 жаста, Шаһмардан 9 жасты, Шаһкәрім 7 жаста, Ырызықбай қырқынан шықпай жетім қалды. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір атанды. Бір анығы, кейіннен күндес әйелдер апалы - сіңлідей бір шаңырақта тату ғұмыр кешкен еді.

Сөйтіп, Шәкәрімнің бал дәурен балалық шағы уайым-қайғысыз өтіп, қос шешенің аялы алақанында Абай сияқты арда, «телғара» боп өсті. 

Алғашқы өлеңін Шәкәрім әкеден жетім қалған жеті жасында шығарған екен. «Әкем қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ, - дейді ақын. 

- Мен қыстаудың алдындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алдым. Өлтірсем де оған жаным ашып, өз жетімдігім ойыма түсіп, «құрт болып» деген өлең шығарғаным есімде. Басқасы ұмытылып, екі ауыз өлеңі ғана ойымда қалды». Сол екі ауыз өлеңі:

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?
Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.
Жетімдік қандайлығын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең қайда?

Менің де жетім қалды балаларым,
Олар да жылайды аңсап аналарын.
Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
Жоқ екен басыңда ми-саналарың...

Аңғарғыш та сезімтал ойын баласының мына өлеңін кешке Төлебике мен Ботантай шешелері тыңдап, көз жастарын көл етеді. Өлең оқиғасын артынан Абай да естіп, бір келгенінде «Шәкәрімге өлең жазуға әзір ерте емес пе» деген шешесі Төлебикеге ол: «Шәкәрімге өлең жазба демеңіз, оны тыймаңыз. Жазсын, өзім қалай жазуды үйретемін» деген екен.

Шәкәрім ерте жетім қалғанменен, Құнанбайдың ерке немересі болып, бұла өсті. Ол ештемеден таршылық көрмеді. Жас шағында молда алдында дәріс алды. Тоғыз жасында шешек шығып қатты ауырғандықтан, молда алдынан біржолата алыстатылады.

Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, араб, парсының бәйіттерін де төгілдіре жатқа соғады екен. «Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларын оқып жаттап алған. Ескі жыраулардың жыр-өлеңдерін бертінге дейін жатқа айтқанын сан естігем» - дейді әке биографы Ахат қария.

Қандай ұлы ақынның ақындығы болса да, бір күнде бір-ақ бұрқ етіп басталмайды. Шәкәрімнің де жасынан сөз өнеріне жаттығып, оны ұзақ ғұмырында ұдайы ұштап өткені сөзсіз.

Шәкәрімнің 25 жасқа дейінгі өлеңдерінен бүгінге жеткені болымсыз. Олар – 22 жасында жазған үш өлеңі ғана: «Жаз келер», «Арман» және «Жайлаудың баласымен айтысы». Бұлардың алдыңғы екеуі - шағын табиғат лирикасы, ал соңғысы – ұзақтау сюжетті өлең. Оны Жайлау деген кісінің баласымен айтыс түрінде Әбдіахмет, Таңсыққожа, Байділда есімді үш құрдасын әзіл ете шығарған, өйткені өлең сөзі : «Өкпелеме бұл сөзге үш құрдасым» деп аяқталады.

«Шын сырым» атты ұзақ өлеңіне тоқталалық. Туынды «жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған» деп басталады. Жырда ақынның әлдекімді құлай сүйген құса халі, осыған байланысты махаббат сырын ақтарғаны ап-айқын сезіледі. Олай болса ақын жүрегін жаулаған сұлу кім?

Шәкәрімнің жиені марқұм Тауфиқ Досаев «Абай» журналының 1994 жылғы 9 санында осы сұраққа сәулесін түсіретін мынадай оқиғаны жеткізеді. Қазан қаласынан әскерден қашып Семей өңіріне сауғалаған Ысқақ деген татар жігітіне Құнанбай Шыңғыс тауының Арқалық деген жерінен жер беріп, әйел әпереді. Осыдан соң Ысқақ Қазан қаласынан туған інісі Махмұтты да көшіріп әкелген көрінеді. Кейіннен екеуі де дөңгеленген дәулет иесі болып, бұл ауылды ел- «Бәкең» немесе «Бай» ауыл деп атап кетеді. Ысқақтан төрт ұл, бір қыз, ал Махмұттан екі ұл, бір қыз өсіп жетіп Бай ауылы мен Құнекең ауылының сары-сүйек құда болғандығы белгілі. Осы жолдарды айта келіп: «Ысқақтың інісі Махмұттың қызы Айғаншаны Шәкәрім Құдайбердіұлы алып қашып кетеді», - деп жазады Т. Досаев. Бұл мөлшері 1882 жылы болған оқиға. Құда түспей алып қашатыны, Шәкәрімнің үлкен әйелі Мәуенге үйленген, үйлі - баранды болған шағы еді. Іс насырға шаба ма, әлде қайтеді деген уайыммен ақыл сұрай келген Шәкәрімге Абай: «Олардың қызын жолынан алмай, қолынан алсаң болмас па еді» деп кейіпті. Сонда Шәкәрім: «Мұны мен де аз ойлаған жоқпын. Бірақ Бай ауылында осы күнге әйел үстіне әйел алған ешкім жоқ қой. Құда түсем десем мені жолата ма, Абай аға?» деген екен. Шәкәрім мен Айғанша бір-бірін шын құлай сүйген. «Шын сырым» толғауының аяққы шумағы осының куәсі:

Өзіңсің аямай әурелеп қор қылған,
Көңілде сәулемсің, көздегі нұрым-ау,
Ақылды астыртын ұрлаған, ұрым-ау,
Өмір бойы өртеніп жүргенімше,
Не өлтір, не тірілт, осы шын сырым-ау!

Сөйтіп, албырт жігіт Шәкәрімді ғашықтық отына күйдірген жұмбақ ару, Т. Досаевтың мәліметіне сүйенгенде, ноғай Махмұттың қызы Айғанша сұлу десек қате болмас.

Айғанша бүкіл Ырғызбайға танымал келін болып, ол етжеңді кісі болғандықтан ауыл - аймақ «Май апаң» деп атаған. Шәкәрім осы Айғаншадан Қапыр (Ғафур), Жебірәйіл, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл, Күлзия, Жәкім, Гүлнар деген үш қыз сүйеді. Жебірәйіл мен Күлзия жастай шетінеп кетеді. 

Шәкәрім бірінші әйелі Мәуеннен де алты бала көрген. Мәуен бәйбіше көп балалы болса да жоғарыда айтылған Құнанбай салған үлгі бойынша Ахатты бауырына салыпты.

Жасы 20-ға басқанда жігіт Шәкәрім болыс болып сайланады. Демек, 1878 – 80 жылдары татымды өлең-жырлар жазуы неғайбыл. Екіншіден, Абайдың өз өлеңдерінен елеп-ескермегені сияқты, Шәкәрім де өзінің тырнақалды туындыларын жинап сақтауды қажетсінбеген сияқты. Сақталмағаны, өзі айтқандай, «өртеп жіберілген» көңіл-күйі, махаббат лирикасы, қазақтың ескілігіне арналған және шығыс әдебиетіне еліктеп жазылған жыр-өлеңдер болуы мүмкін.

Шәкәрім осылайша ақындыққа бет бұрып, ұлы ағасы Абай мектебінің жалынды шәкірті бола білді. Ол әрқашан өзіне Абайды пір тұтты. 

1891 - 95 жылдар ұлы ақын аударма ісімен көп шұғылданады және «Қарасөз» деген жаңа жанрды бастайды.

Шәкәрімнің белгілі бес дастаны бар (Ахат ақсақал бұлардан басқа бүгінге жетпеген 1904 жылдар шамасында жазылған «Дума» деген поэмасы болған, ол Қазанға жіберіліп, цензурадан өтпеді деп хабарланған еді дейді). 

«Оятқан мені ерте – Шығыс жыры» деп өзі айтқандай, ақын бал дәурен балалық кезінен Шығыстың ұлы шайырларын сүйіп оқып, олар салған дәстүрлерді жақсы білген. Соның бірі - кемінде бес дастан (әдетте, оларға махаббат тақырыбы арқау болған) жазу үрдісі. Осылайша бір-бірімен күш сынасу, творчестволық бәсекеге түсу шығыстың бұрын-соңды өткен ұлы ақындары үшін жазылмаған қағида есепті еді. Шәкәрімнің жиыны бес дастан жазуы ос үрдістің жаңғырығы ма, кім білсін.

Бес дастанның үшеуі («Нартайлақ-Айсұлу», «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек») – қазақ өмірінен алынған, қалған екеуі («Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский») – аударма туындылар. Бірақ кейінгі зерттеушілер «Ләйлі-Мәжнүн» нәзира үлгісінде жазылған төл туынды деуге бейім. Әділ пікір.

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзінің «Еңлік-Кебек» пьесасын үш рет қайта өңдеп жазса, Абайдың ғұмырнамасын өңдеуі төрт ретке жеткені мәлім. Сол сияқты Шәкәрім де еңбектерін қайта өңдеп отырған. Мұны: «Шәкәрім өмірінің ақырына дейін өзі жазған еңбектерін қайта қарап, толықтырып түзеумен болған» деп белгілі ғалым Қайым Мұхаметханов құптайды. Әсіресе 1908 - 1911 жылдар аралығында Шәкәрімнің бұрынғы жазбаларын қайта қарап, баспаға әзірлеуді қолға алғанын ескермей болмайды...


Әдебиеттер тізімі:

1. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. - Алматы: Қазақ университеті, 1992. - 128 б.
2. Алтынсарин Ы. Шәкәрім Құдайбердіұлы / бас ред. Б. Аяған. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. - 632 б.
3. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер/ құраст.: М. Жармұхамедов, С. Дәуітов, А. Құдайбердиев. - Алматы: Жазушы, 1988. - 560 б.
4. Шәкәрімтану мәселелері: сериялық ғылыми жинақ. 1-том. / құраст. Т. Шаңбай. - Алматы: Раритет, 2007. - 448 б. - («Атамекен» сериясы )
5. Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 2-том. / құраст. Т. Шаңбай. - Алматы: Раритет, 2007. - 376 б. - («Атамекен» сериясы )
6. Шәкәрімтану мәселелері: сериялық ғылыми жинақ. 3-том. / құраст. Т. Шаңбай. - Алматы: Раритет, 2007. - 376 б.- («Атамекен» сериясы)
Категория: Барлық реферат | Добавил: admin
Просмотров: 3048 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar