Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
05.03.2013, 11:23

Сәкен Сейфуллин

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин - 1894 жылы Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстауында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер.

Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. "Өткен күндер" атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған "Бірлік" қауымы басшыларының бірі болған. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске тілектес өлеңдерін жазған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген. Осы жылы "Асығып тез аттандық" өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, "Жас қазақ" революциялық ұйымын құрған. "Тіршілік" газетін шығаруға ат салысқан. 3 айлық педкурста мұғалім болған. 1917 жылы қарашада "Кел, жігіттер" өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алады. Осы жылы Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне сайланды. 1918 жылы "Жас қазақ марсельезасын" жазды, "Бақыт жолында" атты пьесасының премьерасы көрсетілді. 1918 жылдың 4 маусымында ақтардың көтерілісі болып, Ақмола Совдепі тұтқындалған. Атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, Сәкен 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады.

1920-1936 жылдары Ақмола атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі, "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Қаз-КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, "Жыл құсы" альманағы, "Жаңа әдебиет" журналы басшысы, Қазақстан Мемлекеттік институтының доценті, "Әдебиет майданы" журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.

Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық-саяси ұстанымен бедерлі айғақтайтын туындылары - "Кел, жігіттер", "Жас қазақ марсельезасы", "Жұмыскерлерге", "Жолдастар" сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ "Советстан", "Көкшетау", "Альбатрос", "Социалистан", "Қызыл ат" поэмалары. Проза саласында "Жер қазғандар", "Айша", "Біздің тұрмыс", "Сол жылдарда", "Жемістер" повестері мен "Тар жол, тайғақ кешу" атты мемуарлық роман жазған. "Бақыт жолында", "Қызыл сұңқарлар" драмалары - өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар.

Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С. Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған. "Қазақ әдебиеті" атты зерттеу еңбегінің мәні зор.

1923 жыл Сәкеннің ұлт мүддесін тереңінен ойлайтын, әсіресе, ұлт тағдырының тіл тағдырына тікелей байланысты екенін, онсыз тәуелділіктің толыққанды болмайтынын терең түсініп, күреске бел байлаған кезі болды. Большевиктер партиясының 1923 жылдың 17-25 сәуір аралығында өткен XII съезі ұлт мәселесін әңгіме еткен соңғы жиыны оны қатты ойландырады. Онда орыс мәдениеті басқа ұлттар мәдениетін жеңбей қоймайтынын, орыс ұлтының басқалардан басымдылығын нығайту жөніндегі ойлар ашық айтылған болатын. Осыны күйзеле тыңдаған Сәкен өз ұлтының тағдырына қалай қолқабыс тигізудің амалын іздейді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілу қамын ойлап, күрделі мәселелерді көтере бастайды. Өз ұлтының арғы-бергі тарихына көз сала отырып, содан үлгі алар өнеге тұтар тұлғалардың іс әрекетін қастерлей қарастыра бастайды. Бүкіл қазаққа ілім-білім нұрын шашқан Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлын ардақ тұтқан. Елдің мүддесін тіл мүддесімен тұтастыра қаузаған Ахмет сынды дала данышпанының тағдыры қыл үстінде жүрген күннің өзінде Сәкеннің бұл қылығы үлкен адамгершілікпен астасқан өр рух нышаны еді.

Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып, тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. 1923 жылы 9 маусымда "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" деген мақаласын жариялайды. Жалпы тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған "Еңбекші қазақ" газетін тиімді пайдаланды. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді.

Сәкен - қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына айрықша еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені оның идеялық дем берушісі, коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп-көктеуіне пайдаланбақшы болып, жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен - халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлған.

Категория: Барлық реферат | Добавил: admin | Теги: Сәкен Сейфуллин, Сәкен Сейфуллин өмірбаяны, СәКЕН СЕЙФУЛЛИН мәлімет, Сәкен Сейфуллин реферат
Просмотров: 3575 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar