Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Қосымша құн - Қазақша реферат
05.02.2014, 22:06

Қосымша құн – жалдамалы жұмысшының жұмыс күшінің құнынан тыс жасалатын, капиталист тегін иемденетін құн. Қ. қ. – маркстік саяси экономия жүйесінің түп қазығы, іргетасы. Қ. қ-ның сырын ашқан Маркс.

Маркстің пайымдауынша, өндіріс барысында ерекше тауардың – жұмыс күшінің айрықша өзгешелігіне байланысты жұмыс күшінің тұтыну құны оның жасалу көзіне айналады. Жалдамалы жұмысшы капиталиске өзінің жұмыс күші құнының баламасын ғана емес, сонымен бірге "құннан тыс” құн жасайтын еңбегін де жұмсайды. 
Қ. қ. өндіру аясы – өнеркәс. капитал аясы; оның қозғалысына субъективті фактор – жұмыс күші ғана емес, сонымен бірге өндірістің объективті факторлары да – еңбек құралдары, еңбек заттары қатысады. Құн жасау үдерісіндегі өндіріс факторларының рөлі әрқилы: объективті факторлар жаңа өнім жасауға қатысады, бірақ жаңа құнның көзі бола алмайды; олардың міндеті – адам еңбегіне материал беру және оның жүзеге асырылуына жағдай жасау. Субъективті фактор – жұмыс күші өндіріс құрал-жабдығына "жан бітіреді”, жаңа құнның көзі болу міндетін атқарады, ал өнеркәс. капитал қозғалысы барысында жаңа құнның өсуі көзделеді. Құнның жасалуы мен өсуіне қатысу тұрғысынан капитал, Маркстің пайымдауынша, тұрақты капиталға, яғни өзінің шамасын өзгертпейтін капиталға (еңбек құралдары, заттары және жағдайлары) және ауыспалы капиталға, өндіріс барысында өзінің шамасын өзгертетін капиталға бөлінеді. Маркс "қосымша құн нормасы” (m’) – m/v қатынасы, яғни Қ. қ-ның ауыспалы капиталға қатынасы деген ұғымды енгізді. Маркстің пікірінше, Қ. қ. нормасы дегеніміз жұмысшының қаналу деңгейінің дәл көрсеткіші, өйткені осы қатынастан жұмыс күні қажетті және қосымша жұмыс уақытына бөлінетін арақатынас көрінеді. Сонымен бірге Қ. қ. нормасы нақты еңбек (адам еңбегі) тиімділігінің көрсеткіші болып табылады. Сайып келгенде, Қ. қ-ның көбеюі нақты еңбектің мөлшерімен, оның өнімділігімен айқындалады. Қ. қ-ды барынша молайту нақты еңбек өнімділігін арттырудың басты себебіне айналады. Маркстің пікірінше, қосымша еңбекке деген құштарлық нақты еңбектің үлесін салыстырмалы түрде қысқарта түседі, мұның өзі Қ. қ. көзі болып табылатын нақты еңбек туралы тезиске қайшы келеді. Қарама-қайшылық капиталдың қорлануы барысында шешіледі: капиталдың табиғи құрылымының өсуіне, нақты еңбек көлемінің ұлғаюына, жұмысшы еңбегінің қаналу деңгейінің өсуіне байланысты нақты еңбектің үлесі қысқартылады. Қ. қ-ды өндіруге қоғамдық өндірістің барлық салалары тартылады. Маркс экон. қатынастардың объективті сипаттамаларын басшылыққа ала отырып, Қ. қ. өндіруді қоғамдық өндірісті қалыптастыру бағытын айқындайтын объективті экон. заң ретінде қарастырады.
Марксті сынаушылар Қ. қ. теориясына қатты шүйлікті. Қ. қ. сипаттамасының таптық көзқарас тұрғысынан түсіндірілуі ғана емес, сонымен бірге оның абстрактілі, "мистикалық” сипаты да наразылық туғызды. "Бірде-бір экон. агент, – дейді Маркстің қазіргі сыншылары, – қосымша құндылық нормасындағы өзгерістерге елең етпейді: жұмысшы өзінің нақты жалақысын барынша көбейтуге мүдделі, ал капитал иелері пайда мөлшерін басшылыққа алады”. Алайда капитал иелері мен жұмысшылардың жұмыс күнінің мөлшері үшін ұзақ жылдар бойы күрескенін, ақырында мемлекеттің бұл күреске араласып, жұмыс күнін заң жүзінде шектегенін естен шығармау керек.
Әдеб.: Маркс К., Капитал, 1-т., А., 1963.
О. Әлиев
Категория: Барлық реферат | Добавил: admin | Теги: Қосымша құн - Қазақша реферат
Просмотров: 1016 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar