Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Барлық реферат [ Добавить материал ]

Мысыр, Ежелгі Египет
10.04.2013, 16:49
Мысыр, Ежелгі Египет – Африканың солтүстік-шығысында Ніл өзені бойында құрылған ертедегі мемлекет. Біздің заманымыздан бұрынғы 4-мыңжылдық шамасында Ніл өзені бойына жиналған тайпалар (протосемит, бербер, кушит, т.б.) өзара араласып, Мысыр халқы қалыптасты. Халық санының күрт өсуі аң және балық аулау арқылы тамақ табуды қиындатып, мал шаруашылығы мен егіншілік келіп шықты. Алғашқы мемлекеттік бірлестіктер пайда болды. Олардың арасынан екі мемлекет іріктеліп шығып, елдің оңтүстігінде жоғарғы Мысыр, ал солтүстігінде – төменгі Мысыр патшалықтары құрылды. Біздің заманымыздан бұрынғы 3-мыңжылдық шамасында жоғарғы Мысыр билеушісі Менес (Мена) төменгі Мысырды басып алып, елді біріктірді. Ежелгі Мысыр мемлекеті бірнеше кезеңдерді бастан кешірді. 1. Ең ежелгі патшалық (біздің заманымыздан бұрынғы 3000 – 2800 ж.) кезеңінде елді екі билеуші әулет кезек-кезек басқарды. Жер суландыру қолға алынып, мыстан қару-жарақтар, құрал-саймандар соғылды, айырбас сауда дүниеге келді. Нубияға, Ливияға, Синай түбегіне жорықтар жасалынды. 2. Ежелгі патшалық (біздің заманымыздан бұрынғы 2800 – 2250 ж.) – 3-әулеттің билікке келуімен басталды. Ауыл шаруашылығы, қолөнер, айырбас сауда мен құрылыс жұмыстары жетілдіріліп, жерге жеке меншік пайда болды.  Перғауын мен мемлекеттік аппараттың билігі күшейтілді, тұрақты әскер құрылды. Құл еңбегін кеңінен қолдана отырып, перғауындарға арналған пирамидалар салынды. Мысырдың бірінші бөлшектенуі біздің заманымыздан бұрынғы 2250 – 2050 ж. болды. 3. Орта патшалық (біздің заманымыздан бұрынғы 2050 – 1700 ж.) – 12-әулеттің билік басына келуімен тікелей байланысты. Ұсақ иеліктер қайтадан бір орталыққа біріктірілді. Суландыру жұмыстары, қолөнер, сауда бұрынғысынан да өркендеді. Сириямен, Крит аралдарымен сауда байланыстары қолға алынды. Бұл кезеңнің аяқ кезіне таман орталықтың билігі әлсіреп, перғауындар арасында билік үшін күрес басталды. Мысырдың екінші рет бөлшектенуі (біздің заманымыздан бұрынғы 1700 – 1580 ж.) кезеңінде елге солтүстік-шығыстан гиксос тайпалары басып кіріп, мемлекеттің көпшілік бөлігін басып алды да, 110 жылдай билік құрды. Мысыр перғауындары тек елдің оңтүстік жағында үстемдік етті. 15 – 17-әулеттен шыққан перғауындар елден басқыншыларды қуып шығу үшін үздіксіз соғыс жүргізгенімен, тек 18-әулеттің тұсында ғана Мысыр толық азат етілді. 4. Жаңа патшалық (біздің заманымыздан бұрынғы 1580 – 1070 ж.) кезеңінде қола мен темірден әр түрлі бұйымдар (соқа, жіп иіретін құралдар, дөңгелек, шыны-пиала, т.б.) жасалынды. Сирияға, Палестинаға жасалынған жорықтар нәтижесінде он мыңдаған тұтқындар құлға айналдырылды. Арбакештер әскері пайда болды. Перғауындар: Тутмос І, Тутмос ІІІ, Аменхотеп ІІ-лердің заманында Мысырға Сирия, Палестина, оңтүстікте Ніл өзенінің бастауына дейінгі жерлер қосылды. Вавилон, Хетт патшалықтарымен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Елдің ең күшейген тұсы Аменхотеп ІІІ (біздің заманымыздан бұрынғы 15-ғасырдың 1-жартысы) заманында болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 15-ғасырдың 2-жартысынан бастап Сирия үшін хеттермен, кейіннен "теңіз халықтарымен” және ливиялықтармен үздіксіз соғыс жүргізілді. 5. Кейінгі патшалық (ливия-парсы) кезеңінде (біздің заманымыздан бұрынғы 1070 – 332 ж.) ел қайтадан бір орталыққа біріктіріліп, экономика әрі қарай дамыды, металл ақшалар пайда болып, өсімқорлық келіп шықты. Бірақ, кейіннен Мысыр қайтадан ыдырай бастап, біздің заманымыздан бұрынғы 671 ж. Ассирияның қол астына қарады. Біздің заманымыздан бұрынғы 525 ж. елді парсы патшасы Камбис басып алды. 6. Грек-рим кезеңі (біздің заманымыздан бұрынғы 332 – біздің заманымыздың 395 ж.) Мысырды Александр Македонскийдің жаулап алуымен басталды. Аса ірі сауда және мәдени орталық Александрия қаласының негізі қаланып, бұдан басқа да көптеген сауда және қолөнер орталықтары құрылды. Орталық Азия, Үндістанға дейінгі елдермен байланыс орнатылып, Мысыр жерінде Батыс және Шығыс мәдениеттері біріктірілді. 
 
Алғашқы патшалықтардың тұсында перғауын сарайларында арнайы мектептер ашылып, болашақ шенеуніктер даярланды. Мектептерде 5 – 16 жас аралығындағы ер балалар оқып, 12 жастан бастап әр түрлі мекемелерде көшірмеші, хатшылық жұмыстарды атқарды. Сауатты жазу мен есепке басты назар аударылып, қосымша гимнастикалық жаттығулар, суда жүзу, өзін-өзі дұрыс ұстау үйретілді. Діни мектептерде астрономия мен медицина оқытылды. Ақсүйектердің балаларына әскери білім берілді. Математика ғылымы алгебра мен геометрияға бөлінді. Қарапайым алгебра есептері шешіліп, пирамидалар геометриялық жолмен салынды. Мысыр абыздары жұлдыздарды зерттеу арқылы жылды 3 маусымға (сулы-жаңбырлы, егінді, құрғақ), 12 айға бөлді. Әр айда 30 күннен болды. Ал қалған 5 күнді жылға қосты. Уақытты есептеу үшін құм және су сағаттары қолданылды. Елді мекендердің алғашқы карталары мен қалалардың жоспары жасалынды. Анатомия мен хирургия да жақсы дамып, өлген адамдардың денесі бальзамдалды, хирургиялық аспаптар пайда болды. Бұған қоса адам емдеуде магия, сиқырлау, кері дуалап оқу әдістері кеңінен қолданылды. Денені мумиялау, дәрі-дәрмек, түрлі түсті бояулар жасау арқылы химия ғылымы да дами бастады. Мысыр теңізшілері перғауындардың бұйрығы бойынша алыс елдерге саяхат жасап, Африканы айналып шығып жүрді. Грек-рим мәдениеті келгенге дейін Мысырда нақты тарихи оқиғалар тек жартастағы жазулар мен аңыз-әңгімелер арқылы ғана сақталып отырған. Мысыр мәдениеті ежелгі дәуірде антикалық мәдениеттің, кейіннен Еуропа және мұсылман мәдениеттерінің бастауы болды. Гректер Мысырды данышпандар елі деп атап, оларды өздерінің ұстаздары санады.
 
Категория: Барлық реферат | Добавил: admin | Теги: Мысыр, Ежелгі Египет
Просмотров: 12713 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar