Главная » Файлы » РЕФЕРАТ » Дипломдық жұмыстар [ Добавить материал ]

Алпамыс батыр
[ Скачать с сервера (399.0 Kb) ] 22.03.2013, 11:49

МАЗМҰНЫ

 

БАЙБӨРІНІҢ ҚАСІРЕТІ .......................................................................

3

КӨРІПКЕЛ ШАШТЫ ӘЗИЗ ..................................................................

8

АЛПАМЫСТЫҢ АЛҒАШҚЫ САПАРЫ ...........................................

14

ҚАҺАРЛЫ ҚАРАМАН ...........................................................................

19

АЛПАМЫСТЫҢ ЕКІНШІ САПАРЫ .................................................

24

ТАЙШЫҚ ХАННЫҢ ОРДАСЫНДА ..................................................

29

КАРАКӨЗАЙЫМНЫҢ ДИУАНА БОЛУЫ .......................................

34

ОРДАДАҒЫ ОЙРАН ...............................................................................

39

ЖИДЕЛІБАЙСЫН ЖЕРІНДЕ ..............................................................

46

АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛПАМЫС ..................................................

53

 БАЙБӨРІНІҢ ҚАСІРЕТІ

 

Ежелден береке дарып, бақ қонған Жиделібайсын жерінің ең бір әлуетті руы Қоңырат болғанда, сол Қоңырат руының жұрттан асқан жуан сіңір байы - Байбөрі еді. Байбөрінің байлығында есеп болмайтын. Төрт түлік малы Жиделібайсынның байтақ даласында аңдай өріп, көрген жанға қара жерді қайыстырып жатқандай әсер беретін. Мұрындық, ноқта тимеген, түйешілер мінбеген маясының өзі сексен мың еді. Мыңғырып өрген қойын айтпағанда, ең даланың шоқ-шоқ боп біткен тоғайы сайын табын-табын жылқы шұрқырап жататын. Ол да ештеңе емес, дәулеті тасыған Байбөрі жаңағы тоғай сайын мыңнан біткен жылқыларын түсіне қарай иіріп, торысына бір бөлек, қарасына бір бөлек, бозы менен аласына бір бөлек қос шығарған. Мұның өзі сырт көзге өзгеше сән-салтанат сияқты әсер беруші еді.

Байбөрі қанша бай болып, дәулеті шалқып жатса да, жүрек түкпірінде орны толмай, орындалмай жүрген бір арманы болатын. Ол - тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. Жас кезінде дүниенің бітпес қызығына елігіп жүріп аңдай бермепті. Бойдан қуат, білектен күш қайтып, тіршіліктің әсіре қызыл өткіншілігіне ой зерделеткен шағында көкірегіне шемен болып қатқан қасіреттің ең зоры - баласыз, алды-артының тұлдырлығы екенін аңғарған жайы бар. Оның үстіне, «Жығылғанға - жұдырық» дегендей, Байбөрінің ет жақын ағайын-туғаны да селдір. «Жыласаң - жұбатып, сүрінсең - демейтін қандасың болса, оған да шүкірлік етер едің ғой деп», - Байбөрі мұны да бір арман қылатын. Жоққа жүйрік жеткен бе, тәйірі, мұндайда немере-шөбере болып келетін аталас туысы Құлтайды іш тартып, өзінше қара тұтатын.

Күндер зулап өтіп жатты. Байбөрінің қасірет-қайғысы өршімесе, кемитін болмады. Дүние дидарының пендешіліктен кенде болған кезі бар ма, біреулер Байбөрінің зарына құлақ түріп мүсіркеп жатса, енді бірі іштей қыбы қанып, мұқатып, жасытып кететін. Тіптен, кейбір бақталас бәсекелестері баласының көптігін мақтан етіп, өктем сөйлеп, мағұрланған да сыңай танытушы еді.

Бір күн Байбөрінің жамағайыны Құлтай келіп кеңес береді.

— Уа, Байбөрі,— дейді Құлтай,— сенің басыңдағы қуанышты ғана емес, қайғыны да тең бөлісер ет жақының болған соң, бір орайы келген істің жайын айтайын деп едім.

— Айта бер, Құлтай, жабыққан көңілді жұбатар жақсылық болғай да! — дейді Байбөрі еңсесін көтеріп. Соңғы кезде әр нәрсеге өзінше жору жасап, көрген түсіне дейін бір перзенттің уайымымен ұштастыруды дағды еткен Байбөрі қазір де іштей толқып, Құлтайдың лебізінен қасіретіне дауа күткендей күйде еді.

— Маңдайыңа біткен ен дәулеттің бір пұшпағына бас-көз болған соң, қол астыңдағы құл-құтанмен аралас-құралас болмай тұрмайды ғой,— деп Құлтай әріден орағыта тіл қатты,— сенен несін жасырайын, есігіңде жүрген тезекші қара күңге көзім түсіп, жақындасып жүруші едім. Бүгін түнде сол күң босанып, бір ұл туды. Жаратушы тәңірім не нәрсені болсын себепсіз жаратпайды ғой. Сол ұлды бауырыңа басып, алданыш етсең қайтеді?

Бұл сөз Байбөрінің кәрі жүрегін селт еткізіп, тығырыққа тірелген жерінен жол тапқандай қуаныш күйіне бөленіп еді. Мұнан әрі уақыт алып, ойланып-толғанған да жоқ. Нәрестені аңсап, ынтығып, тіптен таңсық көріп жүрген көңілі алып-ұшып жетектеп кеткендей болды. Кешікпей-ақ Құлтай туысы жақын болған күңнен туған ұлды алып келді. Тағдырдың жазуы осы шығар, тумаса да, туғандай қылайын деп, ұлан-асыр той жасады. Балаға Ұлтан деп ат қойды.

Жаялығы — жабағы жүн, жатын орны — жыртық қос болған Ұлтан Байбөрінің қолына көшкен соң, үлде мен бүлдеге оранып, мұңсыз-қамсыз есейе берді.

Байбөрінің бауырында ішкені алдында, ішпегені артында дегендей, қамсыз балалық ғұмыр кешкен Ұлтан өзінің ұсқынсыз бітімімен, ұр да жық мінезімен көрген жанды тіксінткендей еді. Аяқ-қолы арбиып, аңғал-саңғал боп, ебедейсіз қымылдайтын. Бұрын көрмеген жан Ұлтанның кебежедей кеудесін, кетпендей күрек тілін, кернейдей кеңірдеген, сығымдалған талқандай мұрнын, шыңыраудың түбінде жылтыраған судай жанарын, ошақтай үлкен аузын көрсе, бейне бір құбыжық көргендей болар еді. Ол артына от орнындай із тастап, одыраңдап жүріп өткенде, жолындағы қазан-ошақ салдырап, ел көшкендей болып жататын. Сонан соң да ауыл-үйдің қатын-қалашы Ұлтанды көрсе, кірпідей жиырылып, көз алартып жатқаны. Одан әріге бармайды да. Байбөрінің бауырына басқан жалғызына шаң-шұң шығарып, онсыз да қаяулы көңілге сызат түсіргілері келмейтін. Бірақ оны түсінетін Ұлтан бар ма? Кейпінің ұсқынсыздығы былай тұрсын, қарсы келгенді беттен алып, төске шабатын ұзын сойыл, ұр да жықтығы және бар. Мұнан кейін көрші-қолаң: «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, Ұлтан аты аталған жерді алыстан орап өтуді әдетке айналдырған.

Зердесіз болып жаралған соң не шара, Ұлтан бара-бара, тіптен дандайсып кетті. Енді ол өзге былай тұрсын, Байбөрі мен Құлтайға мінез көрсетіп, тіл тигізетін болды. Екі күннің бірінде айқай-сүрең салып, Байбөрінің мол байлығын өзінен қызғануды шығарды. Қашанда ақылы келтенің тілі ащы болатын әдеті, Ұлтан да мал-жанды қызғанған ашу үстінде Байбөріге: «Өй, қубас, саған мал-жан не керек, өлгенде о дүниеге ала кетейін деп пе едің!» — деп, жалғыздығын бетіне басатын. Мұны естігенде, Байбөрі былай тұрсын, ауыл-аймақ адамдары жағаларын ұстап: «Есіл азамат-ай, қор болды-ау!» — десіп, көздеріне жас алатын.

Сырт көз бұлайша егілгенде, Байбөрінің Аналық есімді бәйбішесі одан сайын күйреп, қасірет жасын ішке жұтушы еді. Перзентсіз өткен осынау бақытсыз тірліктің себепшісі бір өзі сияқтанып, көзінің жасы құрғамай, тәңіріне жалбарынатын. Осындай бір қайғысы көп, қапалы күндердің бірінде Аналық көзінің жасын сүрте отырып, Байбөріге ақыл салды.

— Ақ тілеумен босағаңды аттаған ием едің,— деді Аналық,— сөзіме құлақ сал. Жаратқан жалғыздың жарылқаймын десе, құдіретінде шек жоқ қой. Күдерімізді үзбейік, бордай үгіліп жаси бергенмен, ештеңе өнбес. Онан да ақ ниетпен жолға шығып, Әзіреті сұлтанға жалбарынып қайтайық. Бір перзенттің зары үшін қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп, қасірет шеккен күйімізді көрсетейік. Зарымыз Тәңірімнің құлағына жетіп, көз жасымыз тыйыла ма деген үмітім бар...

...Он ойланып, жүз толғанғанда, шарасыз күй кешкен Байбөріге бұл сөз қатты әсер етті. Тығырыққа тіреліп, дал болғанда қияннан кезіккен жалғыз жолдай көңілін еліктіріп еді. Жай елігу емес, шынпейілімен құлай беріліп, жақсылыққа бастар жарық сәуледей бір үміт жүрек түкпірінде ойнақ салған.Осыдан кейін-ақ Байбөрі жол қамына асығыс кірісіп кетті. Алдымен қой ішінен ай мүйізді ақ қошқар таңдап, құдайыға шалды. Сонан соң ел-жұртын жинап, мол етіп қонақасы беріп, қош айтысты. Осы кезде Аналық бәйбіше де аңырап үріп, ақ пейілмен қазына аузын ашып тастап, алтын-күміс, асылының барлығын ел-жұртқа таратты. Игі ниеттің айғағы болсын деп, жұрттың бәріне құдайыны мол берді. Содан сәрсенбінің сәтіне, сәске түс әлеті болған кезде, Байбөрі мен Аналық жолға шықты. Асыл кілем жаптырып, алтын-күміс арттырып, жүрдек келген бір бураны жетекке алды. Қош айтысқан ел-жұрты қызылды-жасылды болып шұбартып, у-шу болып, күндік жерге дейін соңдарынан шұбады. Қадірі артық бай-бәйбішені қия алмай, көздерінің жасын тыя алмай, тілеулестік ниетін демеу еткен қоңсылар іштей оң сапар тілесті.

Байбөрі мен Аналық болса ет жүрегі елжіреп, күн еңкейген кезде бір төбенің басына аял қылды. Соңынан ерген ел-жұртының алды-арты жиналды-ау дегенде, Байбөрі толқу үстінде тіл қатты:

— Уа, елім, жұртым, көз көргендерім. «Баталы құл арымас» дегендей, сендердің осынау ықылас-пейілдерің көкірегіме үміт отын жаққандай. Сол үміт отын белгісіз сапарымның жолына шырақ етіп ұстап, тарыққан шақа көңілге медеу етермін. Жаратқан ием қуанышпен қауыштыруға жазсын. Қош болыңдар!

Байбөрі мен Аналық қалың топтан бөлініп жүріп кетті.

Соңдарында:

«Ниет қабыл болсын»!», «Жолдарың болғай!», «Тәңірім қуанышты күндерге жеткізсін!» — деп шуласқан қалың жұрт қала берді. Қазіргі сәтте ел-жұртының тілеулес ниеті бай-бәйбішеге қанатбітіргендей, көңілдері алып-ұшып, алдағы алыс сапарға, келер күндерге сағынышпен асыға ұмтылған.

Байбөрі мен Аналыктың жолға шыққанына екінші айдың жүзі болды. Үйден қырық қадам шыққан кісіні ғаріп дейтін сөз рас екен. Осынау екі айдың ішінде көрген қиындықты айтып жеткізуге болмас та. Әйтеуір, тәтті үмітті көңілге медеу етіп, қос мұңдық жарыққа ұмтылған көзсіз көбелектей Әзіреті сұлтанға жетуге асыққан. Сонан соң да жақсы ниет жолында біресе аңырап жыласып, біресе күлісіп, ауыздарын ашса, перзенттен басқа сөзі болмай, қиындыққа бастарын байлаған сыңайлары бар. Бұлардың діңкесін құртып, табанын тоздырған жер — Ызғардың қырық күншілік даласы еді. Бұл — көкпектен басқа шөбі жоқ, көкектен басқа құсы жоқ, қаңбақ кезген құла дүз болатын. Не жолы, не асуы жоқ елсіз-күнсіз ең дала алғашқыда бастарын айналдырып, діңкесін құртып, дал қылған. Аналық бәйбіше: «О, тәңірім, қай пиғылымнан осынша азабыңа душар болдым, мұнша неге қинайсың!» — деп, торығып, көзінің жасын көл етіп еді. Байбөрі болса сабыр шақырып, бәйбішесін жұбатып, үміт сапарын жалғай берген. Бір ғажабы: туғаннан бері жоқшылық тауқыметін тартып көрмеген, табаны жерге тимеген, маңдайы күнге күймеген Байбөрі де, Аналық та қандай азап шексе де, бір сәт көлікке мінбей, жаяу жүрумен болды. Көлікке мінсе, осынау ақ тілеулі сапарларына күшрлік ететіндей, Әзіреті сұлтанға қыр көрсетіп, шамына тиетіндей, шын берілген ниеттерін танытқан. Аз күнде екеуінің де жақтары суалып, көзі үңірейе жүдеді. Содан, қыруар қиыншылықтармен Ызғардың даласын артқа тастап, тағы да бірер апта жол жүргенде, нысана еткен жердің шетіне ілігіп еді.

Әдеттегідей жеткен жеріне түнеп, таң қылаң бергенде, жолға шыққан. Бүгін табиғат та өзгеше бір шуақты ашықтығымен көңіл сергіткендей. Көк жүзі жалтыр ашық. Таңғы салқынмен жер танабын өндіріңкірей жүріп алсақ деген ниетпен бұлар ширақ аяңдап, қарсыдағы қоян жон қырқаға шыға келіп еді. Сол сәт алыс көкжиекке көз тастаған Байбөрі қияннан көгере сағымданған Әзіреті сұлтанның күмбезін көрді. Көрді де, бар шеккен азабы артта қалғандай, кәрі жүрегі өрекпіп алып-ұшып, жетуге асықты. Аналық болса, қуаныш жасын көл ғылып: «Е, Тәңірім, ниетімізді қабыл етіп, жолымызды оңғара көр!!»- деп, іштей тәубеге келді. Байбөрі мен Аналық Әзіреті сұлтанның күндік жерден асқақтай көрінетін көк күмбезіне кеш түсе әзер жетті. Сол күні әулиелі мекенді төңіректеп келіп, тізгін тартып, тізе бүкті. Ертеңінде әулиелердің әулиесі Әзіреті сұлтанның көк күмбезіне құлшылық етіп, қызмет көрсететін қожалардың басын қосты да, алып шыққан асыл қазыналарын екі жерге үйді. Бір бөлегін Әзіреті сұлтанның басына байлап, екінші бөлігін қожаларға үлестірді. Сонан соң Байбөрі мен Аналық көздерінің жасы құрғамастан жеті күн бойы құлшылық ұрып, қасиетті орынға түнеп жүрді.

Мұңсыз жанға жеті күн деген, жеті рет ұйықтап оянғандай аз ғана мерзім болғанмен, бай-бәйбіше үшін үміт-тілекке толы, қасірет-күмәні көп жеті күн жеті жылдай болған. Бәрі де тәңірдің бұйрығынан ғой, сол зарығумен өткерген жеті күн ішінде ешқандай нышан сезген жоқ. Бай-бәйбіше бір-біріне жалтақтап: «Не көрдің, не сездің?!» — дегендей, бір-біріне сұраулы үмітпен қарауды шығарды. Әзіреті сұлтанның басына орнаған көк күмбез болса, тылсым жұмбақтықпен мүлгіп, сұсты айбарымен мысты басқандай еді.

«Жазған құлда шаршау жоқ». Телміріп жата берудің қисыны тағы жоқ. Жеті қүн, жеті түн өткенде, Байбөрі мен Аналық үміт-тілекті жетекші етіп, тағы да жолға шықты.

Кәрі Қаратаудың қолтық-қойнауы, бауыр-беткейі қашаннан әулие-әмбиеге мекен болған жер. Киелі зират, қасиетті мазарларды, иманға орда болған көрікті шаһарларды айтпағанда, әрбір тау-тасы, өзен-көлінің нышанасы мол, әулиелі өлке болатын. Сонан соң да жолға шыққан бай-бәйбіше аты мәлім мекенді айналып өтпей, тізгін тартқан сайын тауап етіп, бір-бір түнеп келеді. Дүниенің де бет-жүзіне қарамай қайыр-садақаны мол-мол үлестірген. Әзіреті сұлтанмен есімі қатар аталатын Баба-Атаға да үш күн түнеді. Ол кезде Баба-Ата томпайып қана жатқан жалғыз бесікше болатын. Аналық байғұс дамыл таппай құлшылық ұрып, Баба-Атаның бесікшесін күзетті. Көкірегін өксік қыса жүріп, шын пейілімен ықылас танытты. Байбөрі болса, бар қалған қазынасын сарып қып, әулиеге бағыштап басына байлады.

Бұлар Баба-Атадан шыққанда, осынау бұлыңғыр үмітке иек сүйеген сапарларына тоқсан күн толып еді. Әлі көңілді елең еткізер ешқандай нышан болмай тұр. Жүрген жол, көрген түстеріне дейін көңілге медеу болар белгіден жұрдай. Байбөрі мен Аналық сонда да алған беттерінен қайтпай, табандарынан таусылып ілгері жылжи берді. Бүгін ертеңгісін Баба-Атадан шыққанда, көз ұшында көлбеп жатқан асқар бел көрінген. Бай-бәйбіше тоқтаусыз жүріп отырып, сәске түс әлетінде сол биік сеңгірдің бауыздау алқымына жетіп еді. Сол беттерінде бөлек бір сезім жүр-жүрлеп асықтырғандай, тау басына шыққанша дамыл таппаған.

 

Категория: Дипломдық жұмыстар | Добавил: admin | Теги: Алпамыс батыр туралы, Алпамыс батыр, Алпамыс батыр дипломдық жұмыс
Просмотров: 1465 | Загрузок: 486 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ComForm">
avatar